15 Ақпан, 2017

Ақтөбенің ақ тарысы ұлттық бренд атануға лайықты

968 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Таза табиғи өнім өндіріп қана қоймай, оны өңдеу ісін жолға қоя білген сала өндірісшілері республикамыздың қай қырынан да табылады. Солардың алғашқы сапында Ойыл ауданының тары өсірушілері тұр десек қателеспейміз. Нартəуекелге негізделген, тек жаңбырға тəуелді тəлімі жер жағдайында да астық өсіру тəжірибеге берік орныққан. Мұндай жағдайда оның қамырлылығы жоғары болатынын мамандар ғылыми тұрғыдан əлдеқашан дəлелдеп қойған. Тарыны да осылай өсіруге ешкім тыйым салмайды. Əйтсе де, бұл дəнді дақыл негізінен суармалы жағдайда жақсы өнім беретіні аян. Тарыны қадірлей білетін ежелгі халықтық дəстүр де осы екінші жолдан тамыр тартады. Бұл жөнінде аймақта бастауын Шығанақ Берсиевтен алатын ата кəсіп пен дəстүр сабақтастығы əлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазіргі кезде Ақтөбе тары өндірумен айналысатын еліміздегі жеке-дара өңір болуымен ерекшеленеді. Бұл айрықша мəртебе мұндағы мамандардан терең жауапкершілік пен кəсіби шеберлікті ежелгі қыры мен сырын терең меңгеруді талап ететіні талассыз. Тек сонда ғана Ақтөбенің ақ тарысын ұлттық брэнд деңгейіне көтеруге жол ашылары анық. Өткен жылы Ойыл ауданындағы кəсібін тары өсіруге негіздеген «Жақып», «Əділет» жəне «Барыс» секілді шаруа қожалықтары өздері көздеген меже үдесінен шыға білгені үлкен ме- рей. Бұлардың қай-қайсысы да тарының қадыр-қасиетін жақсы білетін, оның дəруменге өте бай екеніне көздері жеткен еңбек майталман дары екеніне шек келтіру қиын-ақ. Оларды «Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады» деген халық даналығын бойларына сіңіріп өскен даланың перзенттері десе де артық емес. Бір қызығы, бүгінде халықаралық зерттеуші-мамандар мен ғалымдар еліміздің батыс өңірінде өсетін далалық дақылды жан-жақты зерттеуге үлкен ынта-ықылас қойып отырғаны байқалады. Ойылдағы тары өсіру тарландарының өнімі дүниежүзілік көрмеде жоғары бағаға ие болғаны осының дəлелі. Сондай-ақ, Ақтөбенің ақ тарысын отандық тағамтану технологтары еліміздің түкпір-түкпіріндегі перзентханалар мен ауруханалардың ас мəзіріне енгізуге лайықты екенін айқындап отыр. Тары өсіру ісінің тек өзіне ғана тəн жолдары мен тəсілдері бар. Оны сақтай алмасаң алынуға тиісті өнімнің тең жартысынан қағылды дей беріңіз, деді газет тілшісіне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант иесі «Жақып» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Жақып. Оның айтуынша, жеке суару техникасымен тарыны стандарттық жобада қаптайтын станокта екінің біріне тілін бере бермейді екен. Жалпы, бүгінде жоғарыда айтылғандай, тары дақылын зерттеу нəтижелері оның əлемде үлкен сұранысқа ие екенін айғақтай түседі. Тіпті, бұл жөнінде бүгінде халықаралық ұйым құрылғанын да біреу білсе, біреу біле бермеуі мүм кін. Оған мүше болып отырғандар да ақтөбелік тары өсіру шілер болып шықты. Іс басында жүрген мамандардың мəлімдеуінше, тарыны өсіргеннен гөрі оны өңдеу мен өткізудің қалтарыстары көп көрінеді. Бұл үшін тары өсірушілердің мемлекеттік стандартқа сай келетін сертификаттары болуға тиісті. Əйтпесе, есіл еңбек еш кетті дей беріңіз. Міне, Ойыл өңірін дегі Шығанақ Берсиевтің бүгінгі ізбасарларында осындай мүмкіндіктердің болуы, əрі арнайы патент алуға құжаттары əзірленуі бұл істің келешегі кемел бола алатынын көрсетеді. Бүгінде Ақтөбенің ақ тарысын өңделмеген шикі күйінде қолдану дəуірі əлдеқашан өтіп кеткен. Халқымыз «жауынгер дақыл» деп атап кеткен тарыдан əзірленетін басты өнімдердің бірі жент. Оның жиырмаға тарта түрін жасап шығаруға болады деседі осы істің басы-қасында жүргендер. Бұл тағамның басты өзгешелігі әрі артықшылығы күннің ыстық кезінде бұзылмайды, ал аязда қатып қалмайды. Ақтөбе тарысынан дайындалатын тағамның бұл түрі бүгінде таяу және алыс шетелдерде үлкен сұранысқа ие екенін де оқырман қаперіне сала кетейік. Айталық, қазір «Жақып» шаруа қожалығы Ақтөбе қаласындағы кондитер тағамдарын өндіруге маманданған «Ваниль» фирмасымен келісімшартқа отырып сырты шоколадпен қапталған жент шығару өндірісін жолға қойыпты. Қазір мұнда оның бірнеше түрі тұтынушыға жол тартады. Ойы озық өндірісшінің бүгінгі басты мақсаты оны экспортқа шығару болып отыр. Жұмабай Жақып бұған дейін дәмі тіл үйіретін ұлттық табиғи өнім арқылы Туринде өткен дүниежүзілік көрмеде италиялықтарды таң-тамаша қалдырған болатын. Сондықтан да ол бірінші кезекте экспорттық өнімнің тұңғыш партиясын дәмін әлі күнге дейін ұмыта алмай тамсанып жүрген италия халқына жөнелткенді жөн көреді. Осы арқылы ол Ойылдың кең жазығында өскен дақылды тұтастай ұлттық брэндке айналдыруды мұрат тұтады. Жұмабай Жақыптың тарыдан жасалған ұлттық өнімдері биылғы жазда болатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысушыларға ұсынылмақ. Содан кейін ол қараша айында Оңтүстік Кореяда өткізілетін ұлттық тағамдар көрмесіне тары мен жарманы және жентті жеткізуді көздейді. Сондықтан дала тарланы шетелге шығаратын өнім қорабының сыртына оның атауын қазақша және ағылшын тілінде жазуды назардан тыс қалдырмаған. Оның сыртында Шығанақ Берсиевтың бейнесі безерленуі оның тары атасы екенін танытып тұрғандай. Біз осы материалды газетке әзірлеу кезінде есімі Ақтөбе аймағына кеңінен танымал өлкетанушы, тарыны өсіру мен өңдеу ісінің бірқатар мәселелері мен проблемаларын арнайы зерттеу нысанына айналдыра білген аға-ұрпақ өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ырысжан Ілиясоваға жолығып көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты ой-пікірін айтып беруін өтінген едік. Бұл тұрғыда көкірегі ояу, пайымы мен парасаты мол жан, тарыны тек бір ұлттық тағам деңгейінде ғана қарастыру аздық ететінін айтты. Сондықтан да өлкетанушы адам денсаулығына тек оң әсерін тигізетін әрі емдік қасиеті медицина ғылымында дәлелденген дақылдың көкжиегін көтеру үшін тұтастай ғылыми өндірістік кешен құру қажеттілігі жөнінде ой қозғады. «Тақыр жерге тары да, дән де шықпайды. Осыны ескерген жанашыр жан бұл жобаны Ақтөбедегі ауылшаруашылық колледжі базасында қолға алуға болатынына екпін түсірді. Сондай-ақ, оның ойынша тарыны өндіру мен өңдеу жөніндегі халықтық тәжірибе заманауи технологиямен жаңғыртылуға тиіс. Сонымен бірге, біз тары өсіру ісіне қажетті мамандарды  әзірлеуге осы бастан жете көңіл бөлмесек, оны ұлттық брэндке айналдыру жөніндегі ой-мақсаттарымыз құр қиял әрі бос әңгіме түрінде қалып қояды», деп қорытты өз әңгімесін Ырысжан Ілиясова. Біз осы тиянақты тұжырыммен бүгінгі материалымыздың нүктесін қойғанды жөн көреміз. Темір ҚҰСАЙЫН, "Егемен Қазақстан" Ақтөбе облысы