14 Ақпан, 2017

Құтқарушылар қар көмген ауылдан аяғы ауыр үш әйелді перзентханаға жеткізді

447 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанай облысының шалғайдағы Қарасу ауданында Ушаков ауылын қысымен қар басып қалды.Жақында ғана ақпандатқан боран күндері осы ауылдан босануға тиісті екіқабат әйел мен демікпемен ауыратын ер кісіні жедел ауруханаға жеткізу керек болды. Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару отрядының қызметкерлері жол таңдамайтын ТРЭКОЛ автомбилімен  екіқабат әйелді, ауру кісіні және олардың туыстарын алып,  оппа қармен жүріп отырып, 25 шақырым жердегі даңғыл жолға шығарды. Аяғы ауыр әйелді күтіп тұрған жеңіл машина Әулиекөл аудандық ауруханасына жеткізді, ер кісіні Қостанайға алып кетті. Құтқарушылардың айтуынша, Ушаков ауылына жететін жолды көмген қармен құтқару техникаларының өзі зорға жүреді. Қыс бойына  қардың тұтқыны болған ауылдан  құтқарушылар аяғы ауыр үш әйелді  перзентханаға жеткізді. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»