05 Сәуір, 2011

Азаматқа сенім арттық, енді соңынан ерейік

397 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың соңында тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 20 жыл тола­ды. Бұл өзі ғасырға бергісіз, жарқын оқиғаларға толы ұлы кезең болды десек, әсіреқызыл сөз емес. Рас, егемен ел атанып, шаңырағымызды көтеріп, уы­ғы­мызды нықтай бастаған сәтте өтпелі шақтың қиындықтарынан да шет қал­мадық. Дес бергенде алғашқы онжыл­дық соңына қарай еңсемізді тіктеп үл­гердік. Сөйтіп, аз ғана уақыт ішінде әлемдік қауымдастыққа Орталық Азияда жаңа тұрпатты мемлекеттің пайда болғандығын мойындата білдік. Ал соның бәрі егемен еліміздің тұң­ғыш Президенті Н.Назарбаевтың ішкі және сыртқы саладағы сарабдал саясатының жемісі екендігіне қазірде ешкім­нің дауы жоқ. Яғни, ел ішінде ең алдымен бірлікті қалып­тастырып, тұрақ­ты­лық­тың тұғырын нықтай білген Ел­басымыз одан кейінгі жерде өзінің сыртқы мәселелерде де сұңғыла сая­саткер екендігін таныт­ты. Бұл орайда басқасын айтпағанда, Астанада әл­сін әлі өтіп келе жатқан діни келісімдерге арналған алқалы жиындар мен күні кешегі ЕҚЫҰ саммиті айқын дәлел болса керек. Ал одан кейінгі жерде ел мерейін аспандатқан қысқы Азиада өтті дүр­кі­реп. Енді, міне, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қар­саңында барша қазақ­стан­дық­тар бір ту астында топтасып, өз таңдауын білдірді. Мен бұл арада күні кеше ғана зор ұйымшылдықпен өткен кезектен тыс Президент сайлауын ай­тып отырмын. Ал осының бәрі еліміздегі тұрақ­тылықтың, береке-бірліктің ар­қасы деп білемін. Әйтпесе, тәуелсіз­дік­ке қол жеткізіп тұрып, сондай бақыттан айы­рылып қалған мемлекеттер де болған. Сондықтан басымызға қонған бағы­мызды бағалап, барымызды базарлай білейік деймін. Осыған орай сексеннің сеңгіріне көтерілген шағымызда өткен­ге көз жібере отырып, ой толғағанды жөн көрген едім. Және соның бәрін өзім куә болған оқиғалар мен жергілікті мы­сал­дар негізінде қозғағаным дұ­рыс болар. Нұрсұлтан Әбішұлын ең алғаш рет бетпе-бет 1989 жылдың күз айында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің алтыншы сессиясында көрдім. Бұл кезде бейнелеп айтсақ, біз базардан қайтып келе жатсақ, Нұрекеңнің базарға енді келе жатқан дер шағы еді. «Қаңғып келген шүрегей көлге пана бола алмай» ұшып кеткен соң еліміздегі билік басына жалындаған, жүзінен нұр төгілген өз азаматымыздың келуі баршамыздың мерейімізді тасытқан. Соның әсері де болар, және республика Жоғары Кеңесінің екі шақырылымына қатарынан екі рет сайланып, өзімді сақа депутат сезінгенім де шығар, маған сөз берілгенде аттың басын жіберіп, еркін көсілдім. Бұл кезде кешегі қасаң түсініктерден арылып, қоғамды демократияландыру үрдісі қолға алынып жатқан шақ еді ғой. Соған орай кеңестердің рөлін арт­ты­ру мәселесі күн тәртібіне шыққан-ды. Сондықтан өз сөзімді сол кездегі республика Жоғары Кеңесі Прези­диуы­мының төрағасы Мақтай Сағдиевқа қа­рата айтып, кеңестердің рөлін көтеруді ең алдымен осы сессияның беделін кө­те­руден бастау керек дедім. Одан ар­ғы­да формализмнің жойылмай отырғанын, осындай сессияларға он жыл бойы қатысып, ауыл адамдарының көкейкесті мәселелерін қанша көтергенімізбен көп­теген министрлердің қалғып-шұлғып отыратынын, бір де біреуі сол мәсе­ле­лерді қағазға түртіп алмайтынын айт­тым. Бұдан соң биік мінбердегі мүм­кіншілікті пайдалана отырып, ядролық сынақ зардаптары мен хакім Абайдың тақап келе жатқан 150 жылдық торқалы тойына байланысты атқарылуға тиіс шаралар туралы жеріне жеткізіп айтуға тырысып бақтым. Содан үзіліске шықтық. Мақтай Ра­мазанұлы Семей педагогика инсти­ту­тының түлегі еді. Сол себептен де ертеден таныстығымыз бар болатын. Үзі­лісте амандасып, сәлемдесіп жатқанда ол кісі мені қасындағы Нұрсұлтан Әбіш­ұлына жете таныстыра келіп: «Жа­ңа мы­на кісі өз сөзінде қатырды ғой» дегені. Нұрекең ойланып тұрмастан дереу: «Қа­тырды дегеніңіз аз, көкелерін көзде­рі­не көрсетті ғой» деп риясыз жымиып кү­ліп алып, ризашылығын білдіріп жатты. Сонда жаңа басшының сөз парқына үңіле білетіндігіне разы болып қалған едік. Мұндай қолдаудан соң кез келген адам қа­наттанып, көңілі марқайып қа­латыны рас қой. Келер жы­лы Мәскеуге коммунистік партияның ең соңғы съе­зі­не делегат бо­лып қатыс­қан­да ядролық сынақ зар­дап­тарын айтып, соған бар­шаның көзін жеткізу мақ­сатымен микро­фон­ға ұм­тылғанымыз да сон­дық­тан. Съезде бұған дейін тек Чернобыль апа­ты ту­ра­лы ғана айтылып жатқаны жанға батқанын қайтіп жа­сырарсың! Әйтеуір, дес бер­генде ядролық сынақ зардап­тарын жою туралы біздің ұсыныс та өтіп, съезд қарарына ілікті. Бірақ бұл тіптен де сонымен барлық мәселе шешілді деген сөз емес-ті. Ендігі жерде осыдан жыл жарым жыл бұрын арқалы ақынымыз Олжас бас­таған «Невада-Семей» қозғалысының жұмысын одан әрі жандандыру қажет­тілігі туын­да­ды. Осы тұста Семей облысының бірінші басшысы Кешірім Бозтаев одақ­тық әскери ведом­ство­лар­ға қарсы атойлап ұрысқа шықты. Ал соның бәрінде қай-қайсымыз болма­сын Нұрекеңе арқа сүйедік. Ол кісі болса, осының арты қалай болады деместен, жігерімізді жани түсті. Осы ор­айда өз басым ақын мен әкімнің, яғни Олжекең мен Нұрекеңнің арасындағы ежелден қалыптасқан өзара түсіністік пен сыйластыққа және соның бүгінгі күнге дейін ұласып келе жатқа­ны­на дән ризамын. Төртеу түгел болса, тө­бедегі келеді дейді халқымыз. Елба­сы­мыздың ел ішінде бірлік пен тұрақ­ты­лықты қашанда ту етіп көтеріп келе жатқаны да сондықтан ба деймін. Ел­ба­сымыз бұл мәселеге ақыр соңында өзі нүкте қойды. Яғни, Нұрекеңнің республика Президенті болып сайлан­ған­нан кейінгі жерде алғашқы Жарлық­та­рының бірімен «ажал аждаһасы» атан­ған Семей атом полигонын жапқаны тарихи шындық. Қазақстан Прези­дентінің ұсы­­ны­сымен, Біріккен Ұлттар Ұй­ы­мы­ның бекітуімен бұрнағы жыл­дан бастап Семей атом полигонының жабыл­ған күні – 29 тамыздың Ядролық сы­нақ­тарға қар­сы халықаралық іс-қимыл күні деп жа­рия­ланғаны да көп нәрсені аңғартса керек. Иә, қазір бәрі айтқанға ғана оңай. Олай дейтініміз, Семей атом полигоны жабылған шақта Одақ әлі тарамаған-ды. Ал жыланды қанша кессең де кесірткелік әлі бар екені рас қой. Соған қара­мастан, Тұңғыш Президентіміз тың шешім қабылдап, батыл қадамға барды. Және осы шешімімен әлемдік қауым­дас­тыққа өзін мойындата білді. Соның игілігін қай мәселеде болмасын, іле-шала көріп жаттық. Айталық, хакім Абай­дың 150 жылдық торқалы тойы сонау тоқсаныншы жылдардың орта­сындағы қиын кезеңде, егеменді­гі­міз­дің елең-алаң шағында әлемдік дең­гейде, ЮНЕС­КО шеңберінде атап өтілгені белгілі. Негізінде 150 жылдық мұндай дата жоғарыда аталған мәрте­белі ұйым­ның күнтізбесіне енбейді екен. Соған қарамастан, Елбасы­мыз­дың беделі арқа­сында ел тілегі қабыл болып, данышпан ақын тойын әлем­дік деңгейде атап өтуге мүмкіндік туды. Осы арада шекара жағдайын мы­салға келтіре кетсем деймін. Басқасы басқа, шекара мәселесі бұрынғы қы­зыл империя тұсында өз шешімін то­лықтай таппаған-ды. Соның салда­ры­нан Қиыр Шығыста Дамаск, біздің елімізде Жалаңашкөл оқиғалары ор­ын алды. Солайша ғұмыры жетпіс жылға созылған кешегі кеңес зама­нын­да нүкте қойылмаған бұл мәселе еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң-ақ өз шешімін тауып жатты. Ал бұл да ұлт Көшбасшысының көреген саясатының арқасында мүм­кін болған шаруа. Оны да алаңдамай өмір сүруіміздің бір кепілдігі десек әбден болады. Бұл туралы өткенде ел газеті «Егеменде» «Шекарамызды ше­гендеуші» деген мақаламда тара­тың­қырап жазғаным да бар. Сон­дық­тан ондағы сөзімнің бәрін қайталап айтпай-ақ қояйын. Десе де тұңғыш Президентіміздің шекара мәселесін­дегі қажыр-қайратын еш уақытта ұмы­туға тиіс емеспіз. Келесі бір сөз кезегінде ана бір жылдары оңтайландыру саясатымен еліміз бойынша көршілес біраз об­лыстардың қалай біріктірілгені тура­лы айтпай кетуге болмас. Сол тұста Семей облысы таратылып, көршілес Шығыс Қазақстан облысының құра­мына енді. Бұған сөздің шындығын айтайық, семейліктер қуана қойған жоқ. Өйткені, сол кезде көбіміз бұл саясаттың негізгі астарын түсіне ал­мадық. Енді, міне, өмірдің өзі Ел­ба­сының бұл шешімінің дұрыс болған­дығын дәлелдеп отыр. Яғни, облыс орталығы Өскемен қазақылана бас­та­ды. Соның нәтижесінде хакім Абай­дың ескерткіші ешқандай ың-шың­сыз Өскеменнің төріне барып жайғасты. Оның бер жағында, міне, шығыс өңі­рінің нәрлендіруші аймаққа ай­нал­ғанына да біраз жыл болып қал­ды. Өскемен жағында Өскемен – Шар, ал Семей өңірі жағында Ақсу –Де­гелең темір жол тармағының са­лы­нуы ел өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Семейдің өз басына келетін болсақ, ерке Ертіс жағасындағы көне қаланың қашанда ұлт көшбас­шы­сы­ның назарында екендігін айт­пасқа бол­майды. Соның айғағындай, Нұре­кең жыл сайын дерлік Семейге бір со­ғып кетуден танған емес. Ал мұн­дағы күрделі мәселелердің бірі – жы­лу мәселесі республика Пре­зи­ден­ті­нің тұрақты назарында. Сол мақсат­пен республикалық бюджеттен кезең-кезеңімен бөлініп жатқан ауқымды қаржы тиісінше игеріле бастады. Семейліктер, бүкіл шығысқазақ­стан­дықтар Елбасының өздеріне жасап келе жатқан қамқорлықтарын ешуақытта ұмытпақ емес. Соның бір айғағындай, өткен жылдың аяғында мұнда Елбасы өкілеттілігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде бастамашыл топ құрылғаны баршамызға мәлім. Сол бастаманың бүкіл ел көлемінде зор қолдау тап­қаны да белгілі. Осы орайда бүгінде тарихқа ай­нал­ған оқиғалар еске оралады. Мақ­тан­ды демеңіздер, тегінде мен Қазақ­стан халқы Ассамблеясына 12 жыл қатарынан мүше болған адаммын. Бұл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде тұңғыш Президентіміздің еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың кепілі бола білгендігіне сан мәрте куә бол­ғанбыз. Ол да өз алдына жеке әңгіме. Ал осы Ассамблеяның 1995 жылдың көктемінде өткен алғашқы сессия­сын­да сол тұстағы қиыншылықтарға байланысты Президенттік басқаруды нығайту мақсатымен Елбасы өкілет­ті­лігін референдум арқылы 2000 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс жасаған едім. Бұл ұсыныс тек Ассамблея тара­пынан ғана емес, бүкіл қазақстандықтар тарапынан зор қол­дау тапқан-ды. Ал бұл жолы қашанда заң шеңбе­рінен аттап баспайтын және ішкі және сыртқы саясатты тамыршыдай біліп оты­ратын ұлт Көшбасшысы бас­қаша ше­шім қабылдады. Ол да дұрыс болды. Міне, кезектен тыс Президент сайлауы да өз мәресіне келіп жетті. Бір тудың астына топ­тасқан қазақ­стан­дықтар зор ұйым­шылдықпен өз таңдауын жасады. Сөй­тіп, алдағы ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дық тойына өз Президентімізбен бет алып барамыз. Бүкіл әлемдегі мы­надай дүр­белеңге толы оқиғалар кезінде бағыты­мыз­дың дұрыс бо­лып, кемеміз­дің шай­қал­май келе жат­қанына тәубе дейік, ағайын! Хафиз МАТАЕВ, Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы. Семей.