2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ОПЕК пен оған кірмейтін өзге де мұнай экспорттаушы елдер мұнай өндірісі көлемін жыл ортасына дейін тәулігіне 1,2 млн баррельге азайту туралы ортақ келісімге келген еді. Ұйымның мәліметінше, бүгінде аталған көрсеткіштің 90 пайызы орындалған.
Соның ішінде Сауд Арабиясы, Ирак пен Біріккен Араб Әмірліктері жоспарлы көрсеткішті орындап тастаса, өткен аптада Ресей өзіне тиесілі 600 мың баррельдің 300 мыңын қысқартқанын мәлімдеді. Керісінше, Ливия мен Нигерия аталған келісімді әлі орындамай отыр. Ал тәулігіне 20 мың баррель қысқартатын болып келіскен Қазақстан қаңтар аяқталмай жатып өндірісті желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 30 мың баррельге азайтып, ұйым алдындағы міндеттемесін артығымен орындап тастаған. Бұл туралы еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев журналистерге берген сұхбатында айтқан еді. Ал өткен аптада Елбасының қабылдауында болған министр жаңа тапсырма алды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев оған биыл мұнай өндірісін көбейтуді тапсырды. Осылайша, еліміздің бас энергетигі бір жағынан ОПЕК шартын сақтай отырып, екінші жағынан отандық мұнай өндірісін қайта күшейтуге бекініп отыр.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, ОПЕК елдері мұнай өндірісін қаңтар айында келісімшартта көрсетілген көрсеткіштен 90 пайызға азайтып үлгеріпті. Осылайша, мұнай өндірісі қаңтар айында тәулігіне 1 млн баррельге қысқарып, жалпы өндіріс көлемі қазір 32,06 млн баррельге теңесті. Ал жыл басында шикізат нарығына жасаған болжамында АҚШ-тың Goldman Sachs инвестициялық банкі мұнай өндірісін азайту туралы ОПЕК+ (ұйымға мүше және оған кірмейтін экспорттаушы елдер) келісімінің 84 пайызға орындалатынын хабарлаған еді.
Жалпы, банк мамандарының пікірінше, 2018 жылға дейін нарықтағы бұл екіұдайылық сақталғанымен, жыл ортасына дейін қара алтын құны барреліне 59 долларды маңайлап қалуы тиіс.
1 қаңтарда келісімшарт күшіне енгеннен кейін нарықтағы мұнай бағасы едәуір көтерілді. Жылды 50 доллардың үстінде қорытындылаған Брент маркалы мұнай айналасы бір айдың ішінде 10 пайызға дейін көтеріліп, қаңтардың соңында 57 долларға дейін жетті. Алайда, ОПЕК+ елдерінің өндірісті азайтқанын өз ұпайларына тиімді пайдалана білген АҚШ энергетикалық компаниялары өндірісті еселеп арттырды. Америкалық Baker Hughes агенттігінің мәліметінше, қазіргі таңда АҚШ-та жұмыс істеп тұрған бұрғылау құрылғыларының саны 2015 жылдың қарашасынан бергі рекордтық көрсеткішке жеткен. Яғни, АҚШ шикізат нарығында өзінің орнын белгілей бастады. Инвесторлардың ОПЕК+ келісіміне бір кездері сенімсіздікпен қарағаны да осы еді. Еуразиялық кеңістікте өндіріс азайтылғанымен, есесіне АҚШ-тың тақтатас мұнайы нарықтағы үлесін арттыруда. Бұл, әрине, ОПЕК-тің жоспарына қайшы келіп тұр. Нарықтағы ұсыныстың көптігін жою үшін өндірісті азайтып, ұсыныс пен сұраныстың тепе-теңдігін орнатып бағаны қалыпқа келтіреміз деген ОПЕК елдеріне енді АҚШ өндірісі кедергісін келтіруде. Мәселен, кеше ғана ОПЕК ұйымының ай сайынғы есебінде өндіріс көлемінің азайтылуы жоспардан артық орындалып жатқаны айтылғанымен, баға керісінше, апта басында өткен апта соңындағы көрсеткіштен арзандап, 55,80 долларға дейін құлдырады. Өйткені, АҚШ өндіріске қарқын беруде.
Теңгенің долларға шаққандағы бағамына негізгі әсер етуші фактор мұнай болса, өз кезегінде мұнайдың құнын белгілеуде доллардың өзіндік құнының маңызы жоғары. Commerzbank сарапшысы Карстен Фритчтің пікірінше, 57 долларлық межені сақтап тұру үшін қазіргі таңда шикізат нарығы дайын. Алайда, Трамп президенттігінің алғашқы күндерінен бастап қор нарығында доллар бағамының тұрақсыздығы қара алтын бағасын бір орынға тұрақтатпай отыр. Егер жыл ортасына дейін доллар өз орнын тауып, тіпті нығая түсетін болса, мұнай бағасы әлі де көтеріле түсуі тиіс.
Салыстырмалы түрде 2017 жыл шикізат нарығы үшін жайлы болмақ. Халықаралық энергетикалық агенттік қара алтын құны 57,5 доллар болады дейді. Ал Goldman Sachs инвестициялық банкі бұл көрсеткішті 59 долларға дейін көтерген. Жыл басында «Самұрық-Қазынаның» жасаған жорамалында мұнай бағасы 50-52 доллар аралығында ауытқиды делінген. Дегенмен, бұл жорамалдың ақиқаттан алшақ екені қазірдің өзінде байқалуда. Сарапшылардың пікірінше, баға енді 54 доллардан түспеуі тиіс.
Қалай дегенде де, Қазақстан экономикасы мұндай сценарийлердің өрбуіне дайын. Олай дейтініміз, дүйсенбіде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкіметте 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттің нақтыланған нұсқасын таныстырды. Онда алдағы жылы ІЖӨ өсімі 2,5 пайыз болады деумен қатар, мұнай бағасы 50 доллармен белгіленген. Ал теңгенің долларға шаққандағы бағамы 330 деп бекітілген.