01 Ақпан, 2017

Бұл Жолдау бұрынғыдан өзгерек

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Наубат

Президенттің биылғы Жол­дауының, біздің пайымдауымызша, жауапкершілігі мен талап­тары тіпті ерекше. Әңгіме еліміз­дің экономикалық дамуын техно­логиялық рельстерге қою арқылы технологиялық жаңғырту туралы болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев ұсынған цифрлық технология, 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перс­пективалы салаларды дамыту – соны да аса күрделі талаптар. Және бұл өзгерістердің барлығы еңбек өнімділігін арттыруға тиіс. Технологиялық жаңғырудың бел ортасында шешуші басымдықтардың бірі – адами капитал сапасын жақсарту екендігіне Президент тағы да назар аударды. Яғни, индустриялық революцияға ену, ілесу, оның игіліктерін игеру, олардың еліміздің өндірісіне енгізілуі, сапасы тағы да адамға, кадрларға байланысты. Осы ретте, Жолдауда айтылғандай, білім саласын экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды – мәселенің жаңаша қойылысы, мүлде соны, ерекше де нақты талап деп қабылдау қажет. Бұл – өндірісшілер мен жұмыс берушілер де өз дамуының, өсуінің жаңа моделін жаңа сапаға, деңгейге көтеріп, өз саласының болашағын, бәсекеге қабілеттілігін бүгінгі кәсіптік білім саласынан іздеп, жаңа байланыс­тарды қазірден қалыптастыруы, кадрлардың жаңа буынын әзірлеуге өздері де түбегейлі бет бұруы қажет деген сөз. Президенттің жаһандық, технологиялық жаңғырудың келелі де күрделі мәселесін айқындай, сараптай ұсына отырып, осындай ахуалда – индустриялық революция жағдайында да елімізде қазақ тілінің басымдығы сақталады, келешекте оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді деген түбегейлі, орнықты, ашық пайымы көңілге сенімді оптимизм, мақтаныш ұялататындығын ашық айтқым келеді. Елбасы технологиялық серпіліс, секіріс, жаңару кезеңіндегі қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажеттігіне назар аударуы келешекте ауыл жастарының білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттігін арттырары сөзсіз. Жолдаудағы Президенттің жоғары білім беру жүйесі сапасына, жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталуы деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажеттігі туралы ойлары бұл саланың ең өзекті, ең көкейкесті мәселелерін дөп басып, айқара көтеруі осы саланың басшылары мен тиісті министрліктің қатеріне айқындаушы бағдар екендігін жоғары мектептің байырғы қызметкері ретінде толық мақұлдаймын. Осы бір түйінді, тұжырымды жолдарда саланың ең күрделі де қат-қабат проб­лемалары жатыр. Сондай-ақ, бұл Жолдауда ел ішіндегі қауіпсіздік ахуалын жақсарту, оны діни экстремизмнің алдын алу арқылы жүзеге асыру, діни қарым-қатынас саласындағы радикалдық көзқарасқа байланыс­ты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру мәселесінің көтерілуі де өте өзекті. Экономикалық жоспарларды жүзеге асыру үшін елімізге ішкі тыныштық керек. Мемлекетімізге сырттан таңылып отырған діни экстремизмнің басты объектісі – жастар. Бұл проблемаға ең алдымен бүкіл қоғам, ең алдымен, әр ата-ана, отбасы бетбұрыс жасауы керек. Баланың дүниетанымы, талғамы, көзқарасы ең күрделі, ең нәзік мәселе, себебі, оның артында ел, ұлт тағдыры тұр. Оны қалыптастыру, жас ұланды ұлтқа, елге қызмет етер азамат етіп тәрбиелеу ата-ананың төл, адамдық борышы. Онда қоғамның, ұлттық түпкілікті мүддесі бар. Ол, сайып келгенде, елдің ішкі қауіпсіздігіне, ел, ұрпақ тыныштығына қосылар үлес. Мен Жолдаудан осыны түйдім. Осыны басқалар да бағамдап, па­йымдаса деймін. Президент Жолдауынан алғаш пайымдап, оқығандағы ойға ұялаған алғашқы ұшқыр ойлар осындай. Жолдау қойған міндеттер тым күрделі де нақтылы. Оны жүзеге асыру – елдікке, әр деңгейдегі мемлекеттік органдар басшылығына сын, әр азаматқа қастерлі парыз.

Нәубат ҚАЛИЕВ,  

Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің профессоры