Кәдімгі Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған әйгілі Ақкөл көлінің жағасындағы Қарасу, Ақкөл ауылдарының тұрғындары соңғы күндері алаңдаулы. Қорасындағы сиырының құлағы кесілмеген үй кемде-кем болып тұр. Қарасу ауылындағы 17 үйдің қорасынан 46 сиырдың құлағы шұнтиып қалды. Сәбит Мұқанның он сиырының құлағы кесілген. «Сиырға құлақ керек емес болса, оны Алла тағала да жаратпас еді-ау. Жазда шыбынын қағатын құлақтан айыру малға азар берумен бірдей» деп отыр ауылдастар.
– Таңертең қораға кірсек, малдың жартысының құлағы кесілгенін байқадық. Алғашында тіпті өз көзімізге өзіміз сенбедік. Біздің малдың ені бұлай емес еді ғой деп ойладық, байқай келсек, құлағы бірдей кесілген сиырымыз он басқа жетті ғой. Бірақ көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң, кімнен көреріңді білмейсің, – дейді Әсел Мұқан. Ең қызығы, еш жерге және малдың үстіне бір тамшы қан тамбаған, құлақ бұрын кесілгендей, жара орны да білінбейтін көрінеді. Алғашында кесілген құлақты сол жерге тастап кететін болған, кейіннен қалдырмайтын болыпты. Жезде, қайыны болып әзілдеспесе көңілі ортаятын ауылдың қылжақпастары дейін десе, бір үй емес, жиырма шақты үйдің малы құлақтан айырылды. Әрине, малға азар беру әзіл-қалжыңның орны да емес қой.
Малмен күн көріп отырған ағайын түнде күзетіп, таңертең көзін уқалап аша сала, қорасына жүгіретін болды. Осы жағдайдан қазір ауылдық округ, жергілікті полиция қызметі де хабардар. Алайда, сиырдың құлағын кескеннің ізі де табылған жоқ. Ауылдастар кімнен көрерін білмейді. Полиция «құлақ кесетін қожаларды» іздеумен айналысқалы ауыл сиырларының құлағы да әзірге орнында тұрған көрінеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы