Облыстық тарихи-өлкетану музейінде аса сирек кездесетін бір қымбат жәдігер тұр. Этнография бөлімінің қызметкері Сағындық Салмұрзиннің айтуынша, Зеңгі бабаның арғы тұқымы саналатын турдың мүйіздерінен қиюластырып жасалған мүлікті он саусағынан өнер тамған шебердің жасағаны бірден аңғарылады. Төрт сирағы, арқасы, шынтақ тіреулері терімен қапталып, қызыл барқытпен тысталған. Оны өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Венера Купкина деген Петропавл қаласының тұрғыны тапсырған көрінеді. Бастапқыда «байдың тағы» деген деректен басқа мардымды ештеңе болмаса, кейін жан-жақты зерттеулердің арқасында Ідіріс Айдарбековтен қалған ескі көз екені анықталған. Мәліметтер бойынша орындық иесі 1849 жылы Құсмұрын дуаны Келтесор болысында (М. Жұмабаев ауданы Майбалық ауылы) туған. 60-қа таяған шағында қажылық міндетін өтеп қайтқан. Ол жетім-жақыбайларға үнемі көмектесіп, қайырымдылығымен аты шыққан. Көзі ашық, сауатты болыс ақтардың қолынан қазаға ұшырайды.
Өлкетанушы Социал Жұмабаевтың жазуынша, әкелі-балалы Айдарбековтер Қызылжар өңірінде 1917 жылы шаңырақ көтерген «Үш жүз» ұлттық партиясын қолдап, демеушілік көрсеткен. Сәкен Сейфуллиннің оларға іш тартып, «Үш жүз» газетін шығаратыны осы тұс. Әр санының бірінші бетіне «Жасасын түрік-татар баласы!» деген ұран басылып тұрған. Үшжүзшілер автономия тек қазақтар үшін мемлекет құру деген көзқарас ұстанып, алаштықтармен жолдары екіге айрылған. Кеңес үкіметіне жан-тәнімен қызмет еткеніне қарамастан Мәлік 1928 жылы Ақтөбеге жер аударылады. Сталинге хат жолдап, Голощекиннің әпербақан саясатын қатаң айыптайды. Алайда, әділдікке жете алмайды. Революциялық комитеттің төрағасы болғанына, бандылармен соғысқанына қарамастан мал-мүлкі тәркіленіп, қудалауға ұшырайды. Жазасын өтеген соң елге оралуға сескенген болу керек, Омбы облысындағы туыстарын паналайды. Үкіметтің құрығы ұзын деген рас-ау. 1937 жылы осы жерде тұтқынға алынып, «халық жауы» ретінде ату жазасына кесіледі. 1958 жылы Омбы облыстық соты төралқасының шешімімен ақталады. ОГПУ-дың жергілікті бөлімшесі оған «Жасы 40-та. Николай заманында болыс болған. Ірі саудагер. Мәскеумен, Петроградпен сауда жасайды. Екі әйелі бар. Экономикалық, саяси ықпалы өте зор» деген мінездеме берген.
Міне, тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған құнды жәдігердің иелері жайлы осындай деректер бар.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Петропавл