Ford Motor компаниясының жетекшілері кіші Билл Форд пен Марк Филдс және Goldman Sachs бастаған ірі америкалық компаниялардың басшылығы президент Дональд Трамп саясатына қарсы наразылықтарын білдіруде, деп жазады investing.
"Біз бизнестің корпоративті құндылықтарына қайшы келетін саясатқа түбегейлі қарсымыз", - делінген кәсіпкерлердің президент саясатына қарсы жазылған үндеуінде.
Трамптың көші-қон саясатынан кейін доллар құны төмендеп, елдегі ірі компаниялардың акциялары құнсызданып жатқаны белгілі.
Естеріңізге сала кетейік, Трамп өткен апта Таяу Шығыстағы жеті мұсылман елдерінің азаматтарын АҚШ-қа кіруіне шектеу қойған еді.
Goldman Sachs инвестициялық банкінің басшысы Ллойд Бланкфейн банкирлердің ішінде болып алғаш наразылығын көрсеткен тұлға. Ал Starbucks компаниясы Трампқа наразылық шарасы ретінде әлем бойынша 75 елдегі өзінің бөлімшелерінде 10 мың босқынды жұмысқа алатынын мәлімдеді. Uber басшылығы да президенттің қаулысына қарсылығының белгісі ретінде осы мәселені Ақ үйдегі жиында қайта көтеретінін айтты.
Компания өкілдері сын айтқанымен, тікелей Трамп өзіне қарата ешқандай қарсы мәлімдеме жасамай отыр.
Мәселен, United Parcel Service пошта қызметі "елдің қауіпсіздігіне бағытталған саясатты қолдағанымен, азаматтардың емін-еркін шет елге кіруін де қолдайтынын" айтты.
General Motors кадр бөлімі қызметкерлерінің барлығына компаниядағы азаматтардың әр алуандығын құрметтейтінін айтып хат жіберді.
United Auto Workers автоиндустриясы қызметкерлері кәсіподағының басшысы Дэннис Уильямс адамзаттың нәсілі мен ұлтына қатысты алалаудың дұрыс еместігін айтып мәлімдеме жасады.
Ал Tesla Motors жетекшісі Илон Маск әлеуметтік желі арқылы президенттің әлгі қаулысына айтарлықтай өзгеріс енгізу керектігін айтты.
Дегенмен, бизнес әлеміндегі ірі компания өкілдері мен алпауыт қаржыгерлер әзірге үнсіз отыр.
Bridgewater Associates, Renaissance Technologies, Millennium Management, Two Sigma Investments секілді ірі фирма өкілдері журналистерге осы мәселеге қатысты пікір беруінен бас тартты.