Бұл жағымды оқиға Талғарға жалғасып жатқан Кеңдала ауылында болды. Дәл ертең сайлау болады деген күннің таңертеңінде Айдар және Әлия Тоқтарлардың жас отбасы Қыдыр келіп жарылқағандай қуанышқа кенелді. Үйлі болды. 10 айлық сәби үшем қыздар Әния, Әзия және Әдияның әрқайсысының жеке бөлмесі бар.
«Аға, осындай тамаша жағдай болғалы жатыр. Келіп көріңіз. Өзім ала барайын», деп жаңалықты сүйіншілеген, әр уақытта жақсы істердің басы-қасында жүретін елгезек қарындасымыз, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Райхан Садықова еді. Тілегін бірден құп алдық. Жолшыбай мән-жайға да қанықтық.
Осыдан екі жыл бұрын шаңырақ көтерген жас жұбайлар Айдар мен Әлия бұлай болады деп үш ұйықтаса ойламаған, түсіне кірмеген. Шаңырақ көтерді деген аты болмаса, бастарында баспаналары жоқ, пәтер жалдап тұрып жатты. Айдар Алматыда күзет қызметінде жұмыс істейді. Айлығы мардымсыз. «Жақын жылдарда үйлі боламыз-ау» деп, тіпті армандаудың өзі қиын.
Сөйтіп жүргенде, жақсылықтың алғашқы нышанындай жарының бойына бітәнә бітті. Сәби – періште ғой. Ал, періште қашанда жақсылық хабаршысы. Әлия жүктілік кезінде Кеңдала амбулаториясында есепте тұрып, тексеріліп жүрді. Дәрігер Нұргүл Мәтжанова УЗИ құралының көмегімен туашақ нәрестелердің үшеу екендігі анықталғаннан кейін болашақ жас ананы ерекше бақылауға алған. 32 аптадан кейін республикалық деңгейдегі квота бойынша Әлия Алматыдағы Ана мен бала педиатриялық орталығына жатқызылып, сондағы жоғары санатты дәрігерлердің қарауында сәтімен босанды.
Үшемнің әжесі Райхан Ерқожақызының ол күнгі қуанышында шек болмады. Үлкен шешелері Сүйімхан әжемен ақыл қосып, үшемнің аттарын анасының есіміне ұйқастыра Әния, Әзия және Әдия деп қойды. Бұл тұқымда егіздер бұдан бұрын да болған көрінеді. Айдардың нағашы әжесі екі мәрте егіз туған, туған әпкесі үш жыл бұрын егіз бала көтерген, қазір өзі жап-жас болса да төрт баланың анасы. Бір өкініші, бастарында баспана жоқ, пәтер жалдап тұрады.
Ал бірден үшемнің ата-анасы атанған Айдар мен Әлияның баспана жағынан бағы жанды. Қуаныштарына туыс-туған, көрші-қолаң, ауыл адамдарымен бірге аудан жұртшылығы да ортақтасты. Аудан әкімдігі жас отбасын құттықтап, алғашқы күннен-ақ арба, балалар тағамдары мен памперс, азық-түлік түріндегі сыйлықтарын үзбеді. Аудан әкімі Талғат Өмірәлиев қуанышты оқиғаны облыс басшылығына хабарлап, құлаққағыс етіп әрі үйсіз-күйсіз жүрген жас отбасына баспана әперу жөнінде өтінішін де түсірген-ді. Дәл осындай игі істерде әрқашан ізгіліктен жаңылмас Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов жас отбасына баспана әперу үшін облыс бюджетінен 6,5 млн. теңге қаржы бөлгізді.
Мінеки, сол қаржыға сатып алынған үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыс етудің сүйінішті сәті де нақ кеше, ел Президентін сайлаумен тұспа-тұс жеткен екен. Мансарды менмұндалаған, алты бөлмелі еңселі үй. Әп-әдемі шарбақталып қоршалып, ауласын көптің көмегімен көз тартардай көркейтіп абаттандырып тастапты. Аудандық мәдениет үйінің әнші-күйші өнерпаздары да осында. Әсем саз-әуен қалықтап, күн де шуақ шашып тұрды.
Талғат Әбенұлы кілтімен қоса үйдің төлқұжаты мен жер телімінің мемлекеттік актісін үш арбашамен үшемді тербетіп тұрған бақытты жұп Тоқтар Айдар мен Әлияның қолдарына ұстатты. Сөйтіп, жас отбасының жаңа баспанасына құтты болсын айтып, мұның өзі қыдыр тұрақтаған елдің, бақ-береке байырқалаған байтақ Отанның қамқорлық-сыйлығы екендігін ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар, аудан әкімі өзі де құр қол келмей, үшем сәбидің үйіне байғазы ретінде тоңазытқыш, автоматты кір жуғыш мәшине, телевизор, шаңсорғыш сияқты тұрмыс заттарын, кілемдер мен балалар тағамдарын ала келіп сыйға тартты.
Үй алған үшемдер бұл сәттерде ештеңе сезбестен, алаңсыз пысылдап, мейірімді құшақтарда мейірлі Отан шапағатымен сыйланған мұнтаздай мешітті ғалам үйлеріне кіріп бара жатты.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суреттерді түсірген Сәбит МҰХАНБАЕВ.