15 Ақпан, 2017

Әлем танығанды өзіміз неге мойындамаймыз?

681 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Төл спортымыз – қазақ күресінің ережесі мен ондағы балуандар кие­тін күртешелердің түр сипатын, оның өлшемдерін кезінде марқұм Бауыржан Жаналин ағамыздың талай жыл зерттеп, барлық қазақ күрес мамандарымен келісе отырып жасап еді. Сол кісінің бастамасы­мен қазақ күресінің ережелері бекі­тілді. Оған дейін балуандарға ұпай беру әдістерінің барлығы орысша жүр­гізіліп келсе, Жаналин ағамыз оның барлығын қазақшаға аударып, қолданысқа енгізді. Осы киімге байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Осыдан он шақты жыл бұрын, дәлірек айтсам 2008 жылы Оңтүс­тік Кореяның Пусан қаласында Дүние­жүзілік күрес одағының ұйым­дастыруымен әлемдегі елдердің ұлт­тық күресіне байланысты үлкен жиын өтті. Онда әр елдің өкілдері өздерінің ұлттық күрестері туралы баяндап, күрте­шелерін кеңірек таныстырып шық­ты. Біздің елден ол жиынға Бақыт­жан Жаңбырбаев ағамыз қатыс­ты. Ол кісі қазір Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығында төре­шілер алқасының төрағасы қызметін атқарады. Пусандағы жиынға дүние жүзінің 112 мемлекетінен өкілдер қатысты. Бақытжан аға баяндама жасардың алдында Өзбекстанның өкілі шығып, өздерінің ұлттық күрестері «курашты» таныстырған болатын. Бірақ, сол кезде Оңтүстік Кореяның бір азаматы тұрып, кураштың қол­данып жүрген киімін сынға алды. Оның айтуынша, кураштың күртешесі дзюдоның кимоносынан еш айырмасы жоқ. Тек түсін ғана өзгерте салған. Сөйтіп, өзбектің өкілін баяндамасын аяқтатпай, мінберден түсіріп жіберді. Осыдан кейін ортаға Бақытжан ағамыз шығып, қазақ күресінің ережелерінен бастап, күртешесіне дейін «тайға таңба басқандай етіп» таныстырып өтті. Тіпті ертіп апарған екі балуаны­мызды ортаға шығарып, қазақ күре­сінде қолданып жүрген «тоқта», «бүк», «жамбас» тағы басқа әдіс-тәсіл­дерді көрсетіп, көпшіліктің наза­рына ұсынды. Соңында залда отыр­ған адамдар­дың арасынан біреуі тұрып, мынадай сұрақ қойды: «Неге сіздердің киімдеріңіздің жеңі шын­тақтан жоғары?», «Неге шалбар балағы тізеден төмен түсіп тұрмай­ды?». Сонда Бақытжан ағамыз былай деп жауап берді: «Біз қазақ халқы көш­пенді халықпыз. Осыдан талай ғасыр бұрын ата-бабаларымыз ат үстін­де жүріп, қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен осынау ұлан-байтақ жерімізді сақтап қалды. Яғни, бүгінгі қазақ күресінің қолданысқа енген күртешесі сол заманда ата-бабамыз киген ұлттық киім – сауыттың үлгісінде жасалды. Сауыттың денеге ыңғайлысы сол – оның шынтақ тұсы мен тізе жағы ашық болады. Өйткені, ат үстінде жүргенде найза мен қылыш ұстағанға өте ыңғайлы. Сондай-ақ, тізе тұсының ашық болуы да, аттың үстінде тақым қысып отырғанға қолайлы». Міне, Бақытжан ағамыз қазақ күресіне арналған күртешенің шығу тари­хын осылай баяндап берді. Күр­тешенің қолданысқа кіргеніне он бес жыл өтті. Енді келіп, қазіргі Қазақ күресі қауымдастығы «ананы өзгер­теміз, мынаны өзгертеміз» деп безек қағуда. Бүкіл әлем таныған күртешені неге өзіміз мойындамаймыз? Қазіргі таңда қазақ күресінің күртешелері әлемнің қырықтан астам еліне тегін таратылып, ережелері түсіндірілді. Егер қазақ күресіне тағы да өзгеріс енгізіп немесе күртешелерді қайта тіктіріп жатсақ, шетелдіктер мұны түсін­бей қалуы да мүмкін. Қазақ күресі – әлемге танылған жас спорт түрлерінің бірі. Әлемдік чемпионатты өткізгенімізге де он-ақ жыл болды. Біз енді қалыптасып, әлемдік аренадан өз орнымызды тауып жатқанда «бүйректен сирақ шығарудың» қажеті жоқ. Мәселен, дзюдо күресіндегі балуан­дар сонау алпысыншы жылдары бекітілген кимоноларына ешқандай өзгеріс енгізбей-ақ, бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Жалпы, Қазақ күресі федерация­сы заңдық тұрғыда Азияның қазақ кү­ресі қауымдастығына қарай­ды. Ал Азияның қазақ күресі қауым­­дастығы Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығына бағынады. Сондық­тан, бұл жерде Қазақ күресі федера­циясының істеп отырған әрекеттерінің барлығы спорттың заңына қарама-қайшы. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, ертеңгі күні Қазақстан дзюдо федерациясы «кимононың жеңі ұзын» деп кесіп тастаса, сөйтіп Қазақстан чемпионатын өткізіп жатса, қалай болады? Халықаралық дзюдо федерациясы ондайға рұқсат бермейді ғой! Қазақ күресіне байланысты бүкіл ережелер Дүниежүзілік күрес одағында тіркелген. Сондықтан, алдағы уақытта ресми жарыстардың барлығы бұрынғы үлгідегі күртешелермен өткізілуі керек деп санаймын.

Серік ТӨКЕЕВ,

Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті