15 Ақпан, 2017

Сайраш Әбішқызы. Ұл-қызымыз өз тілін өгейсімей өссін

653 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ел газеті «Егемен Қазақстан» беттерінде тақырыптық топтамалармен берілетін жаңаша үрдісінде руханият тірегі – мемлекеттік қазақ тілінің күнделікті қолданыстағы жай-күйі жайында көпшіліктің көңілінде жүрген көп сауалды дөп басып, оның жауабын іздеуге бәрімізді жетелейтіндей өткір де тұшымды жарияланымдар жиі көріне бастады. Соның бірі, «Тілбұзарды кім тыяр?» (20.01.2017 ж.) сауалы көзіқарақты оқырманды селт еткізіп, ой-санасын билеп алатыны хақ. Қазіргі уақытта қазақ тілін бұзып сөйлеу, сөздерді бұрмалап айту да, жазу да қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны ащы шындық. «Биздин агай кайда?» деген сияқты қисық сөздерді естісек те елемейтін болып, көндігіп қал­ған­даймыз. Бір ң емес, ғ, қ, і, ө, ә, ұ, ү дыбыстарын бұзып айтатын қа­зақ жастарының қатары көбейіп барады. Олар ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгеріп алған болар. Көп тілді білсін, ешкім қарсы емес. Бірақ, ана тілімізді аяқ асты етуге әсте болмайды. Италиялық кәсіпкер-жиһан­кез Реналью Гаспириннің «141 мемлекетті араладым. Өз мем­ле­к­етінде өзінің ана тілінде сөй­ле­мейтін бір бейшара халықты көр­дім. Ол – қазақ» деп жазғанын оқы­дық. Расул Гамзатов сияқты арғы-бергі заманда өткен дуалы ауыз­ды даналардың ана тілі жоғалса, ұлт та жоғалатынын айтқан ащы шындық ақиқатқа айналды. Ана тілдері жоғалып, ұлттығын жойған халықтар туралы оқып, біліп отырмыз. Сексенінші жылдары қазақ тілін сақтап қалу жолында «Қазақ тілі» қоғамдары құрыла бастаған бір жиналыста көкшетаулық ақын Төлеген Қажыбаев «Ана тіліміз жоғалып, қазақ халқы музейлердің жәдігеріне айналып кетпейік. Музей қызметкерлері бір замандарда мынадай қазақ деген халық өмір сүрген деп, сайрап тұрмасын» деген жүрекжарды сөзі есімнен еш кетпейді. Шүкір. Қазақ тілін тамырынан қиып, құрдымға жібергісі келген кеңес заманы өткенге кетті. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке жеттік. Дербес мем­лекет шаңырағын көтердік. Тұң­ғыш Президентіміз, Елбасы «Тіл­ден артық қазына жоқ, тілден арт­ық қасиет жоқ. Қазақстанның бо­лашағы – қазақ тілінде. 2025 жылы қазақ тілі өміріміздің бар­лық­ салаларында басқарып, бар­­лық жерлерімізде қатынас құ­ралы бо­лады», «Қазақ тілі – қа­зақ­стан­дық­тарды біріктіруші құрал», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлес. Кім­нен қорқасың?» деп, қара орман қазаққа үндеу тастады. Қазақстанды Отаным дей­тін, бір туғандай болып кеткен жүзден астам әр түрлі ұлт өкіл­дері мемлекеттік қазақ тілін қол­дап, үйренуге бет алды. Теле­ди­дар­дан, радиодан, әртүрлі биік мін­берлерден қазақ тілінде ән ай­тып, сөз сөйлеп, «екінші ана ті­лім – қазақ тілі» деп, қуантуда. Олар Қазақ елінің, жерінің, тілінің түп­кіл­ікті иесі қазақ халқымен бірлесе мем­л­екетті де, мемлекеттік тілді де көр­кейтуге белсенді атсалысуда. Сонау алпысыншы жылдардың басында Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің студенті атанған бізге үш шетел – ағылшын, француз, неміс тілдерінің бірін таңдап оқу ұсынылды. Мен француз тілін таң­да­дым. Екі жылдық француз тілі курсын тә­мамдап, үздік баға алдым. Ұстазым Светлана Александровна Бараева (атақты ға­лым Александр Бараевтың қызы) мені оңаша әңгімеге тартты. Менің француз тілін меңгеру қа­білетімді мақтап, шетел тілдері инс­титутының француз тілі фа­культетінің екінші курс­ы­­на ауы­су­ға кеңес берді. Өзі кө­ме­к­­те­се­тін бо­лды. Ұстазымның менің болашағыма б­а­ғыт бергісі келген ықылас-ниеті­не ри­за­шы­лығымды білдіре отырып, өмірі­м­нің діңгегі іспетті ана тілімді білген үстіне біле түссем, далада қалмайтыныма сенімдімін дедім. Рахима әжем хат тани бас­таған шағымнан маған батырлар жырын оқытып, рахаттана тыңдайтын. Сол кезден-ақ менің ана тіліме ықыласым ерекше. Дүниеде ана тіліме тең келетін тіл жоқ сияқты екенін, ана тілім менің жандүниемнің баға жетпес байлығы екенін, ана тілімде сөйлеп тұрып, ән салып тұрғандай рахат күй кешетінімді айттым. Менің ағымнан жарыла айтқан жауабыма ұстазым өте разы болды-ау деймін, «Түсінемін, түсінемін» деп, күлімсірей, қазақ тілі жөнінде сөйлеп кетті. Тілші ғалым-ұстаз ретінде қа­зақ ұлтының ана тілі табиғаттың бер­ген ерек­ше сыйы деп түсінеді екен. Қазақ ті­лі шетелдік қай тіл­ді болсын жете мең­­геруге, таза сөй­леу­ге жол ашатын ерек­ше бай тіл деп бағалайды екен. Қазақ және француз тілдерінде «ө, ғ, ң» дыбыс­тары еш өзгеріссіз естілетінін айта келе, «Қазақ тілінің көп тілден бас­ты ере­к­­шелігі – қазақтың ауыз қуысы мү­ше­ле­рі­нің барлығы дыбыс жасайды» де­ге­ні ма­ған – екінші курстың студентіне то­сын жаңалық болды. Мұны сезген ұстазым түсіндіре бастады. Мәселен, орыс тілінде мұ­рын қуысы қатысатын «ң» дыбысы жоқ екен. Мен ішімнен «Біздің ң-ды с хвостиком н дейтіні содан екен ғой» деп түйіп қойдым. Ұс­тазым қазақ және француз тіл­де­рінде бірдей айтылатын көме­кей тіл көмегімен жасалатын «ғ» ды­бысын айтты. Ішімнен «Қазақ тілінде көмекей тіл «қ» дыбысын да жасайды» деп қосып қойдым. Ұстазыммен болған осы әңгіме­ден кейін ана тіліміздің дыбыс жасау жүйесіне айрықша назар аудара бастадым. Келе-келе біздің қазақ тілінің сөздік қоры ғана емес, дыбыстық мүмкіндігі де өте бай екенін түсіндім. Қазақ баласы сәби шағынан ана тілінде сөйлей бастаса, көмекей тілі сүйірлеу дамып, үлкен тілдің түбіне тиер-тимес тербеліспен «ғ,қ» дыбыстарын шығарады. Бала тілі орыс тілінде шықса, көмекей тіл қысқа әрі жуантықтау болып, «ғ,қ» дыбыстарын айту қиынның қиыны болып қалады. Мұрын қуысы жасайтын «ң» дыбысының да ауылы алыстайды. Сөйтіп, қазақ баласының ауыз қуысы мүшелерінің бітімі сәби шағынан орысшаға бейімделіп, өсе келе ол ана тіліндегі ң, ғ, қ, ө, ә, ұ, ү, і дыбыстарын дұрыс айта алмайтын тілбұзар халге душар болады. Бұл халге жеткізбеу – сәбиге өмір сыйлайтын әрі оның өмір жолындағы бірінші ұстаздары анасы мен әкесінің ырқында екені түсінікті. Жоғарыда аталған мақала авторы Анар Төлеуханқызы шетелдік ағылшын, француз, неміс, тағы басқа тілдердегі «ң» дыбысын қазақ баласы «адалдық, я білімділік танытып сықитып айтады» деп жазады. Иә, шетелдік тілдерді бұзбай сөйлеуге ұмтылып тілі орысша шыққан қазақ жастары ана тілінде бар «ң» дыбысын «сықитып айту» үшін біраз күш жұмсауы қажет. Ана тілін бұзбай сөйлеуге дәл осылай неге тырыспайды?! Жалпыға бірдей педагогика ғылымы сәбидің ана тілі уызына қанып өсуін насихаттайды. Педагогикалық ғылымға сүйенсек, отбасында, әке-шеше аясында берік негізі қаланған ана тілі тәрбие, білім мекемелерінде мықтап бекуі тиіс. Ана тілінде еркін өскен бал­дыр­ғанның түсінік-пайымдары, сөй­леу қабілеті, табиғи дарын, мі­нез-құлық ерекшеліктері еркін да­мып, ерте байқала бастайды. Сон­дықтан да әке мен шешенің ұл-қызының ана тілінен ажырап қалмауына қамқор болуы – ұр­пағының болашағы үшін айрықша маңызды. Күні кеше Елбасы халыққа 2017 жылдың Жолдауында: «Қазақ тілі­нің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бө­лінеді» деді. Бұл, бірінші кезекте, қазақ ұлты ұрпағының алтын ұясы – қазақ отбасына қарата айтылған, болашаққа бағдаршам болатын сөз. «Сонымен қатар, бүгінде ағыл­шын тілі – жаңа технология, жа­ңа индустрия, жаңа экономика ті­лі.... Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогрес­ке жете алмайды» дейді Елбасы Жол­дауында. Ана тілін еркін меңгеру арқылы қазақ баласы, төте жол іздеген жолаушыдай, ағылшын тіліне тура апаратын кең даңғылға шығады. Қолымызға қалам алуға себеп бол­ған «ң» дыбысы ғана емес, ана тіліміздің осы ағылшыншаның жалынан қос қолдап ұстауға же­ңіл­­дік әкелетін дыбыстық тағы бас­қа мүмкіндігі мол. Ағылшын тілінің дәмін байқау үшін біз екі айлық курсқа барған едік. Сонда ағылшынның қазақшаға «рахмет» болып аударылатын сөз тіркесінің айтылуында өзіміздің «ә» дыбысы естіліп тұрғандай болды. Қазақ тіліндегідей ағылшыншада бастауыш ашық я жасырын сөй­лемнің басында тұратыны тағы бар. Ағылшын тілінің жілігін ша­ғып, майын ішіп жүрген бауыр­ла­рымыздың бұл орайда айтар уәждары тіпті көп шығар. Сон­дық­­тан да бізге, қазаққа қолда бар алты­нымыз – ана тіліміздің – қа­ді­рі­не жететін уақыт келді. Осы уақытты өткізіп алмайық, ағайын. Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, баспасөз ардагері