31 Қаңтар, 2017

Кідіріссіз тіркеледі

386 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұсынысымен   жұрт­шылық арасында әрқилы пікірлер тудырған уақытша тіркеу мәселесі  қаралып, талқылауға  қалалық мәслихат депутаттары, білім беру, денсаулық сақтау, көші-қон  мекемелерінің  өкілдері қатысты. Көші-қон полициясы басқармасының бөлім бастығы Ермек Нұсырбаев өз есебінде жаңадан енгізілген онлайн тіркеуі жайлы жан-жақты ақпарат бе­ріп, тұрғындар жиі шатастыратын «тұр­ғы­лықты жер бойынша тіркеу» және «уақытша тіркеу» ұғымдарының ара-жігін ажыратып берді. Уақытша тіркелу үшін тұрақты тіркеуден шығу шарт емес. Мәселен, білім қуып келген студенттер жатақханаға уақытша тіркелсе жеткілікті. Бұған дейін уақытша тіркеу тәртібі халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылып келсе, енді онлайн режімі де қолданылады. Бұл қыз­мет түрлері ірі сауда орындарында, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, Петропавл кәсіптік-педагогикалық колледжінде көрсетіледі. «еgov.kz» «электронды үкіметінің» порталы арқылы да тіркеледі. Оның қызметін пайдаланушылар қатары өсіп келеді. Тұрғындардың жаппай тіркелуіне байланысты халыққа қызмет көрсету орта­лықтарының жұмыс мерзімі ұзарып, де­малыссыз жұмыс істеу режіміне көш­кен. Тәртіп сақшылары мен мейір­би­келер кезекшілік атқарады. Облыстық жергілікті полиция қыз­­ме­тінің бастығы Қанат Айтбаев уақ­ыт­ша тіркеу үдерістері кезінде ешбір ке­лең­сіздіктердің орын алмағанын, алдағы уақытта да кідіріссіз жұмыс істейтінін, ол үшін қосымша шаралар қарастырылғанын жеткізді. Бірыңғай байланыс орталығы арқылы кез келген мәселе бойынша толыққанды жауап алуға болады. Қазір 14 мыңнан астам адам уақытша тіркеуге алынған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы