31 Қаңтар, 2017

Абайлаңыз, жон арқаңды «көздеп» тұр

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кейде «қолымның сұғанақ­тығы бар» деп қалжыңдаймыз. Оған шынымен сеніп қалатындар да аз емес. Дегенмен, қолымызда ұстап тұрған қаламсапты қалтаға салып, емін-еркін кетіп қалатын әдетіміз бар. Әсілі, бұл кәсіби әдет болса керек. Өйткені, жазу-сызуға бейім жұрттың көпшілігі өзгенің қаламсабын байқамай алып кете береді. Осыны меңзеп әлгі әзілді айтамыз ғой. Ал сіз жаңа жылдық шыршаны безен­дірген ойыншықтарды ұрлаған адамды көрдіңіз бе? Біз көрдік. Осыдан бірнеше күн бұрын жарым түнде әлдебір азамат Қызылорда қаласының орталық алаңында орналасқан шыршадан ойыншық ұрлаған. Оны қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығының кезек­ші-инспекторы бейнекамера арқылы байқап қойған. Өзіне белгіленген аумақты шолу ба­рысында орталық алаң­да орналасқан шыршаның ойын­шықтарын ұрлап, жеке авто­көлігіне мініп, оқиға орнынан ізін суытпақ болған азаматты бірден байқаған инспектор бірден жағымсыз жағдай туралы хабар­лайды. Оқиға орнына дереу полиция жасағы жіберіліп, нәтижесінде 1982 жылы туған қала тұрғыны ұсталды. Бүгінде аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл не енді? Кейінгі кездері ұрлық-қарлықтың көбейгені жайында көп айтылады. Темір тұлпардың төрт дөңгелегін көтеріп кеткендер, үйінде малын айдың-күннің аманында ұрлатып алған жағдайлар, пәтерінен бағалы заттарды жымқыртып алғандар турасында әр жерден естиміз. Ал шыршадағы ойын­шықтарды ұрлаған ұрлықшы хақында бірінші рет естіп отырмыз. Әлде бұл еріккен адамның тірлігі ме? Осы арада мына жағдайды айтқан абзал шығар. Жалпы, Қызылорда облысы орталығында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, орын алған ұрлық қылмыстарын дер кезінде ашу мен жол қозға­лысы ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында адам көп шоғырланатын орындарға бей­небақылау камералары орнатылып, заң бұзушылықтарды анықтауда септігін тигізіп ке­леді. Қалада 272 бейнекамера бар болса, олардың барлығы Қызылорда ҚІІБ-нің Жедел басқару орталығына қосылған. Жыл басынан бері аталған бейнекамералардың көмегімен 8 қылмыстың беті ашылып, 1606 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондықтан заң бұзушылыққа баратын адам жон арқасынан «көздің» қадалып тұрғанын білуі керек. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА