15 Ақпан, 2017

«Халық патриоты» – халықтық мәртебе

571 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстандық «Чернобыль Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Айбын» орденінің толық кавалері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, полковник Халел ТӨРЕҒАЛИЕВПЕН сұхбат барысында Кеңес Одағы тұсында Чернобыль апатын жоюға қатысқан қазақстандық офицерлер мен жауынгерлер туралы әңгіме қозғалған еді. – Халел Мұхитұлы, қазақстандық чернобыльдік жауынгерлер мен офицерлер құрамы жағынан қай санатқа кіреді, мемлекеттік жеңілдіктер мен жәрдемақыны қандай дәрежеде алады? – Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Заңдық күші бар 1995 жыл­ғы 28 сәуірдегі «Ұлы Отан соғысы ар­дагерлері мен мү­гедектері және оған теңестірілгендер» ту­ралы №2247 Жарлығына сәйкес біздер, қазақстандық чернобыльдіктер, бұл тұрғыдан салмақтай келгенде екі са­­натқа бөлінеміз. Оның біріншісі, яғ­ни Чернобыль атом станциясы жа­р­ыл­ған 1986 жыл мен одан кейінгі 1987 жы­лы апатты жою­ға қатысушы жауын­герлер мен офицер­лер Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мү­гедектеріне теңестірілгендер болып са­на­л­ады. Ал апатты аймақта дәл осындай хи­миялық қорғаныс әскерінің құрамында де­зактивациялық қызметпен 1988-1989 жылдары айналысқан жауынгерлер Ұлы Отан соғысының тылда қызмет еткендер деген санатына теңестірілген. Ол рас, майдан мен тылдың айырмашылығы бар. Яғни, майдан – от пен оқтың ортасы, ал тыл – бейбіт өмір, бірақ майдан үшін атқарылған тынымсыз еңбек емес пе? Ендеше, біздің апат жоюшыларымызды жылдарына (1988-1989 ж.ж.) қарай бұ­лайша бөлу әділетті емес. Нағыз апат оша­ғын­да радиациялық қауіп бір жылдан соң азая қалды дегенге кім сенеді? – Енді бұл түйткілді мәселенің ара­жі­гін осы күнге дейін ашып алма­ды­ңыз­дар ма? – Аша алмай келеміз... Одан бері де қаншама жылдар өтті. Бюджет тапшы дедік, басқа сылтаулар айтылды, әй­теуір. Қазіргі таңда бұл санаттағы әріп­тес­терім Үкіметтің беріп отырған осы же­ңілдіктеріне мойынсұнған да секілді. Бі­рақ, әділдік түбінде орнауы тиіс. Радиа­ция аумағында шеп болмайды, бір-ақ – май­дан. – Қазақстаннан сонау алыстағы Украинаға атом апатының зардабын жою­ға барғандар туралы мәліметтерде қан­дай өзгерістер бар? – Ғаламдық мәні бар ядролық бұл апаттың зардабын жоюға Кеңес Одағы Қарулы Күштерінен 998 мыңнан астам адамы бар, яғни бір миллионға жуық әскери құрамалар қатысты деген нақты мәлімет қолымызда. Ал азаматтық қызметтегі әр са­ла­лық мамандықтар бойынша ЧАЭС-ке қолұшын берген еріктілер санын осы күн­ге дейін ешкім білмейді. – Ал біздің қазақстандық еріктілер туралы не білесіз? – Қазақстандық еріктілер туралы ештеңе айта алмаймын. Әйтсе де, бірлі-екілі ядролық физика саласының мамандарымен таныстығым болған. Сол секілді қайбір жылдары «Жер астында Чернобыль АЭС-нің табанына бетон құюға атсалысып едім» деп бір орыс шахтер жігіті «Бізге қандай жеңілдіктер қарастырылған?» деп келіп жүретін, кейін хабарсыз кетті. Біздің ұйым негізінен Чернобыльге Қазақстаннан мемлекеттік тапсырмамен барған запас­тағы әскерилердің басын құрайды. 1986 жылдан айналасы 4-5 жылдың ішінде ЧАЭС-тің апатты аумағында зардапты жоюға қатысқан олардың саны 72 мыңнан асады. Қатарларында саперлерден бас­тап танкистерге дейін, жаяу әскерден генералға дейін бар. Әйгілі армия генералы – Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстаның тұңғыш Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов ағамыз бен оның ұлы генерал-майор Талғат Нұрмағамбетов те қазақстандық чернобыльдіктердің сапында тұр. Көзге көрінбейтін жау қоймайды екен, қатарымыз сирей түсуде... 1986 жылы апатты аймаққа тек Алматыдан 19800 адам аттанса, бүгінде солардың Алматыда тірі жүргендерінің саны 300-дің шамасында ғана. – Қазір сіздерге әскери киім үлгісін ки­гізіп, «мемлекеттік тапсыр­ма орын­дайсың» деп бұйырып, апатты аймаққа аттандырған Кеңес Одағы жоқ. Алайда, бұ­рынғы одақтас республикалардағы мүдде­лес әріптестеріңізбен байланысып тұрасыздар ма? – Мәскеуде жиі боламын. Әріптес­тер­мен әңгімелесеміз, тәжірибе бөлісеміз. Ал Минскіге жиі барып тұрамын. Екінші Дүниежүзілік соғыста халқының үштен екісіне айырылған беларустар Украина жерінде жарылған апаттың негізгі зардабын тартып отыр, оны көпшілігіміз біле де бермейміз. ЧАЭС апатынан кейінгі радиациялық кесапат тұманы сол елді жауып қалып, Батысқа жөңкілген ғой. Бүгінгі радиологиялық ең қуатты емханалар сондықтан да Минск мен Гомель қалаларында. Тіпті таяуда олардың бір топ дәрігерлері Алматыдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық госпиталінде болып, кезекті тәжірибе дәрістерін өткізіп кетті. Ортасында жүрдім. Күні кеше Гомельден (Белоруссия) қазақстандық дәрігерлермен бірге шақыру алдым. Биыл сәуір айының 21-22-сі күндері сол жерде «Қазіргі радиа­циялық медицинаның көкейкесті мәсе­ле­лері: ғылым және тәжірибе» атты ха­лық­аралық конференция өтеді екен. – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп қалды. «ауғандықтар», «чернобыльдіктер», «семейліктер», «жер­­г­ілікті соғыс ошақтарында бол­ған­­­дар» және басқа да атаудағы әскери қо­­ғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің ба­сын біріктіріп неге бір үлкен ұйым құр­масқа? Өйткені, бүгінгі таңда олар­дың барлығы да мемлекеттен тиісті ж­е­ңілдіктер алып отыр емес пе? – Дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда сіз жо­ға­рыда атын атап, түсін түстеп берген қа­зақстандық ардагерлер ұйымы «Халық патриоты» деген үлкен қоғамдық ұйымда бас қоспақпыз. «Саусақ біріксе, ине ілігеді» дегендей, жұдырықтай жұмылып бір шаңырақтың астында өз мүдделеріміз жолында қызмет етсек деген ойдамыз. Ұйым – жоғарғы кеңес, атқарушы аппарат, үйлестру кеңесі секілді басқару буын­дарынан тұрады. Қазір оның құжаттары Әділет министрлігінің қарауында жатыр. Мақсат-мүддеміз бір ұйымдардың бас қосуы – Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында қосар үлесі аз болмайды деп ойлаймын! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ