Кеш барысында Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің жанындағы «Мірдің оғы» әзіл-сықақ отауының өнерпаздары Сейіт Кенжеахметұлының интермедияларын сахналады. Ал сатира сардары ұрпақтарының атынан Светлана Сейітқызы әке жайында толғана сөйлеп, көңіл елжіретер сағынышты естеліктер айтты.
Іс-шара аясында «Сан өнердің сарбазы» атты көрме ашылып, көпшілік қаламгердің көзі тірісінде өзі тұтынған кездігін, қағаз кесетін пышағын, радиоқабылдағышын, оюлы кесесін, көргенде көзге оттай басылатын ақ қалпағын, домбырасын, өзге де жеке дүниелерін тамашалады.
«Сейіт Кенжеахметұлы – тек сатирик жазушы, этнограф ғалым ғана емес, кешегі өзі көзін көрген Нұрхан, Ахметхандардың жолын жалғап, айтысқа да қатысқан суырып салма ақын. Мысалы, 1967 жылы Қостанай қаласының атынан айтысқа шығып, Рудный қаласының ақыны Назиқа Ерғалиевамен сөз қағыстырған. Сейіт аға өзінің халқын, оның әдет-ғұрпын, дәстүрін, мәдениетін сүйді. Қаламгер «Торғай таңы» газетінде қызмет етіп жүргенде сол кездегі партияның идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырып алып: «Сен сатираны жаза бересің ғой, бірақ мына қазақтың ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрін кім жинайды? Осы шаруаны қолға алсаң, қайтеді?», деген ұсыныс айтады. Осылайша, Сейіт ағамыз жылдар бойы талмай ізденіп, ұлтымыздың салт-санасы, дәстүр-мәдениеті туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үш томдық кітап шығарып кетті», дейді Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейі директорының орынбасары Батырлан Сағынтаев.
Қостанай облысы