Елордадағы Бейбітшілік және келісім музейінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Шараға белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, музей қызметкерлері қатысты.
Бейбітшілік және келісім музейі директорының орынбасары Аманбек Мұқашев атап өткендей, Конституция мен тиісті заңдарға өзгерістер енгізу еліміз үшін аса маңызды да тағдырлы мәселе екені анық.
– Мемлекеттік басқару жүйесінде Парламент пен Үкіметтің пәрмені артуы өте маңызды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында біз нарықтық экономикаға көштік, оны орнықтырдық. Астана сынды еліміздің бас қаласын салып, дүние жүзіне танылдық. Әлемнің алдыңғы қатарлы елу елінің қатарына қосылдық. Осы табыстардың негізінде елімізде демократиялық құрылымдарды тереңдете дамытатын уақыт жетті. Президенттің қолындағы биліктің бір бөлігін Парламент пен Үкіметке беру туралы ұсыныс барша халықты толғандырады, – деді А.Мұқашев.
Шарада айтылғандай, президенттік билік заман талаптарына лайықты жауап берді. Ішкі тәртіпті берік ұстауға, өтпелі кезеңде қоғамның дамуын жинақы түрде жүргізуге ықпал етті. Ендігі уақытта Президент өкілеттігінің бірқатар бөлігін басқа да билік тармақтарына жүктеу олардың жауапкершілігін арттыру үшін қажет болып отыр.
Дөңгелек үстел барысына жиылғандар Елбасы Үндеуінде айтылған маңызды міндеттер бойынша өзара пікір алмасып, ой қорытты, сондай-ақ, билік тармақтары арасында билікті қайта бөлу жөніндегі Елбасы бастамасын қолдайтындықтарын білдірді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»