31 Қаңтар, 2017

Абылай Мырзахметов кәсіпкерліктің дамуына кедергілерді атады

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Индустриялық аймақтардың жұмысы кәсіпкерлердің көңілінен шықпайды. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Расын айтсақ, кәсіпкерлердің барлығы да жергілікті жерде, нақты бір аймақта қызметін жасайды. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті дамытудағы міндеті, жауапкершілігі Жолдауда нақты айтылған. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлікті дамытуға жергілікті билік те қатысып жүрді. Бірақ, байқасаңыздар жергілікті билік көбінесе әлеуметтік салаға мән береді», - деді ол. Басқарма төрағасы осы ретте жергілікті кәсіпкерліктің дамуына кедергі болатын жайттарды да ашып айтты. «Біздің әр ауданға дейін филиалымыз бар. Сондықтан жергілікті жерлердегі кәсіпкерлік жайынан хабардармыз. Таяуда Елбасының қабылдауында болғанымызда да баян еткенбіз. Жергілікті жерлердегі кәсіпкерлердің толғандыратын мәселенің бірі - жер. Жергілікті жерлерде жер телімдерінің кәсіпкерлерге еш кедергісіз, қағазбастылықсыз, ашық, жария түрде берілуі әлсіз жүруде. Өкінішке қарай онлайн алаңдар дұрыс жұмыс істемеуде. Екінші мәселе құрылыс салуға қажет құжаттарды алудағы қиындықтар болып отыр. Мұнан бөлек кейбір салықтар да бар. Қазір бізде 60-қа жуық индустриялдық аймақ жұмыс істеуде. Бірақ олардың жұмыстары кәсіпкерлердің көңілінен шықпайды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары бар. Олардың жұмыстары да кәсіпкерлер үшін көмескі», - деді Мырзахметов. Яғни, оның пайымынша, жергілікті әкімдіктердің қолында кәсіпкерлерге саналуан ауқымды құралдар болғанымен тиімсіз болып отыр. «Өткен жылы біз 6 облыста ілкі жобаны жүзеге асырдық. Осы ретте Қызылорда, Маңғыстау облыстары әкімдіктеріне ризашылығымды білдіргім келеді. Олар кәскерлікті дамытуға бөлінген қаржыға таласпай, оны кәсіпкерлер палатасына берді. Ол ақшалар 100 пайызға дейін қайтарылуда. Мәселен, Маңғыстау облысында жергілікті бюджеттен де қаржы бөлініп жатыр. Мұнан шығары әр әкімнің рейтингі болуы керек. Біз екінші жыл ондай рейтинг дайындап, сәуір айында жариялаймыз. Онда 5 сала бойынша әкімнің атқарып отырған жұмысы бағаланады», - деді Мырзахметов.