Жыл үлкен саяси жаңалықтармен басталған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы «алдымен – экономика, сосын саясат» дегенін көп жұрт түсінбей, әртүрлі әңгіме айтылып еді. Ел экономикасының еңсесін түзеу үшін күшті президенттік биліктің керегі анық болатын. Міне, ширек ғасыр ішінде бұл міндет орындалды. Енді билік тармақтарындағы бөлініске де уақыт жетті.
Мемлекет басшысы арнайы Үндеу жариялап, халық оны талқылауды бастап кетті. Онан кейінгі ең ірі саяси оқиға Елбасының дәстүрлі халыққа арнаған Жолдауы болатын. Бұл мәселе де ел ішінде үлкен қолдау тауып отыр. Әртүрлі мінбелерде қос мәселе талқыланып, жұрт ойымен бөлісіп жатыр.
Сондай жиынның бірі аймақтағы облыстық үш, қалалық және аудандық газеттердің басын біріктіріп отырған «Сыр медиа» ЖШС ұжымында да өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары өкілеттілігін бөлісу туралы Үндеуі мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған жиында қалам ұстаған журналистер өз көзқарастарымен бөлісті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, серіктестікке қарасты басылым басшылары мен журналистер, қатысты.
Жиынды «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев жүргізіп, Жолдаудың ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
– Халық «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Елбасымыздың елімізді жауапкершілікке шақыра отырып, көтеріп отырған бастамасы Қазақстанды жаңа биіктерге бастайды деп сенеміз. Біздің міндет – Елбасы Жолдауын қолдау ғана емес, жүзеге асыру, – деді ол.
Мұнан соң «Сыр медиа» ЖШС жанындағы ақпараттық талдау орталығының басшысы Сәулет Сахиев биылғы Жолдаудың басты ерекшеліктеріне, оның ішінде IT технологияларды меңгерудің маңыздылығы жайлы баса айтты.
Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Шахарбан Нұртаева, серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев, облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Тимур Қасымов, осы басылым тілшісі Қазыбек Ботаев пен «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Ыдырыс Тәжіұлы Жолдауда айтылған бағыттарға тоқталып, ел дамуындағы жаңа белестің негізгі мән-мазмұнын сөз етті.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА