Қазақ ұлттық кино өнері мен театры саласының майталманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, аты аңызға айналған тұлға Асанәлі Әшімовтің есімі аталса, елең етпейтін қазақ жоқ. Ол – ұлт мақтанышы, Алаштың ардақты тұлғасы. Қазақтың мемлекеттік академиялық М.Әуезов атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі. Еңбек жолында халықтың ерекше пейіл-ықыласына бөленген Асанәлі ағамен сәті түскенде сұхбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
– Құрметті Асанәлі аға, сіздің кинодағы еңбек жолыңыз туралы айтылған кезде ең алдымен, әрине, «Қыз Жібек» фильміндегі ойнаған Бекежан рөліңіз туралы айтылады екен. Содан әрмен қарай «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Шоқан Уәлиханов» сияқты көптеген тамаша фильмдеріңіз жалғасып жатады. Ал «Жаушы» фильміндегі Қаражал есімді кейіпкеріңіз жайлы ешқайдан кездестіре алмадық. Сондықтан осы бейнені қайтадан көрерменнің ойына оралтсақ, қалай қарайсыз?
– Шіркін, Абай еліндегі Арқаттың тауларын-ай, деймін осы фильмімді көрген кезде. Әрине, осынау аңызға айналған фильмді көрерменнің ойына оралтуға еш қарсылығым жоқ. Қаражал туралы айтсам, ол мен үшін екінші Бекежан сияқты болды. 1979 жыл. Қырыққа таяп қалған кез. «Жаушы» фильмі жазушы Әнуар Әлімжановтың кітабы бойынша түсірілген. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов барлық кейіпкерлерді арнайы сынақтан өткізіп, сақадай-сай даярлап қойса керек Қаражалдың рөліне адам іздейді. Оның ойына, әрине, мен түскем. Нақтырақ айтқанда, Бекежан бейнесін сәтті сомдағаным себеп болса керек. Содан қолқа салды. Қазіргі заман тілімен айтқанда, кастингтен өткеннен кейін, Қаражалды мен ойнайтын болдым. Жамбыл Құдайбергенов-Кенжені, Өзбекстаннан шақыр-
ылған актриса Альмира Исмаилова-Сәнияны, Тұңғышбай Жаманқұлов-Әбілхайыр ханды, Кененбай Қожабеков-Манай би, Ыдырыс Ноғайбаев-Қанжығалы қарт Бөгенбайды, Лхасаран Линховоин-қалмақ Шона Добаны ойнады. Киноның түсірілімі керемет болды. Бір жарым айға созылды. КСРО-ның кезеңі. Кино түсіремін дегенге обкомдағылар құрақ ұшып, барлығын дайындап қояды.
Абай ауданына, Абай шығып билік айтқан дөңгелек тасы бар Арқатқа келдік. Арқаттың таулары, Қопаның тау-тасы, құз-жартасы керемет еді. Біздің жігіттер киноға түсумен қатар Арқат тауларынан мумие теріп қайтты. Бір қарасам, Кенже рөліндегі Жамбыл Құдайбергенов қалпағына толтыра мумие жинап алыпты. Табиғат керемет еді. Қопа көліне түсеміз. Сол Қопа көліндегі кейпім фильмде Сәниямен бірге ойнаған сәттерімде бар. Әсіресе, Әзірбайжан Арқат тауларын режиссер ретінде қатты ұнатты. Тау-жартас, қалмақ-жоңғар соғысының қайнап тұрған сәтін керемет келтіруге табиғаты жағынан тамаша үйлесе кетті.
– Асанәлі аға, сізбен бірге бүкіл Абай елі болып сол киноға түскеніміз ойыма оралып отыр. Түсіру алаңына барғанда да, қайтқанда да сіз осы елдің ақсақалдарымен әңгімелесіп бірге отыратынсыз, тіпті сондағы көліктеріңіз «Икарус» автобус та емес еді. Жеке көлікті керек етпейтінсіз. Осы қарапайымдылығыңыздың сыры неде?
– Абай елінің халқы керемет қой. Нағыз қонақжайлық, бауырмалдық осы елде сақталған. Ол кездері сол ауыл автоклубынан, жергілікті атқарушы биліктен бөлінетін автобустар болды. Ат-көліктің бәрі де жергілікті биліктен дайындалды. Әзірбайжан Мәмбетов айтқандай, қалмақ-қазақ соғысы кезіндегі халықтың шынайы кейпін сомдау үшін ұлы Абай елінің барлық тұрғындары тартылды. Абай елінің халқы да керемет, өнер десе ішер асын жерге қояды. Шетінен әнші, биші, жыршы. Өңкей абыз, дуалы ауыз қариялар. Менің қарапайымдылығым – ол қазақ болып туып, өмірден қазақ болып өтетіндігімде шығар. Өнерді қатты құрметтейтін, сені актер ретінде алақандарына салып, аялаған, төріне шығарған Абай ауданы сияқты елді көргенде сен де беріліп ойнайсың. Бекежан – екінің біріне көне қоймайтын образ. Қаражал да дәл солай. Қазаққа қызмет еткен болып жүріп, қалмаққа сатылу осының барлығы да айтуға оңай болғанмен, образды суреттеп, рөлде ойнаған кезде ерекше шеберлікті қажет етеді. Кейде киноның қызығына түсіп кетіп, Арқатта тау ішінде түнде қонып та қалған кездерім болды. «Үш келіншек», «Күйметас» дейсіз бе, тауларының аттары керемет. Әзірбайжан екеуміз бір-бірімізге үйренген адамдармыз. Мен еркін жұмыс істедім. Ешқандай қысым болған жоқ. Фильм де сәтті шықты. Қазақстан ғана емес, бүкіл одақ көрген, ел мақтаған үздік туындыға айналды.
– Аға, байқап қарасақ, қазақ халқына XVII-XVIII ғасырда жасалған жоңғар шапқыншылығы, олармен күрескен қазақ батырлары туралы фильм сонау 1979 жылы түсірілген екен. Тіпті бұл Кеңес үкіметі тұсында, қазақ тарихының көп белестері жабық жатып, көп нәрсеге тыйым салынған заман болса да, көрермен ерекше жылы қабылдады.
Жақында ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Десек те, көркемдік жағынан «Жаушының» деңгейіне жететін фильм бізде әлі жоқ сияқты. Осыған не айтасыз?
– Шыны керек, жақсы драматургия жетіспейді. Жақсы кітап жазатындар жоқ. Режиссерлер де тапшы. Менің ойымша, театр байқаулары мен фестивальдар өтіп тұруы керек. Осы арқылы драматургия дамиды. Өз әдебиетімізді шебер сахналауға ұмтылуымыз керек. «Қобыланды батыр» жыры – Шекспир шығармаларымен деңгейлес туынды. Ал оны сол деңгейде бере білу – бөлек әңгіме. Актерлердің талантына да көп нәрсе байланысты. Ә.Молдабеков, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев сынды таланттардан құралған шоғыр бар еді қазақ киносында. Бір-бірімізді сөз тұрмақ, ыммен ұғысатынбыз. Біздің заманымызда Мәскеуге барып, оқып келіп, шеберлігімізді шыңдайтынбыз. Семейдегі Бекен Имаханов аталарыңмен бір бөлмеде тұрдым студент кезімде. Бүкіл одаққа есімі белгілі адамдардың көзін көріп, сабақ алдық. Мектебіміз ғажап еді. Станиславский мектебінің өзі не тұрады?! Бір айдың ішінде спектакльді дайындап шығару деген бұрын-соңды жоқ еді. Баяғыда бір драманы 6-7 ай көз ілмей дайындайтынбыз. Бір спектакльді қатарынан екі жыл дайындаған да кездер болды. Содан болар Бекежан да, Қаражал да қарақшы емес, дала батырлары ретінде танылды. Францияда «Қыз Жібектің» таныстырылымы өтті. Ондағылар француздардың шыдамсыз екенін айтып ескерткен-ді. Бірақ үш сағат бойы мың адамның біреуі де орындарынан қыбыр етпеді.
Кино саласын айтсақ, Шәкен Аймановтың тұсында тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл одақта, тіпті, әлемде кино-өнер ретінде қатты дамыды. Ал қазіргі компьютерлік графика дәуірінде кино көп өзгеріске ұшырап отыр. Ол кезде «Жаушы» фильміндегідей бір соғысты көрсету үшін мыңдаған адамды тартып, қол жинау керек болатын. Қазір миллиондаған армияны компьютердің көмегімен киноға кірістіре салады. Сондықтан да «Қыз Жібек», «Жаушы» сынды шынайы керемет туындылар бүгінде жоқтың қасы.
– «Жаушы» фильмі көрерменге жиірек көрсетілсе деген тілекті естіп қаламыз ара-тұра. Сол фильмдегі Сәнияның рөлін ойнайтын өзбек аруы Альмира Исмаилова әу баста атқа отыра алмаған дегені рас па?
– Ол рас, бас кезінде Абай ауданының ауыл-ауылдарынан әкелінген небір сәйгүліктер болды. Шетінен шу асау. Бірақ Альмира мықты актриса болғандықтан атта бұрыннан шауып жүрген адамдай болып көрінді. Кейіннен Алматыдан басты кадрлер үшін әдейі омақаса құлай кететін, киноға қолайлы ипподромның, цирктің аттарын алғыздық. Сөйтіп жүріп, Альмираны нағыз қазақ қызындай, шабандоз жасай алдық. Ол да заманынан асып туған актриса еді. Таудың үстінде жатып, оны кендір жіпке байлап қойып төмен түсіп бара жатқан менің арқанымды жартасқа қажап-қажап, құлатып жіберетін тұсы қандай әсерлі. Әрине, режиссер мықты, «Жаушыдағы» актерлер де мықты, бізді қарсы алып, фильмге түсуге барлық жағдай жасаған Абай, Шәкәрім, Мұхтар елі де қастерлі. Сондықтан да бұл фильм тарихта дүние жүзіндегі ең танымал, ең көп прокат жинаған кино болып қалды. Алла маған бақ берген адаммын, құдайға шүкір Бекежан, Қаражал сияқты рөлдердің арқасында халықтың сый-құрметіне шексіз ие болған жайымыз бар.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ – АЛМАТЫ