31 Қаңтар, 2017

Үкімет пен ҰҚК "Қазақстан киберқалқаны" жүйесін қалыптастырады

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне "Қазақстан киберқалқаны" жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Президенттің айтуынша, киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде. "Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді. Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады", - делінген Жолдауда. Мұнымен қатар, діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек екені айтылады. "Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке "мүлде төзбеушілікті" қалыптастыру керек. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек", - деді Елбасы. Сонымен қатар ол бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет екенін айтты. Осы шараның барлығы Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуі керек.