Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен кездесті. Тараптар әңгіме барысында әлемдегі дінаралық үнқатысуды ілгерілету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беру қажеттігіне назар аударды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында қазақстандық қоғамның бірегей моделін құрудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне, дәстүрлі ислам мен православ діндерінің мемлекетпен маңызды әріптестігі еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісімнің негізгі тірегі болып отырғанына ерекше екпін түсірілді.
Сонымен қатар, басқосуда Мемлекет басшысының бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің маңыздылығы сөз болды. Осы орайда, бұл съезд аясында діни және саяси лидерлер үнқатысуы орнап, соның нәтижесінде халықаралық қоғамдастықта діни төзімділік пен толеранттылықты насихаттау ісіне зайырлы және діни тұрғыда қолдау көрсетіліп келе жатқаны сөз болды.
Одан әрі министр Астана және Қазақстан митрополитімен бірге қазіргі таңда қоғамымызда қызу талқыланып әрі халық тарапынан қолдау тауып отырған Елбасы ұсынған саяси реформалар мен елімізді жаңғырту бағытындағы іс-қимылдарды талқылады. Екіжақты әңгімелесу сәтінде еліміздегі православ дінін ұстанатындардың бейбітшілікті сақтау, татулықты нығайту, келісім мен өзара түсіністік бағытындағы қазақстандық барлық бастамаларды қолдайтыны атап өтілді.