Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Оған «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» РҚҰ президенті Раушан Сәрсембаева, «Luxury Antonovich Design» жобасының жетекшісі Елена Антонович пен «International Gold Group» ЖШС бас директоры Сандуғаш Бекжігітова қатысты.
Брифингте Раушан Сарсенбаева іскер әйелдер ұйымы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын қолдайтынын, еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Нұрсұлтан Назарбаев әйелдердің жағдайын жақсарту ісіне ерекше көңіл бөліп келе жатқанын, соның арқасында Қазақстанда әйелдердің саясатта, бизнесте және қоғамның барлық салаларында нәзік жандардың әлеуетін дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті.
–Елімізде әйелдер үшін барлық жағдайдың жасалып жатқанын Парламент Мәжілісіндегі депутаттардың санынан да көруге болады. Егер 2006 жылы әйелдер аз болса, қазір біздің үлесіміз 27,1 пайызға жетті. Яғни, елімізге маңызды шешім қабылдайтын адамдардың 30 пайызы әйелдер. Ал барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер өкілдігінің деңгейі сайланған депутаттардың жалпы санының 22,2 пайызына жетіп отыр. Бұл жағынан Қостанай мен Ақтөбе облыстары бәрінен озып тұр, – деді ол.
Сонымен бірге ол әйелдер қауымы ел экономикасының дамытуға да қомақты үлес қосып келе жатқанын айтты.
–Мәселен, соңғы 10 жылда жылдан жылға әйелдің жұмыссыздығы 1,6 пайызға төмендеп, бизнестегі әйелдердің үлесі 50 пайызға дейін өсті. Әйелдер Елбасының барлық бастамаларының сенімді қолдаушыларына айналып, өкіметтің барлық реформаларына белсенді араласып, тәуелсіздігімізді нығайтуға маңызды үлес қосып келеді, – деді Р.Сәрсембаева.
Жиында Іскер әйелдер қауымдастығының басшысы нәзік жандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, отбасындағы кикілжіңдерге қатысты проблемаларының бар екенін де айтып, соларды шешу үшін тиісті жұмыстың жасалып жатқанын жеткізді. Ал жалпы айтқанда Раушан Сәрсембаева Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы әйел, еркек кіндік демей бәріміздің болашағымыз үшін жасалған құжат екенін, оны халқымыз бір-бірімізді ұлтқа, жынысқа, дін мен тілге бөлмей бірігіп іске асыру керкетігін айтты.
Брифингте кәсіпкерлер Елена Антонович пен Сандуғаш Бекжігітова да Жолдауды қолдайтынын, онда Елбасы елімізді жан-жақты дамытуға барлық алғышарттарды жасап бергенін, егер соларды іске асырсақ болашағымыздың баянды болатынын атап өтті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»