31 Қаңтар, 2017

Назарбаев Үкіметке “Сандық Қазақстан” құруды тапсырды

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын. Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек», – деді Елбасы. Президент мәлім еткендей, коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырды. “Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек. Біз жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркі базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамытуымыз керек. Екінші кешенді міндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек. Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар”, – деді ол.