4 сәуір күні біз басқа адам боп ояндық. Біз өз тағдырымыздың бір-бірімізге қаншалықты байланысты екенін, бір-бірімізге қаншалықты жақын екенімізді сезіндік. Бейбіт өмір мен берекелі, бақуатты тірліктің қаншалықты бағалы, қымбат екенін түйсіндік. Біз сол үшін дауыс бердік. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі – саяси мәдениеті, парасаты биік туған халқымыздың жеңісі болды. Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметтері жария болған кезде сайлауда өз қалауын білдірген әрбір азаматтың осындай көңіл-күйде болғанына мен күмәнсіз сенемін.
Осыдан тура жиырма жыл бұрын халықтың тағдырын тәлкекке айналдырып, тәуелсіздіктің болашағын оққа байлайтын революциялық жолды емес, үздіксіз даму мен өркендеуге бастайтын эволюциялық жолды қапысыз таңдаған Қазақстан өз таңдауының ақиқаттығына, дұрыстығына тағы да көз жеткізді. Әлемнің көзін жеткізді.
Мұның бастауында не жатыр? «Әрдайым жолдың ауырын таңда, ол жолда қарсылас таппайсың», деген екен Францияның сүйікті ұлы, генерал Шарль де Голль. Нұрсұлтан Назарбаев жолдың ауырын, ауыр да болса әділет жолын таңдады.
Көпшіліктің есінде болар, кезектен тыс сайлау өткізердің алдында Елбасы халықтың талабынан ауытқымайтынын, бірақ талаптың да демократиялық үрдістен ауытқымауы керектігін қадап айтты. Ол өзіне деген халықтың шексіз сенімін үнемі саяси, әлеуметтік, экономикалық модернизацияның, жаңарудың, дамудың кепіліне айналдырып келеді.
Бір мысал. 1997 жылғы қазан айында, Қазақстан халқына Жолдауында, Президент Н.Ә.Назарбаев: «...Қазақстан 33 жылдан кейін қандай болады? Біздің жас мемлекетіміз есейіп, етек-жеңін жияды, біздің балаларымыз бен немерелеріміз осы мемлекетпен бірге ержетеді. Олар білімі озық, денсаулығы түзік, өз буынының жауапкершілігі мол, қайратты өкілдері боп өседі.
Олар ата-бабаларының салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге бейім әрі дайын болады. Олар қазақ тілін де, орыс тілін де, ағылшын тілін де еркін меңгереді. Олар дүние жүзіне танымал, беделді, бейбітсүйгіш, гүлденген, қарышты дамыған елдің патриоттары болады» деген еді.
Мемлекет басшысының осыдан он шақты жыл бұрын айтқан сөздері бүгін әркімге жақын әрі таныс жайттай көрінетіні анық. Неге? Себебі біреу-ақ – Елбасының, еліміздің сол кездегі арман-мақсаты отыз үш жыл емес, он үш жылдың өзінде-ақ іс жүзіне асып, өз үдесінен шығып отыр.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы өміршең мұраттың орындалуы жайлы биылғы жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында да ерекше толғаныспен айтты. Бұл заңды да. Заңды болатыны, осы орасан жетістіктерге Президент айтқандай «әр күні аптаға, әр аптасы жылға баланатын» тарихи уақыт пен орасан зор қажыр-қайрат пен еңбектің арқасында жеттік.
Жеткеніміз көп, жетпегеніміз одан да көп. Байқасаңыз, бүгінгі әлем де қысқа күнде қырық құбылып жатыр. Қазақстан да осыдан жиырма жыл бұрынғы немесе он жыл бұрынғы Қазақстан емес. Еліміз сапалық тұрғыдан да, сандық тұрғыдан да әлденеше мәрте өсті, өзгерді. Бұдан былай да біздің ұлтымыздың аласапыран әлемде өмір сүруінің жалғыз кепілі модернизация болмақ.
Міне, дәл осы мәселе төңірегінде біз бас ауыртатын сұрақтар аз болмаса керек. Ол сұрақтарды өмірдің өзі қойып отыр. Біз Елбасының, елдің ерік-жігерінің арқасында қол жеткізген табыстарымыздың қадір-қасиетін сезіне алдық па? Біздің ой-санамыз, қабілетіміз мемлекеттің қарышты даму форматына сәйкес келе ме?
«Модернизация қалай жүзеге асырылады? Оның негізгі локомотивтік күштері қандай болады?» деген сұрақтардың өзіне жауап табу оңай іс емес. Бәрібір, жауап беру керек. Және жауапты саяси, интеллектуалдық, мәдени элита ғана емес, бүкіл қоғам болып беруіміз керек.
Әрине, біз «модернизация» ұғымын классикалық үлгідегі, батыстық түсініктен көшіре салмауға тиіспіз. Ондай ойсыз қадам Қазақстан үшін әрі орынсыз, әрі қатерлі болар еді. «Қазақстандық модернизация» дегенде, бұл жаңарудың жоғарыда айтқан еуропалық үлгіге ұқсайтын да, ұқсамайтын да жақтары болатынын түсінуіміз керек.
Қазақстан өзінің мыңжылдық тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті бар мемлекет. Біздің географиялық, геосаяси жағдайымыз да өзгелерден анағұрлым бөлек. Ал бұған отаршыл езгіде болған уақыт пен коммунистік кезеңнен кейінгі аласапыран заманды қосыңыз. Біз тоғыз жолдың торабында жатқан, өркениеттер мен мәдениеттердің, Батыс пен Шығыс әлемінің түйіскен жеріміз. Және Қазақстанды бір жақты не Батысқа да, не Шығысқа да тели алмайсыз. Сондықтан азғана уақыттың ішінде осындай мемлекеттен барлығын және бір мезгілде талап ету – қисынсыз іс.
Атты-көшпенді өркениеті келмеске кеткен соң біздің әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық түсінігіміз бен өмір сүру философиямыз да кілт өзгерді. Одан кейін «советтік форматтың» қамытын кидік және одан енді ғана, әупірімдеп шығып жатырмыз. Осының бәрі, жоғарыда айтқандай, Қазақстандағы модернизациялық өзгерістерді асығыс, үстірт жасауға болмайтынын көрсетеді.
Айтпай кетуге болмас, Қазақстандағы бірізді, стратегиялық жағынан орнықты модернизацияны іске асыруда Назарбаев өз басын қатерге тіксе де, мемлекеттің болашағын, ел мен ұлттың бүтіндігін ешқашан бәске тіккен емес. Кейде ойлайсың, егер дүрбелеңі мол 90-жылдары жас, тәуелсіз мемлекеттің басында басқа адам тұрса не болар еді? Ойлауға да қорқынышты. «Кеңестік шинельден» шыққан республикалардың мысалы ондайды ойлатпайды да.
Әлбетте, модернизация заңмен, жарғымен шешіле салатын жоба емес екенін бәріміз түсінеміз. Аспаннан түспейді, жерден өспейді. Жаңару мен жаңғыру – өлшеусіз еңбекпен, маңдайтермен келетін сый. Процесс тек жоғары жақтан басталмауы керек. Миллиондаған қарапайым адамдардың сапалық, сандық өсуінен, өзгеруінен басталуы қажет.
Сан жылдар бойы қалыптасқан, қатып қалған ғұрыпты, әдетті, тәртіпті бір күннің ішінде бұзу мүмкін емес. Бірақ жаңарғысы, жаңғырғысы келетін ағзаға соның бәрін бұзуға тура келеді. Өйткені, кез келген қоғам, қоғамдағы түрлі саяси күштер түйсігімен болса да жаңа реформаларға қарсылық танытады. Ең алдымен осы тұйыққа тірейтін қарсылықты еңсеру қажет.
Мұны қайтіп еңсереміз? Ол үшін биліктің де, қоғамның да, қоғамдағы базбір кертартпа топтардың да басы қосылуы тиіс. Ел мен мемлекеттің болашағын ашық, боямасыз, еркін талқылау үшін. Әрине, бұл жерде барлық қазақстандықты бір партияға кіргізу немесе бір тудың астына жию деген әңгіме жоқ. Мақсат пен мұрат одан да орасан, зор. Мақсат – жаңару жолындағы ізгі істерді баршамызға темірқазық ету.
Осы ретте, мен алдымен мемлекеттік қызметкерлердің психологиясына «модернизация» керек дер едім. Мемлекеттік аппараттың инерциялық көңіл-күйін өзгерту қажет. Жоғарыдағы, төмендегі «науқан үшін науқан» жасағысы келетіндердің, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен атүсті нәтиже шығарғысы келетіндердің аптығын басқан абзал.
Кез келген қоғамдық пікірді, зерттеуді, өлшемді алыңызшы, Нұрсұлтан Назарбаевты елі арқа тұтады. Бірақ Президентке сенім мен партияға, үкіметке, әкімдерге сенімнің арасында айырмашылық көп. Өкінішке қарай, бұл жәйт бір-бірімен байланысты да. Қай-қайсы лауазым иесінің заңсыз, жөнсіз іс-әрекеті жоғарыдағы сенімге нұқсан келтіреді. Осыны естен шығармаған жөн. Ұлы Абай айтқандай «Бас-басына би болған өңкей қиқымның» кейпіне енуден сақтану керек.
Билікте жүргендердің тағы бір қателігі – халықтың Елбасыға деген құрметі мен қолдауының есебінен «тасада», тыныш өмір сүре бергісі келетін сияқты. Мұндай әдеттен арылатын кез жетті. Мансабың мен міндетің үшін Елбасының алдында да, елдің алдында да әркім, әрдайым жауап беруге дайын болуы тиіс.
Сонда ғана біз жоғарыдағы сұрақтардың жауабын табамыз. Елбасының, елдің ерік-жігерінің арқасында қол жеткізген табыстарымыздың қадір-қасиетін сезінетін боламыз. Мемлекеттің қарышты дамуына ақ, адал үлесімізді қосамыз. Қарапайым халықтың мемлекеттік қызметкерге, шенеунікке деген көзқарасын оңды өзгерте аламыз.
Президент елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік модернизацияны табысты жүзеге асырудың барлық алғышарттары мен мүмкіндіктерін үнемі ұсынып келеді. Мемлекеттің отыз жылдық даму болашағын дерлік, жан-жақты қамтыған «Қазақстан-2030» стратегиясы, жақын болашақтағы ел дамуының нақты бағыттарын белгілеп беретін «Қазақстан-2020» бағдарламасы, мемлекетті бәсекелестікке қабілетті елдердің алдыңғы шоғырына шығаратын Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – болашақтың «жол картасы».
Сондықтан бізге арқаны кеңге салудың жөні жоқ. Керісінше, 3 сәуір бізге он есе, жүз есе жауапкершілік пен міндет жүктеп отыр. Ол жауапкершілік пен міндетті қоғам мен элитаның басын қосатын, сенім радиусын кеңейтетін себепке айналдыру өз қолымызда.
Президенттің кезектен тыс сайлауы біз үшін елдің ішіндегі жалпы көңіл-күйді, аужайды тап басып тануға мүмкіндік берді. Бұл мүмкіндік жаңа идеяларды, жаңа кадрларды, керек десеңіз, жаңа драматургия мен динамиканы талап етеді.
«Саясаткер елдің бағына бітсе – мемлекет берекелі, бақуатты тұрмыс кешеді. Сорына бітсе – соғыстан көз ашпайды» дейтін шығыс тәмсілі бар. Арыға бармай-ақ қоялық, әлем жиырма жылдың ішінде осы екі мысалдың екеуін де алма-кезек өз басынан өткізумен келеді. Біздің бақытымызға орай, Қазақстан екінші мысал туралы тек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана оқып-біледі.
Уақыт пен тарих үшін күрмеуге келмейтін қысқа мерзімде осыншалықты ілгерілеу, осыншалықты өсіп-өркендеу екі мемлекеттің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ екені ақиқат. Және мұндай бақытты бағалау мен аялау, сақтау да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Олай болса, біздің ендігі шаруамыз – Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған модернизациялық идеяның төңірегіне топтасу ғана емес, сол игі бастаманың ұйытқысына, іске асырушысына айналу. Жаңаруға, жасампаздыққа ұмтылған халқымыздың күн тәртібі де осы.
Дархан КӘЛЕТАЕВ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі.