15 Ақпан, 2017

«Қазір драматургияның дәуірі туды деуге болады»

583 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Жазушы-драматург, филолог-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлымен сұхбат барысында алаш арыстары, қазіргі драматургия төңірегінде әңгіме қозғаған едік. – Жолтай аға, биыл – Алаш­орда мем­ле­кетінің 100 жыл­дық мерейтойы. ХХ ға­сыр ба­­сында қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаш» партиясы және құ­ра­­мында Тұрар Рысқұлов, Нә­зір Төреқұлов социал-де­­­мократтар партиясы айна­лы­­­сында топтасты. Арада бір ға­­сыр өткенде Тұрар, Нәзір тә­різ­ді арыстарымыз алаш­тық­тар­­дың тасасында қалып қой­ған тәрізді... – Алаш қайраткерлерінің арманы қазақты озық елдердің қатарына қосу болатын. Ұлы идея өз деңгейінде жүзеге аспады. Оған Алаш көсемдері кінәлі емес. Осы ретте Алаш қайраткерлерін жан-жақты зерттей алдық па? Алашты тану деңгейін ұлттық идеологиямыздың ұстынына айналдыра алдық па? Жоқ. Алаш тарихының ақтаңдақтары әлі толық ашылған жоқ. Алаш идея­сы­ның бастау бұлағында тұрған Әлихан Бөкейхановтан бастап бітімі бөлек тұлғаларымызға деген «қыли» көзқарастан әлі арылып біткеніміз жоқ. Заманның екпі­німен көзқарастары екіге жарылған азаматтарымыздың арасын бөліп-жаруға, тіпті ұмыт­ты­рып жіберуге ниеттенген көз­қа­растарды жиі байқаймын. Тұрар Рыс­құловтың бағы бар екен. Тұ­рар бейнесін Шерхан Мұртаза кө­р­кем тілмен кестелеп шықты. Тұрар атақты Мұхамеджан Тынышпаевқа Түрксіб темір жо­лы­­ның жауапты учаскесін сеніп тап­­­сырған. Әлихан Бөкейхановқа ба­­рып, ақылдасып отырған. Тұ­рар Рысқұлов Жаһанша Дос­мұ­хамедовпен бажа болған. Егер, зерттей берсек, зерделей берсек, ХХ ғасыр басында өмір сүр­ген қазақтың озық ойлы аза­мат­тарының басын қосатын дерек­тер көп. – Өзіңіз де алаш арыстары төңірегінде қалам тербеп жүрсіз гой? Алаш ары­стары дейтін алыптар тобынан осы Н.Төреқұловтан бас­қа Сұлтанбек Қожанов, Сыдықбек Сапарбеков секілді ай­тулы қайраткерлер өмірін де түбегейлі зерттеп-зерделеген екен­мін. Тарихи зерттеумен қабат әңгіме, пьесалар да қаламыма ілікті. Айталық, Нәзір туралы пьесам «Сана дерті» деп аталады, ол Түркістан драма театрында 10 жылдан бері сахна­ла­нуда. С.Қожанов туралы «Сталинмен бетпе-бет» деген драма жаздым. Ал, айтулы қайраткер С.Сапарбеков пен ақиық ақын С.Сейфуллин арасындағы пікір та­л­асына құрылған пьесамды Қарағанды театрында 2015 жылы қаңтар айында қойды. Жалпы, Алаш арыстары та­қы­рыбына соңғы 20 жыл бойына бойлап еніп, әуелі тарихи очерктер, эсселер, содан соң барып көркем шығармалар жазуға отыр­ғанымды айта кетуге болады. Бұл сала – өте жауап­ты, өте күрделі тақырып. Оған атүсті, дайын­дықсыз, аяқ астынан бара салуға болмайды. Кейінгі жас буын сол жағын есте ұстаса деймін. - Сіздің қазақтан шыққан ал­ғаш­­қы дипломат Нәзір Төре­құ­лов­тың тағ­ды­рына бей-жай қарай алмай­ты­ны­ңыз­ды бі­­лемін. Ол туралы ең­бе­гі­ңізді ке­­зінде көп­шілік жы­лы қа­бы­л­да­ды. Ал­да­ғы уа­қыт­та Нәзірдей аза­маттың то­лық­­қан­ды бей­несі сіз­дің шы­ғар­ма­ңызда орын алуы мүмкін бе? – Оныңыз рас, Нәзір Төреқұлов се­кілді көп тіл біл­ген, ғалым-жур­на­лист, жан-жақ­ты білімді алаш арысының ма­ғы­налы ғұмыры менің шы­ғар­ма­шылығымның бір қы­ры­на ай­налғалы қашан. Мен бұл қай­раткердің өмірін, қызметін ша­мам жеткенше жан-жақты зер­деледім, зерттеулер, басқа да көр­кем шығармалар жаздым. Ал­ғаш­­қы еңбегім 1996 жылы жеке кі­­тап болып басылған-ды. Ол ту­ра­лы кейінгі кезде жаңа, соны де­ректер де жарық көріп жатыр. Сон­дықтан бұл тақырыпқа алдағы уа­қ­ытта да талай рет қалам тар­тар­мын деп ойлаймын... – «Мұңмен алысқан адам» ат­ты пье­са­ңыздың ағылшын ті­лін­дегі нұс­қа­сы­мен таныса отырып, ал­дағы уа­қыт­та жазы­ла­­тын үлкен ш­ы­ғар­ма­ның дай­­ын­­дығы тәрізді әсерде болдым. Та­­қы­рыпты көлемді көр­­кем шы­ғарма дең­гейінде жал­ғас­ты­ру ойыңызда бар ма? – «Дайындықпен келгеніңіз бай­қалады» деп өзің айтып отыр­ғандай, осындай ұлт басына түс­кен ауыр халді елдегі үлкен қариялардан, қасіретті жылдарды басынан кешкен адамдардың аузынан бала күнімнен естіп-білген едім. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қуғын-сүргін заманда кім қайда босып жан сақтамады? Бұл өзі, маңыз беріп қарасақ, өте ауыр трагедия. Ұлттың трагедиясы! Өз елінен, өз жерінен пана таба алмай, жат жұртқа жамырай көшу һәм ол жақта адам төзгісіз ауыр жағдайда тіршілік кешу – трагедия емей немене. Біз бұл тақырыпты, ашығын айту керек, әлі өз деңгейінде жазып, жан-жақты көрсете алмай келеміз. Бірлі-жарым қалам тартқандар болғанымен, осы оқиғаның ақ-қарасы әлі толық ашылған жоқ, ұлтты аса ауыр халге душар еткен сол «үдере көшу» әлі де талай көркем туындыларға негіз болады деп ойлаймыз. Өзімді де балаң жігіт кезден ойлан­ды­рып-толғандырған, ойға дамыл бермеген осы тақырып болатын. «Осыны жеріне жеткізе жазсам-ау» деген қиялдан бір сәт те ажырап көрген емеспін. Содан да болар, халықтың осынау мұң-наласын көрсету үшін драмадан бұрын, әуелі про­залық шығармаға барып, оқыр­манға ой салар дүниелер жаз­бақ­қа бекіндім. Аталған проб­лема «Күлкі мен көз жасы» деп аталатын роман-диологиямда жан-жақты көтеріледі. Бірақ сол шығармамды, ішім се­зеді, көптеген әріптестерім кө­ңіл қойып оқымады-ау деймін. Қыс­қасы даярлану кезеңі ұзаққа со­зылды. Өзің айтып отырған «Мұңмен алысқан адам» (екінші аты «Шетелде қартайған қазақ») драмасының көрерменнің кә­дім­гідей көңілінен шығып жатуы, жан-жүрегін тебірентуі бәл­кім, содан шығар. Сосын да жоғарыдағыдай баға беріліп жат­қан шығар деп шамалаймын. – Спектакльден соң «бұл қойы­лым­ның ал­дағы уақытта Астанада­ғы барша шет­елдік елшілердің қатысуымен сах­на­ланғанын қалаймыз, оны болашақта шетелдерге ұялмай алып баруға болатынын да байқадық» деген пікірлер айтылды емес пе? – Алдымен айтарымыз – бұл өзі бүгінгі заманамызға сай, бұрын-соңды қазақ мәдени өмірінде болмаған тың жаңалық деу­ге келеді. Аталған шығарманың ағыл­шын тілінде сахналануы бәрімізге де таң­сық дүние. Әрине, өткенде ғана үлкен драма­тург Дулат Исабеков ағамыздың тамаша туындысын шетелдік өнерпаздардың сахналауымен астаналықтар ағылшын тілінде тамашалады. Бұл да өнердегі бір бетбұрыс. Ал, менің шығармамды Еуразия университетінің өнерпаз жастары қалап алып, шетел тіліне аударып, содан соң өздері сахналап, (режиссері жас талант – Жамбыл Тілепов) рөлдерде өздері ойнап, көпшілік назарына ұсынды. Яғни, қазақ пьесасын қазақ өнерпаздары өз күшімен сахнаға шығарып отыр. Рас, оны шетелге шығару, сондағы көрермендерге апарып көрсету туралы пікірлер мерзімдік баспасөз беттерінде қайта-қайта айтылды. Алайда, ол менің ғана қолымнан келе ме? Бұл, әрине, алдымен Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет министрлігінің еншісіндегі мәселе. Ол тараптан да ықылас бар сияқты, ал енді оның әрі қарай өріс алуын уақыт көрсетеді. – Қазіргі драматургияда жа­­ңа за­ман­ның лебін сезу тым қиын. Әкем­театр­да қойы­лып ке­ле жатқан спек­та­кльдердің ал­­­ды 50 жыл, соңы 10 жылдан асып ке­тіп­ті. – Заманауи тақырыпты талай жазушыларымыз бен дра­матургтеріміз бір кісідей кө­теріп-ақ жүр. Бірақ олардың театр­лар­дағы ғұмыры ұзаққа бармай, уақытша ғана көрініс тауып жатуы әбден мүмкін. Біздіңше, сахнадан тез түсіп қалуының басты себебі – драманың солғындығы, тартыстың аздығы, образдардың дараланбауы. Бұл, әсіресе, аяқ астынан жарқ ете қалған «тосын» драматургтерге тән нәрсе. Басқа авторларды сынап-мінеп жатпай-ақ, өз басымнан ғана айтсам, бүгінгі заман жайлы әлденеше туындыларым жарық көрді, облыстық театрларда сан рет сахналанды да. Мысалы, «Бәйтерек басындағы кездесу», «Тірі жан», «Ай астындағы алтын шаһар» және басқаларын айта алам. Бұлардың тақырыптық тұрғыда бүгінгі заман мәселелерін қозғайтын, көрерменге ой салатын туындылар екені анық, ал енді көркемдік деңгейін әлі де көрермендер бағалай жатар. - Сіз «Өнер мен мәдениетке деген сал­қындық өзімізден бастау алып жатыр» дедіңіз Дулат Исабековке жазған ха­тыңызда. Бұл салқындықтың тоңы жі­битін сыңай бар ма? – Жалпы, қазіргі кезде драма­тур­гия­ның дәуірі туды деуге то­лық негіз бар. Өйткені, пьесаны сах­налауға кино түсіруге кететін уа­қыттың үштен бірі де жетіп жатыр. Сонымен бірге, спектакль бары-жоғы 1-2 сағат ішінде көл-көсір өмір шындығын алдыңызға тоса алады. Бұл деген адам жанын тазартуға, сезімді оятуға һәм жас ұрпақты ізгі ойларға тәрбиелеуге деген ең төте жол емес пе! Қаламгер Д.Исабековке арнайы хат жолдауымызға да осындай ойлар алдымен себеп болған-ды. Өз саламызға өзіміз салқын, тым селқос екенімізді ашық айтқанымыз да рас.Ашы­ғын айтқанда, бізде әлі де бұл ба­ғытта атқарылар іс, жүзеге асуға тиіс шаралар шаш етектен. Шеберлік турасында айтар бол­сақ – осы күні романист «әлсіз Әуезовтер» мен әңгіме жазғыш «менмен Майлиндер» көбейіп барады. Драма саласында «Қасаң Қалтайлар» қаптады. – Сіз бір жағынан мем­ле­кет­тік қыз­метте жүрген адамсыз... – Иә, қалаған уақытыңда жазу-сы­зуға отыра қалуға мүмкіндік жоқ. Демалысты пайдаланып, қолға қалам алып, ойдағы дү­ние­лерді қағазға түсіруге тырысамын. Жазылып жатқан бірді-екілі көркем дүниелерім бар. Соңғы жаңалығым екеу: бі­рін­шісі – өткен жылдың қо­ры­тындысы бойынша «Жылдың ең үздік драматургі» деген мара­пат­қа ие болдым, екіншісі – 60 жас­қа толуыма орай Мәдениет және спорт министрлігі арнайы тапсырыспен үш томдық «Тар дүние» деген роман-трилогиямды («Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ» және «Ұмытылған ұрпақ») басып шығарды. Соңғы 25 жылдық еңбегім бұл. Қазір көлемі өте қысқа романдардан (әлемдегі қазіргі үрдіс) және әңгімелерден тұратын «Қорғансыздың түні » атты жаңа жинақ әзірлеу үстіндемін. Келер жылы баспаға ұсынамын. - Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА, журналист