31 Қаңтар, 2017

Бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінде өңірлер мен қалалар рейтингі енгізіледі

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі - елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Бұл туралы бүгін жарияланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылды. «Бұл - өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет. Біріншіден, менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті. Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек», - деп тапсырды Елбасы. Президенттің айтуынша, Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуы керек. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны - бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болады. «Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты. Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек. Сондай-ақ, бизнестің қазіргі қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді. Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін», - деп тапсырды Елбасы. Н. Назарбаевтың айтуынша, әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек. Осы орайда елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу маңызды. Бұл тұрғыда үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындалмақ. Ол жылына бір рет Индустрияландыру күнінде табыс етіледі.