31 Қаңтар, 2017

Бірлік пен татулықтың мән-маңызын арттыратын бастама

426 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөніндегі Үндеуін талқылау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мен Ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, ҚХА кафедрасының өкілдері, этносаралық қатынастар мәселесі бойынша мемлекеттік қызметшілер мен сарапшылар қатысты. Отырыста реформаның негізгі бағыттары, оның ішінде Президенттің әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету, Президенттің бірқатар өкілеттігінің Үкімет пен Парламентке берілуі бо­йынша Қазақстан Конституциясы мен заңдарына өзгерістер мен түзетулер енгізу мәселесі қаралды. Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына ұсыныстар әзірлеу жайы талқыланды. Жиынды ашқан Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова конституциялық өзгерістер елдегі демократиялық үдерістерді дамытуға ықпал ететінін жеткізді. «Билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөлу Үкіметтің, Парламенттің құзыретін күшейтумен қатар, зор жауапкершілік жүктейді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының Үндеуін азаматтық қоғам жан-жақты талқылап, өз пікірлерін білдіруде.  Президенттің еліміздің өркендеуіне бағытталған жаңа бастамасының табысты жүзеге асатынына сенім білдіре отырып, кездесу барысында маңызды ой-пікірлерді естиміз деп ойлаймын», – деді Ф. Жақыпова. Сонымен қатар, ол Елбасының мемлекеттік билік тармақтарына  реформа жүргізу туралы бастамасы Қазақстанның одан әрі ілгерілеуі мен дамуына оң әсерін тигізеді деген өз пайымымен бөлісті. «Қазіргі таңда 5 институттық реформаның аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары  сәтті жүзеге асырылуда.  Қазақстанның жетістіктерін өңірлік және халықаралық деңгейдегі сарапшылар қауымдастығы мойындайтын болды. Алайда, біздің алдымызда тұрған басты міндет – қол жеткізілген жетістіктерге тоқмейілсімей, алға қарай жылжу.  Ал бұл ретте, мемлекетті басқарудың тиімділігін арттыра түсу керек», – деді Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов бұл Үндеу қабылдана салысымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі халыққа мәлімдеме жариялағанына, сондай-ақ, ҚХА Кеңесі отырысының өткеніне, бұл көп нәрсені аңғартатынына назар аударды. «Президент Үндеуі жариялана салысымен газеттерде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мәлімдемесі шықты. Оның ертеңінде  Ассамблея Кеңесінің отырысы өткізілді.  Міне, бүгін Ассамблея Ғылыми-сарапшылық кеңесінің сарапшылық кездесуі ұйымдастырылып отыр. Бұл нені көрсетеді? Бұл Елбасы Үндеуінен туындайтын міндеттер еліміздегі қоғамдық келісімнің, этносаралық бірліктің, татулықтың, достықтың мән-маңызын бұрынғыдан да арттыра түсетінін көрсетеді», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты. Бұған қоса, Сауытбек Абдрахманов тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесі қалай жүзеге асқанына, жалпы, сол кездегі тарихи кезең жайына тоқталып өтті. «Мен сол жылдарда атқарған қызметіме байланыс­ты тәуелсіздіктің таңсәрі шағынан мемлекетті басқару ісінде қандай қадамдар жасалғанын жан-жақты білетін адаммын.  Сол кездегі Парламентке біраз өкілеттіктер берілген болатын. Бірақ, ол кезде бұл шешім билік тармақтары арасындағы келіспеушілікке, жөнсіз бәсекелестікке әкеліп соқтырғаны мәлім. Бұл коллизия 1995 жылы қазіргі Конституцияны қабылдаумен, онда президенттік билік нысанының Ата Заң деңгейінде шегеленіп айтылуымен шешілді. Содан кейін Қазақстан өз дамуының жаңа белесіне шықты. Ал енді жаңа тарихи жағдайда Президенттің өз өкілеттігінің біраз бөлігін Парламентке беру мүмкіндігі айтылып отыр. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық жолынан кейінгі Үкімет те өзі шешім қабылдап, өзі жүзеге асыратын, соған өзі жауап беретін деңгейге еркін келіп отыр.  Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасында біздің мемлекеттік тәуелсіздігіміздің мызғымайтындығы жөнінде арнайы атап жазылуы өте-мөте маңызды. Бұл біздің елдігімізге сенімді біржолата бекітіп беретін ұлы шешім болып шығады», – деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ, кездесу барысында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков бұл бастаманың астарында елдің демократиялық дамуға бету алушылық үрдісі көрініс тауып отырғанына, ал мұндай жағдайда билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің сақталуына айрықша мән берудің маңызына тоқталса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық  кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел мемлекеттік басқару саласының тетіктеріне, билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді бөлудің тиімділігіне қатысты  өздерінің түйінді ойларын ортаға салды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»