07 Сәуір, 2011

Дәуір биігінен табылған басшы

404 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Іргелі ел атанып, бабаларымыз ғасыр­лар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге биыл жиырма жыл. 28 қаң­тардағы кезекті Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Биыл – біз үшін ерекше қастерлі жыл. Біз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық. Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағын­дыр­дық», деп атап көрсетті. Шындығында да осы жылдар ішінде көп нәрсеге қол жеткізіп үлгердік. Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем жұртшылығы кеңінен танып біле бастаса, ол республикамыздың Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шетелдердегі және дүние­жүзі­лік қауымдастықтар ал­дын­дағы беде­лінің, зор абыройының ар­қа­сы деп білуіміз керек. Теміртаудағы озат жас жұмысшы Нұрсұлтан Назарбаев Бүкілодақтық Ленин комсомолы Орталық Комитетінің мүшесінен Қазақ КСР Министрлер Ке­ңесі­нің Төрағасына дейінгі қызметтерде жүрген жылдарында өз бойындағы жаңа­лықты мейлінше жылдам қабылдай білетін айрықша дарынымен, шебер ұйым­дастырушылық қабілетімен, терең кемел саясаткерлігімен республикамызға ғана емес, бүкіл Одақ көлеміне таныла білді. Кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев орайлы бір сәтінде: «Назарбаевты Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне ұсынға­ным­да үлкен міндет артқан едім, ал оның дарын-қабілеті менің күткенімнен де артық болып шықты», деп жұмысына қатты сүйсінетінін, риза екендігін білдіріпті. Еліміз егемендік алған жылдар ішінде жүзеге асқан ең үлкен міндет қандай десек, бірінші кезекте Президентіміздің тікелей бастамашылдығымен астананың көшірілуі ойға оралады. Бұл халқымыздың болашағы үшін елеулі рөл атқаратын өте зор саяси мәні бар іс. Біріншіден, Отанымыздың бас қаласын Қазақстанның орталығына әкелу арқылы кең-байтақ елімізді орталықтан басқару мүмкіндігі ұлғайды. Екіншіден, республиканың солтүстігі мен орталығына жергілікті ұлт өкілдерінің көптеп шоғыр­лануына барынша жағдай жасалды. Үшін­ші­ден, осы уақыттарға дейін бізде жалғыз Алматыдан өзге ауыз толтырып айтар­лық­тай әсем де ірі қаламыздың болмағаны анық. Бүгінде елорда құрылысының ел экономикасын алға бастыруға да үлкен септігін тигізіп отырғанын айта кету қажет. Сол арқылы қалада көптеп жаңа жұмыс орындары ашылды, құрылыс индустриясы жақсы қарқын алды. Шын мәнінде Астананың өркендеуі Қазақстанның өр­кендеуіне ұласты. Кешегі аға ұрпақтардың салып кеткен жолымен жүріп, соны алға қарай дамыту, өмір жаңалығын ескеру, көне мен жаңаны ұштастыру – Қазақстан халқының міндеті. Елдің тәуелсіздігі көп нәрсеге ой салды­ра­ды. Мұнда тарихи сананы ояту, жоғал­ға­нын өзіне қайтару, өрлеу дәуіріне жол ашу деген мағына, сондықтан қазақ­стандық патриоттық тәрбие деген ұғым тек қана айтыла салатын дерексіз ұғым емес. Ол ең алдымен нақты, өз ұлтына, сонда тұрып жатқан халықтарға берілген, адал еңбек ете алатын, жалпы халықтық, әлеуметтік мә­дениетті түсініп, білетін соның нұсқ­аларын өз халқының қажетіне жарата алатын, бас­қалары түсіне білетін нағыз адам сүйгіш­тік, қазақ­стандық патриоттық рухтағы белсенді адамдарды тәрбиелеу үшін керек. Бізді әлемге мойындатқан ұлы күш – ынтымақ пен бірлік. Себебі, татулық тетігі Қазақстанда берік сақталған. Біздің Қазақ елі жаһанға ынтымақтың ұясы ретінде та­нылды. Еліміздің Еуропа төріне шығуы – мемлекетіміздегі толеранттылықтың жо­ға­ры деңгейге көтерілуінің арқасы, елдегі ты­ныштық пен діндер арасындағы тату-тәт­ті­ліктің нәтижесі. Себебі, мемлекеттік сая­сатымыз, заңдарымыз осы ынтымақ пен бірлікті сақтауға бағыт­тал­ған. Ең бірінші құндылығымыз – адам­ның өмірі мен бос­тандығы. Біздің өмір танымымыз, консти­туциялық құрылы­мы­мыз – барлы­ғы төзім­ділік идеясына негізделген. Қазір Қазақ­станда дәл осын­дай қоғам қалып­тасуда. Ынтымақ пен бірлікті қуаттайтын, барлық этнос өкіл­дерін бір тудың астына біріктіретін қоғам қалыптасып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы – әлемнің аса ірі мемлекет басшылары мойындаған қазақ мемлекетінің ең алғашқы басшысы, дү­ние жүзіне әйгілі саясаткерлердің бірі. Ол – ел басқару ісінде халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі мен әлемдік тәжірибені тал бойына тоғыс­тыр­ған алым­ды да алғыр басшы. Ел өмірінің алуан са­лалы тіршілік-тынысын терең білу, маң­дай тіреген проблемалардың ең елеулісін тап басып тани алу, елішіндік және әлем­дік ахуалдармен санаса отырып, ұрымтал әрекеттерге бару, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзе­ге асыру – Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың Мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті. Қоғамға ең керегі – елдің ертеңіне деген сенім мен үміт. Қашаннан бері ел мен жұртқа адалдық биігінен көрінген Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясаты – өркениеттілікке нық қадам басудың өзіндік үлгісі деп санаймыз. Нұрғали ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВ, Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қордың басқарма мүшесі. Алматы.