07 Сәуір, 2011

Жаңа жарылыс қаупі туып отыр

429 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жапонияның апатты «Фукусима-1» АЭС-інде жаңа жарылыс болу қаупі туындап отыр. Жарылыс болу қаупінің алдын алу үшін реакторға газ түріндегі азот жіберілген. Жарылысқа атом электр стан­са­сының энергоблоктарында қайтадан жинақтала бастаған суте­гінің себепкер болуы мүмкін. Бірінші реакторда су­те­гінің жоғары концентрациясының бар екені анықталып отыр. Газ жіберу процедурасы бірнеше күнге созылмақ. Газ айдау жұмыстарының басында ауаға радиацияның таралуы мүмкін, сондықтан төрт энергоблоктың жұмысшылары уа­қытша эвакуацияланатын болады. Гаага соты тергеу жүргізбек Халықаралық Гаага сотының өкілдері өздерінің Кот-д’ Ивуардағы оқиғаларды ресми түрде тергеуді бастай­тын­дық­тары туралы мәлімдеді. Мұнда Батыс қолдау көрсетіп отырған Алассан Уаттар мен елдің қазіргі президенті Лоран Гбагбоның арасында кескілескен күрес тоқтамай отыр. Сонымен бірге, АҚШ өкіметінің мәліметтері бойынша, Гбагбо қазіргі кезде өзінің отставкаға кететіндігі туралы БҰҰ өкілдерімен келіссөздер жүргізуде. Өткен аптада Халықаралық қызыл крест қоғамының өкіл­дері Дуэкуэ қаласында 800-ден астам адамның мүрделерін тапқан болатын. Халықаралық соттың тергеу жүргізуіне де осы жәйт себепкер болған сияқты. Босқындар отырған  қайық суға батып кетті Бортында Африкадан шыққан 200-ге жуық мигранттар бар қайық Италияның Лампедуза аралы жа­ға­ла­уын­да шторм кезінде суға батып кеткен болатын. Италиялық БАҚ-тардың хабарлауынша, босқындар отыр­ған қайық аралға бірнеше миль қалғанда орасан дауылға тап болған. Қазіргі кезде 47 адамның құтқарылғаны туралы белгілі болып отыр.  Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жергілікті балықшылар кемелерін тарта отырып жүргізілген құтқару-іздестіру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Консулдыққа шабуыл жасалды Ливиялық ереуілшілер өздерінің қол астындағы Бенгази қаласындағы Түр­кияның бас консулдығына қарулы ша­буыл жасаған. ИТАР-ТАСС агенттігінің хабар­ла­уын­­ша, қаруланған 400-ге тарта адам Түркия премьер-министрі Тайип Эр­до­ганның Анкара ереуілшілерді қаруландыруға ниетті емес деген мәлімдемесіне наразылық ретінде консулдықты басып алуға талпынған. Тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін кон­сул­дыққа Ливияның өтпелі ұлттық кеңесінің қауіпсіздік күштері тартылған көрінеді. Қазіргі кезде дипломатиялық миссияны күзету барынша күшейтілген. Обама алдағы сайлауға түспек Өзінің 2012 жылы АҚШ-та өтетін президенттік сайлауға ресми түрде түсетіні туралы хабарлай отырып, Барак Обама ендігі жерде қол жеткізілген прогресті сақтап, дамыту үшін күресу қажеттігін атап көрсеткен. Бір қызығы, өзінің сайлауға екінші рет түсетіні жөнінде хабарлаған күні Обаманың өзі халық алдында көзге түспеген екен. Жаңалық таңғы сағат 5-те Америка басшысының қазіргі заманғы ақпараттық технологияларға әуестігімен мәлім жақтастарына электронды пошта арқылы тарап кеткен көрінеді. Тіпті «Бәрі бізден басталады» деп аталатын бейнероликтегі мәтіннің өзі Обаманың қолымен емес, оған қолдау көрсететін сайлаушылардың қолымен жазылғанға ұқсайды. Сот отырысы кейінге қалдырылды Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони оның кәмелетке толмаған бишімен заңсыз қарым-қатынасқа бар­ғаны туралы іс қараған соттың бірінші отырысына келмей қалған. Ең басты күдіктінің болмауына бай­ланысты соттағы болатын тыңдау 31 ма­мырға қал­дырылып отыр. Тергеудің па­йым­дауынша, Италия үкі­метінің басшысы өзінің вил­ласында осы мақсаттар үшін арнайы жалданған жез­өкшелердің қатысуымен әдепсіз әрекеттерге барған. Процесте кем дегенде сол кешке қатысқан 33 әйел,  сол сияқты америкалық киноактер Джордж Клуни, португалиялық футболшы Криштиану Роналдо және Италия сыртқы істер министрі Франко Фраттини куәгер болады деп күтілуде. Израиль әрекеті алаңдаушылық тудыруда Америка Құрама Штаттары Иерусалим қаласының Гило кварталында 900 тұрғын үй салу туралы Израильдің әрекетіне үлкен алаңдаушылық білдіруде. Мемлекеттік департамент Израиль мен Палестина авто­номиясының екі халықтың бейбітшілікке деген ұмтылысын жүзеге асыру үшін қамқорлық танытуы қажеттігін атап көрсеткен. БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Роберт Сери Американың Гилода тұрғын үй құрылысын жүргізу жөніндегі Израиль шешімін сынауына қолдау көрсетіп отыр. Оның айтуынша, бұл әрекет халықаралық құқық нор­маларына қайшы келеді. Америкалықтарды құтқарғаны үшін алғыс айтты Бұрнағы күні кешкілік Украина әскери-теңіз күш­терінің десанттық ірі кемесі 13 елдің 79 азаматын Триполиден Мальтаның Валетта портына жеткізген. Қазір «Константин Ольшанский» деп аталатын кемеде жүзден астам адам қалып отыр. Олардың дені Украина азаматтары. Таяу күндері аталмыш кеме оларды Севастополь портына жеткізетін болады. Өз кезегінде АҚШ-тың Укринадағы елшісі Джон Теффт  Ливиядан америкалық азаматтарды алып шыққаны үшін Украина үкіметіне алғысын білдірген.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.