Бүгін Алматыда «Қазақстанда диаспорологияның дамуы – тәуелсіздік жетістіктері» атты халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастайды. Келелі жиын алдында біз тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнара МЕҢДІҚҰЛОВАҒА жолығып, әңгімелескен едік.
– Гүлнара ханым, сізге диаспорологияны зерттеуге не түрткі болды?
– Ғылымға деген құштарлығым әкеммен де байланысты болса керек. Малбағар Меңдіқұлов сәулет өнерін жаңаша жаңғыртқан ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының бірі болды. Біріншіден, ол кісінің өзі Орынбор қазағы еді. Бала күнімнен-ақ Орынбор ата-бабаларымыздан қалған жер екенін білетінмін. Және ол неге өзге мемлекеттің меншігінде екенін түсіне алмай басым қататын. Сондықтан болар, алғашқы ғылыми диссертациялық жұмысым да Орынбор губерниясы қазақтарының әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелеріне арналды.
Мені ғылымға жетелеген бірінші себеп осы болса, екіншіден маған дүние жүзінде қанша қазақ тұратынын білу қызықты болды. Және бұл кеңес өкіметі құрған «құрсаулы шілтерге» де байланысты. Біз ешқайда шыға алған жоқпыз. Бізге де ешкім келе алмады... Тек саусақпен санарлық адамдар ғана шет мемлекеттерге бара алды. Соның бірі – менің әкем Малбағар Меңдіқұлов еді.
Айтқандай, әкем 1960 жылы Америка Құрама Штаттарына барғанда, Нью-Йорк қаласынан такси жүргізуші қазақты кездестіріпті. Әкем осыны әсерленіп айтып келгені есімде. Шет мемлекетте жүрсе де ол әкемнің қазақ екенін біліп, жылап көріскен екен.
Мына қызықты қараңыз, содан кейін 1994 жылы менің де Нью-Йорк қаласына жолым түсіп, сонда екі қазақпен кездестім. Соның бірі – Күнтуған Бәзілбек деген кісі еді. Сонда ол: «1960 жылы АҚШ-қа бір қазақ келіп еді. Қазақстанда лауазымды қызмет атқаратын, сондай бір зиялы адам еді» деп еске алды. Мен сол арада оның әңгімесін үзіп, сөмкемнен әкемнің суретін шығарып көрсетіп едім, тани кетті.
– Ғажайып оқиға ғой!
– Ғажайып оқиға! Арада 34 жыл өтсе де америкалық қазақ менің әкемді ұмытпаған екен.
– Осылай қарай келе жатып, екі оқиға есіме түсті. Біріншісі, 1998 жылы Елбасы өз баяндамасында жас ғалым Гүлнара Меңдіқұлованың, яғни сіздің «Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие» деген еңбегіңізді ерекше атап өткен болатын...
– Бұл кітап мәселесінде алдымен академик Манаш Қозыбаев көмектескенін айтуым керек. Тәуелсіздігімізді алған кезде шет мемлекеттердегі қандастарымызды іздестіре бастадық. Олар өз еріктерімен шекара асып, атажұрттан қол үзген жоқ қой. Қазақ даласы талай тауқыметті басынан кешті. Ресейде қалған қазақтарды айтпағанда, Қытай мемлекетінде де миллионнан астам қазақ тұратынын біліп отырдық. 1990 жылдарды еске алып қарасаңыз, көптеген адамдар біздің мемлекет ретінде еңсемізді тіктейтінімізге, қазақ диаспорологиясына қатысты ғылыми материалдардың көбесін сөге алатынымызға сене қойған жоқ. Бұл үшін орасан зор қаражат, қажыр-қайрат керек болды. Сол тұста маған сенген адамдардың бірі – академик Манаш Қозыбаев еді. Ол кісі маған жігер беріп, қолдап отырды. Біз көптеген халықаралық ғылыми гранттарды жеңіп алдық. Оның ішінде америкалық грант та болды. Жоғарыдағы кітап міне, соның негізінде шықты.
– Еске түскен екінші оқиға, осыдан бірнеше жыл бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесіне жол түсіп бара қалғанда, сіздің Өзбекстандағы қазақтар жайлы зерттеу кітабыңыздың тұсаукесеріне тап келген едік...
– Қазақ ұлтының толайым бір бөлігіне осы елдің дәмі мен топырағы бұйырып отыр ғой. Бұл ғылыми еңбекті Қалыбек Қобыландинмен бірігіп жасадық. Оның үстіне бізге Өзбекстандағы қазақтардың бүгінгісі мен ертеңін тарихи тұрғыда таразылап шығу қызықты болды. Біз Өзбекстанның Ташкент, Самарқант, Хиуа сияқты қалаларына сан рет сапар шектік. Осы елдің Түркіменстанмен түйісетін, шекаралық аймақтарындағы қандастарымызбен де кездестік. Ондағы қазақтар бізді құшақ жая қарсы алды. Көп мемлекеттерде болдым, көп елдің қазағымен кездестім. Қазақ – кайда жүрсе де қазақ. Ниеті мен кең пейілі өзгермейді.
– 1928 жылғы ресми статистикалық мәліметтер бойынша, Өзбекстанның мемлекеттік қызметінде жарты миллионнан астам, яғни 602 611 адамның қазақ болғанын да осы кітаптан оқып білдік.
– Бұл кітапта өте қызықты, аса маңызды архивтік материалдар жеткілікті. Кітаптың мәні де сонда – онда Өзбекстан мен Қарақалпақ еліндегі архивтерде, Хиуада сақталған қазақтарға қатысты құжаттар, мәліметтер жеткілікті. Бізге қиын болғаны –1925 жылдары мемлекеттік аумақтық бөлулер жүргізілген кезде Қазақстанның біраз жері Өзбекстанда, Өзбекстанның бір бөлігі Қазақстанда қалғаны. Осыдан келіп көптеген күрделі мәселелер туындайды. Мәліметтерді салыстырғанда, қазақтардың нақты саны мен өсуін бақылауда көптеген қиындықтар кездесті. Сол кезде халық санағы да дұрыс жүргізілмегенін ескермей кетуге болмайды. Қыстауда отырған қазақтар, шалғайда тұрып жатқан қандастарымыз түгел халық санағына ілікпеген.
Бұл еңбекте қазіргі Өзбекстанда тұрып жатқан қандастарымызды ғана емес, хандықтар кезіндегі қазақтар жайлы да зерттедік. Мәселен, Бұқарада тұратын қазақтар сонда тұратын Қазақ автономиясын ашуға әрекет жасаған. Мұндай мәселе бір елді мекенді тек қазақтар алып жатқанда ғана көтеріледі. Ташкентте де солай болған. Бірақ, Мәскеу рұқсат бермеген екен.
– Өткен жылы Франция архивінен қазақтар жайлы деректер тапқаныңыздан да хабардармыз.
– Осы құжаттарда екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен қазақтар француздармен бірігіп, фашистерге қарсы күрескені айтылады. Бізде Францияның оңтүстігінде, Тулуза аймағында қазақтардың француздарға қосылып, неміс басқыншыларына қарсыласқаны туралы мәліметтер болған. Бұл туралы тіпті Ахмет Бектаев естелік кітап та жазған. Одан кейін Франциядағы Қазақстан елшілігінде қызмет істеген Бақыт Сыздыққызы да екі кітабында осындай фактілерді келтіреді. Мұның бәрі естелік түрінде болды да, ол архивтік құжаттармен қуатталмаған-ды. Біздің елшіліктегі азаматтар бұл мәселе туралы көп еңбек сіңірді. Олар француз ғалымдарымен байланысып, осы деректерді іздестіруге көп ықпал етті. Бірақ, ешкім осы елдің архивіне бас сұқпапты. Сондықтан мен бұл мәселені маңызды деп шештім. Бұл бастама нәтижесіз де емес. Осы елдің басқа архивтерімен байланысудың сәті түсті. Ал Францияның Ұлттық архивінен бұл мұрағаттарды ешкім іздеген де жоқ. Оның үстіне ол архив біздегі сияқты жалғыз ғимарат емес. Бүтін бір қалашық. Сондықтан бұл іске маманданған тарихшы ғана кірісе алады. Және қажетті құжаттарды қалай, қай тұстан тауып алуға болатынын біледі.
– Жазба шежіресі сонау ІХ ғасырлардан басталатын елдерді айтпағанда, Қытай мұрағаттарынан қаншама құнды құжаттардың көшірмесін алуға еліміздегі Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты көп еңбек сіңіргенін білеміз. Енді ғалым ретінде қандай мақсаттарыңыз бар?
– Қазір үлкен мәселенің бірі Үндістанның Нью-Делидегі архивіне бару. Осы елдің мемлекеттік архивінің өзінде, Кашмирде қазақтарға қатысты көптеген ғылыми құжаттар бар. Екіншіден, қалай болғанда да Францияға сапарды жалғастырып, қазақтарға қатысты құжаттарды алу қажет. Оған қоса Ұлыбританияға оралудың да маңызы зор. Бұл елдегі мен жұмыс істеген архивтерді әлде де «қаза түсу» керек.
Егер Қытай мемлекеті өз мұрағаттарында әрі қарай зерттеу, іздестіру жұмыстарын жалғастыруға рұқсат берсе, ғаламат болар еді. Алғашқы жұмыстар жүргізілді. Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова Қытайдың Бейжіңдегі бірінші архивімен келісімге келгенін білесіздер. Мұнда қазақ-қытай дипломатиялық қарым-қатынастары туралы құжаттар өте көп. Және бізде осы елде тұратын қазақтар туралы мұрағаттық мәліметтерді жинастыру кезек күттірмейді. Түркиядан да Осман империясы кезіндегі, Анкарадағы, Алтайкөйдегі Нидеде өз тарихымызға қатысты тарихи деректерді табуға болар еді. Ыстамбұлдағы Топқапыда да біраз дүниелер бар.
– Осы сауапты сапарларды жүзеге асыруға, зерттеу жұмыстарын жалғастыруға кімдер және қандай мекемелер ықпал ете алады?
– Меніңше, диаспорология бойынша немесе этностық саясатқа байланысты арнаулы ғылыми-зерттеу институтын ашу қажет. Осыны 15 жылдан бері жазып, көтеріп жүрміз. Өйткені, этностық саясат тек қана диаспора мен ирредентаны қарастырмайды. Мәселен, ирредентаға Ресей, Өзбекстан мен Қытай мемлекеттерінде, ата-бабаларының жерінде тұрып жатқан қандастарымызды жатқызуға болады. Диаспора – елден түрлі себептермен қоныс аударғандар. Және біздің елімізде 129 ұлыстың өкілдері тұрып жатқанын ұмытпауымыз қажет.
Амандық болса, бүгін басталатын ғылыми мәжілісте қазіргі этностық және миграциондық үдерістерге, этностық саясат пен этностық әлеуметтік шиеленістерге қатысты көптеген мәселелерді талқылайтын боламыз. Осы келеңсіздіктерді болдырмас үшін этношиеленістердің теориясы мен тәжірибесін сараптап көрмекпіз. Мәселен, Қазақстан тәжірибесі арқылы Орталық Азиядағы ұлттарға, қазақтарға қатысты саясатты зерттеу қызықты ғана емес, мүдделі де іс. Қазақтар әлемнің 40-қа жуық елінде тұрып жатыр. Олардың әлеуметтік жағдайы, қызмет дәрежесі, кәсіби машықтары да әртүрлі. Осының бәрін салыстырмалы түрде зерттейтін жобаны қолға алып отырмыз. Бұл істе бізге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев көп жәрдем беріп жүр.
Қазақстанда тұратын халықтар тату-тәтті өмір сүріп жатса да, Орталық Азияда этностық шиеленістер ара-тұра орын алып жатқанын жоққа шығармау қажет. Сондықтан да, осы мәселелерді зерттеу, алдын алу біз үшін қай кезде де өзекті. Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты бағытымыздың дұрыстығын көрсетіп берді. Қазір дүние жүзі елдері Қазақстанмен санасады, арқа сүйейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ,
Алматы.