Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Президенттің айтуынша, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. "Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз", деді Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында.
Нұрсұлтан Назарбаев осы мақсаттарға қол қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырмалар берді.
"Біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;
екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек;
үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;
төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек;
бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;
алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.
Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын", деді Президент. Сонымен қатар Елбасы бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет екенін атап өтті.