Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Кәлетаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) миссиясының құрамында Түрікменстанда өткен президенттік сайлауды байқауға қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Миссия мүшелері сайлауалды үгіт науқаны мен оның бұқаралық ақпарат құралдарында берілу барысымен танысты және сайлау күні Ашғабат пен ел аймақтарындағы сайлау учаскелерінде болды.
ШЫҰ байқаушылары сайлау қорытындысы бойынша азаматтардың, оның ішінде жастардың көп қатысқанын атап өтті. Миссия Түрікменстандағы президенттік сайлау ұлттық заңнамалар мен мемлекеттің халықаралық саладағы қабылдаған міндеттемелеріне сай өткені туралы қорытынды жасады.
Сонымен бірге, ШЫҰ өкілдері жекелеген техникалық олқылықтар ұшырасқанын, алайда, олардың сайлаушылардың таңдау нәтижесіне әсері болмағанын хабардар етті.