Кеше Астанадағы М.Горький атындағы орыс драма театрында өткен президенттік сайлау қорытындысына қолдау көрсету үшін этномәдени бірлестіктердің және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері жиналды. Олар Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтауларын жариялады. Аталмыш шара 2011 жылғы 4 наурыздан бастап еліміздің барлық аймақтарындағы 100-ден астам мәдени-бұқаралық шараларға қатысқан 90 мыңнан астам адамдардың жалпыреспубликалық электоралды акцияның бір арнаға тоғысқан жаңғырығы, шарықтау шегі болып табылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевты кезектен тыс сайлаудағы жеңісімен құттықтауын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов оқыды. «Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, бірліктен асқан мақсат жоқ. Біз – өткенін ұмытпайтын елміз! Біз ата-баба мұратын ұлықтайтын елміз! Біз Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында халық мұратын жаңа белеске шығарып, өз келешегімізді өзіміз кемелдендірген елміз. Халқымыз Отанға деген ыстық сезімін, азаматтық парызын, жалпыұлттық келісімді, берекелі қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тыныш өмір үшін жауапкершілікті басшылыққа ала отырып өз таңдауын жасады. Біз Сіздің басшылығыңызбен болашақтың іргесін бірге қалаймыз. Сіздің жеңісіңіз – бұл бүкіл Қазақстанның жеңісі, халық абыройының асқақтауы, қымбат Отанымыз үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығына ең қымбат сыйы», деп Ералы Тоғжанов құттықтауды оқи келе Мемлекет басшысы – Ұлт Көшбасшысына деген халықтың қолдауы орасан зор болғандығын арнайы атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің пікірлері бойынша, дауыс берушілердің сайлауға қатысудағы белсенділігі ерекше болды. Әсіресе, жастар өздерінің ел тағдырына бей-жай қарамайтындықтарын, Отан алдындағы жауапкершілік сезімі аса жоғары екендіктерін дәлелдеді.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Қазақстан украиндары Радасы» одағының төрағасы Юрий Тимошенко мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде «Өткен сайлау Президенттің Қазақстан халқының әл-ауқатының артуы мен өсіп-өркендеуіне бағытталған әлеуметтік және экономикалық саясатына бүкілхалықтық қолдаудың айшықты және салмақты дәлелі болғаны» аталды. Қазақстан халқының бірлігі, елдің тәуелсіздігі, бостандығы, тұрақтылық пен толеранттылық ұғымдарынан тұратын басты қазақстандық құндылықтар мәңгіге өз жалғасын таба бермек.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.