07 Сәуір, 2011

Гүлнара МЕҢДІҚҰЛОВА: Қазақ – қайда жүрсе де қазақ. Ниеті мен пейілі өзгермейді...

720 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Бүгін Алматыда «Қазақстанда диаспорологияның дамуы – тәуелсіздік жетістіктері» атты халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастайды. Келелі жиын алдында біз тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнара МЕҢДІҚҰЛОВАҒА жолығып, әңгімелескен едік. – Гүлнара ханым, сізге диас­поро­логияны зерттеуге не түрткі болды? – Ғылымға деген құштарлығым әкем­мен де байланысты болса керек. Малбағар Меңдіқұлов сәулет өнерін жаңаша жаң­ғырт­қан ұлтымыздың көрнекті тұлғала­ры­ның бірі болды. Біріншіден, ол кісінің өзі Орынбор қазағы еді. Бала күнімнен-ақ Орынбор ата-бабаларымыздан қалған жер екенін білетінмін. Және ол неге өзге мем­лекеттің меншігінде екенін түсіне алмай басым қататын. Сондықтан болар, алғаш­қы ғылыми дис­сер­та­циялық жұмысым да Орынбор губерниясы қазақтарының әлеу­ме­ттік-экономикалық жә­не саяси мәселе­леріне арналды. Мені ғылымға жетелеген бірінші себеп осы болса, екіншіден маған дүние жү­зінде қанша қазақ тұратынын білу қы­зықты болды. Және бұл кеңес өкіметі құр­ған «құрсаулы шілтерге» де бай­ланысты. Біз ешқайда шыға алған жоқ­пыз. Бізге де ешкім келе алмады... Тек саусақпен санарлық адамдар ғана шет мемлекеттерге бара алды. Соның бірі – менің әкем Малбағар Меңдіқұлов еді. Айтқандай, әкем 1960 жылы Америка Құрама Штаттарына барғанда, Нью-Йорк қаласынан такси жүргізуші қазақты кездестіріпті. Әкем осыны әсерленіп айтып келгені есімде. Шет мемлекетте жүрсе де ол әкемнің қазақ екенін біліп, жылап көріскен екен. Мына қызықты қараңыз, содан кейін 1994 жылы менің де Нью-Йорк қаласына жолым түсіп, сонда екі қазақпен кездестім. Соның бірі – Күнтуған Бәзілбек деген кісі еді. Сонда ол: «1960 жылы АҚШ-қа бір қазақ келіп еді. Қазақстанда лауа­зым­ды қызмет атқаратын, сондай бір зиялы адам еді» деп еске алды. Мен сол арада оның әңгімесін үзіп, сөмкемнен әкемнің суретін шығарып көрсетіп едім, тани кетті. – Ғажайып оқиға ғой! – Ғажайып оқиға! Арада 34 жыл өтсе де америкалық қазақ менің әкемді ұмытпаған екен. – Осылай қарай келе жатып, екі оқиға есіме түсті. Біріншісі, 1998 жылы Елбасы өз баяндамасында жас ғалым Гүлнара Меңдіқұлованың, яғни сіздің «Исторические судьбы казахской диас­поры. Происхождение и развитие» деген еңбегіңізді ерекше атап өткен болатын... – Бұл кітап мәселесінде алдымен академик Манаш Қозыбаев көмектескенін айтуым керек. Тәуелсіздігімізді алған кезде шет мемлекеттердегі қандастарымызды іздестіре бастадық. Олар өз еріктерімен шекара асып, атажұрттан қол үзген жоқ қой. Қазақ даласы талай тауқыметті басынан кешті. Ресейде қалған қазақтарды айтпағанда, Қытай мемлекетінде де миллионнан астам қазақ тұра­тынын біліп отырдық. 1990 жылдарды еске алып қара­саңыз, көптеген адамдар біздің мемлекет ретінде еңсемізді тіктейтінімізге, қазақ диаспо­рологиясына қатысты ғылыми мате­риал­дардың көбесін сөге алатынымызға сене қойған жоқ. Бұл үшін орасан зор қаражат, қажыр-қайрат керек болды. Сол тұста маған сенген адамдардың бірі – академик Манаш Қозы­баев еді. Ол кісі маған жігер беріп, қолдап отырды. Біз көптеген халықаралық ғылы­ми гранттарды жеңіп алдық. Оның ішінде америкалық грант та болды. Жоғарыдағы кітап міне, соның негізінде шықты. – Еске түскен екінші оқиға, осыдан бірнеше жыл бұрын Дүниежүзі қазақ­тары қауым­дастығының кеңсесіне жол түсіп бара қал­ған­да, сіздің Өзбек­стан­дағы қазақ­тар жайлы зерттеу кіта­бы­ңыздың тұсау­кесеріне тап келген едік... – Қазақ ұлтының толайым бір бөлігіне осы елдің дәмі мен топырағы бұйырып отыр ғой. Бұл ғылыми еңбекті Қалыбек Қобы­ландинмен бірігіп жасадық. Оның үстіне бізге Өзбекстандағы қазақтардың бүгінгісі мен ертеңін тарихи тұрғыда тара­зылап шығу қызықты болды. Біз Өзбек­станның Ташкент, Самарқант, Хиуа сияқты қалаларына сан рет сапар шектік. Осы елдің Түркіменстанмен түйісетін, шек­аралық аймақтарындағы қан­даста­ры­мыз­бен де кездестік. Ондағы қазақ­тар бізді құшақ жая қарсы алды. Көп мемлекеттерде болдым, көп елдің қазағымен кездестім. Қазақ – кайда жүрсе де қазақ. Ниеті мен кең пейілі өзгермейді. – 1928 жылғы ресми статистикалық мә­ліметтер бойынша, Өзбекстанның мем­лекеттік қызметінде жарты миллионнан астам, яғни 602 611 адамның қазақ болғанын да осы кітаптан оқып білдік. – Бұл кітапта өте қызықты, аса маңызды архивтік материалдар жеткілікті. Кітап­тың мәні де сонда – онда Өзбекстан мен Қарақалпақ еліндегі архивтерде, Хиуада сақ­талған қазақ­тарға қатысты құжаттар, мәлі­меттер жеткілікті. Бізге қиын болғаны –1925 жылдары мемлекеттік аумақтық бөлулер жүргізілген кезде Қазақ­станның біраз жері Өзбекстанда, Өзбекстанның бір бөлігі Қазақ­станда қалғаны. Осыдан келіп көптеген күрделі мәселелер туындайды. Мәлі­мет­терді салыстырғанда, қазақтардың нақты саны мен өсуін бақылауда көптеген қиындықтар кездесті. Сол кезде халық санағы да дұрыс жүргізілмегенін ескермей кетуге болмайды. Қыстауда отырған қазақтар, шалғайда тұрып жатқан қандастарымыз түгел халық санағына ілікпеген. Бұл еңбекте қазіргі Өзбекстанда тұрып жатқан қандастарымызды ғана емес, хан­дық­тар кезіндегі қазақтар жайлы да зерттедік. Мәселен, Бұқарада тұратын қазақтар сонда тұратын Қазақ автономиясын ашуға әрекет жасаған. Мұндай мәселе бір елді мекенді тек қазақтар алып жатқанда ғана көтеріледі. Ташкентте де солай болған. Бірақ, Мәскеу рұқсат бермеген екен. – Өткен жылы Франция архивінен қа­зақ­тар жайлы деректер тап­қа­ныңыздан да ха­­бардармыз. – Осы құ­жат­тарда екінші дү­ние­жүзілік со­ғыс кезінде тұт­қынға түскен қа­зақтар француздармен бірігіп, фа­шис­тер­ге қар­сы кү­рес­кені ай­тыла­ды. Бізде Фран­­ция­ның оң­түс­ті­гінде, Тулуза ай­ма­ғын­да қа­зақ­тар­дың фран­цуз­дарға қосылып, неміс бас­қын­шы­­ла­рына қар­сылас­қаны ту­ра­лы мә­лі­мет­тер бол­­ған. Бұл ту­ралы тіпті Ах­мет Бектаев естелік кітап та жазған. Одан ке­йін Фран­ция­дағы Қазақстан елшілігінде қыз­мет істеген Бақыт Сыздыққызы да екі кітабында осындай фактілерді келтіреді. Мұның бәрі естелік түрінде болды да, ол архивтік құжаттармен қуатталмаған-ды. Біздің елшіліктегі азаматтар бұл мәселе туралы көп еңбек сіңірді. Олар француз ғалымдарымен байланысып, осы деректерді іздестіруге көп ықпал етті. Бірақ, ешкім осы елдің архивіне бас сұқпапты. Сондықтан мен бұл мәселені маңызды деп шештім. Бұл бастама нәтижесіз де емес. Осы елдің басқа архивтерімен бай­ла­нысудың сәті түсті. Ал Францияның Ұлт­тық архивінен бұл мұрағаттарды ешкім іздеген де жоқ. Оның үстіне ол архив біздегі сияқты жалғыз ғимарат емес. Бүтін бір қалашық. Сондықтан бұл іске маманданған тарихшы ғана кірісе алады. Және қажетті құжаттарды қалай, қай тұстан тауып алуға болатынын біледі. – Жазба шежіресі сонау ІХ ғасыр­лардан басталатын елдерді айтпағанда, Қытай мұрағаттарынан қаншама құнды құжат­тардың көшірмесін алуға еліміздегі Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану инс­титуты көп еңбек сіңіргенін білеміз. Енді ғалым ретінде қандай мақсат­тарыңыз бар? – Қазір үлкен мәселенің бірі Үндіс­танның Нью-Делидегі архивіне бару. Осы елдің мемлекеттік архивінің өзінде, Кашмирде қазақ­тарға қатысты көптеген ғы­лыми құжаттар бар. Екіншіден, қалай болғанда да Фран­цияға сапарды жалғас­тырып, қазақтарға қатысты құжаттарды алу қажет. Оған қоса Ұлыбританияға оралудың да маңызы зор. Бұл елдегі мен жұмыс істеген архивтерді әлде де «қаза түсу» керек. Егер Қытай мемлекеті өз мұрағат­та­рында әрі қарай зерттеу, іздестіру жұмыс­тарын жалғастыруға рұқсат берсе, ғаламат болар еді. Алғашқы жұмыстар жүргізілді. Шығыстану институтының дирек­торы Меруерт Әбусейітова Қытай­дың Бейжіңдегі бірінші архивімен келісімге келгенін білесіздер. Мұнда қазақ-қытай дипломатиялық қарым-қатынас­тары тура­лы құжаттар өте көп. Және бізде осы елде тұратын қазақтар туралы мұрағаттық мәлі­меттерді жи­настыру кезек күттірмейді. Түркиядан да Осман империясы кезіндегі, Анкарадағы, Алтай­көйдегі Нидеде өз тарихымызға қатысты тарихи деректерді табуға болар еді. Ыстамбұлдағы Топқапыда да біраз дүниелер бар. – Осы сауапты сапарларды жүзеге асыруға, зерттеу жұмыстарын жалғас­тыруға кімдер және қандай мекемелер ықпал ете алады? – Меніңше, диаспорология бойынша немесе этностық саясатқа байланысты арнау­лы ғылыми-зерттеу институтын ашу қажет. Осыны 15 жылдан бері жазып, көтеріп жүрміз. Өйткені, этностық саясат тек қана диаспора мен ирредентаны қарастырмайды. Мәселен, ирредентаға Ресей, Өзбекстан мен Қытай мемлекеттерінде, ата-бабаларының жерінде тұрып жат­қан қандастарымызды жатқызуға болады. Диаспора – елден түрлі себептермен қоныс аударғандар. Және біздің елімізде 129 ұлыстың өкілдері тұрып жатқанын ұмыт­пауымыз қажет. Амандық болса, бүгін басталатын ғылыми мәжілісте қазіргі этностық және миграциондық үдерістерге, этностық саясат пен этностық әлеуметтік шиеленістерге қатысты көптеген мәселелерді тал­қы­лайтын боламыз. Осы келеңсіздіктерді болдырмас үшін этношиеленістердің тео­риясы мен тәжірибесін сараптап көрмек­піз. Мәселен, Қазақстан тәжірибесі арқы­лы Орталық Азия­дағы ұлттарға, қазақтарға қатысты саясатты зерттеу қызықты ғана емес, мүд­делі де іс. Қазақтар әлемнің 40-қа жуық елінде тұрып жатыр. Олардың әлеу­меттік жағдайы, қызмет дәрежесі, кәсіби машық­тары да әртүрлі. Осының бәрін салыс­тырмалы түрде зерттейтін жобаны қолға алып отырмыз. Бұл істе бізге Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы төраға­сының орын­басары Талғат Мамашев көп жәрдем беріп жүр. Қазақстанда тұратын халықтар тату-тәтті өмір сүріп жатса да, Орталық Азияда этностық шиеленістер ара-тұра орын алып жатқанын жоққа шығармау қажет. Сондықтан да, осы мәселелерді зерттеу, алдын алу біз үшін қай кезде де өзекті. Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты бағытымыздың дұрыстығын көрсетіп берді. Қазір дүние жүзі елдері Қазақстанмен санасады, арқа сүйейді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.