Биылғы жылдың 25 қаңтарында Мемлекет басшысы өзінің өкілеттілігін мемлекеттік билік тармақтары арасында қайта бөлу мәселесі бойынша арнайы үндеу жолдаған болатын. Елбасы өз сөзінде Президенттің кейбір өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке берудің екі негізгі бағыты бойынша тапсырма берді. Мемлекет басшысының заң жүзінде бекітілген өкілеттілігін қайта бөлу мәселесі бойынша Әділет министрлігінің жүзеге асырып жатқан жұмыстары жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен ақпарат алмасу алаңында заңнама департаментінің директоры Дархан Игембаев айтып берді.
Оның айтуынша, Президент өкілеттілігін қайта бөлу жұмысы екі бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші бағыт – конституциялық деңгейде билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды теңдестіру;
Екінші бағыт – Үкімет пен басқа атқарушы органдарға Президенттің Заңмен белгіленген әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеу жөніндегі өкілеттілігінің бөлігін беру.
Осы орайда департамент директоры екінші бойынша жұмыстарды атқару Әділет министрлігіне тапсырылғанын атап өтті.
«Әділет министрлігінің жанынан жұмыс тобы құрылып, олар 298 заң, 11 конституциялық заң мен 20 кодекстің мәтіндеріне талдау жасады. Нәтижесінде Президенттің Заңмен белгіленген әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеу мәселелері бойынша екі Заң жобасының тұжырымдамасы дайындалды», – деп атап өтті Д.Игембаев.
Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан"