07 Сәуір, 2011

Ақ тілектер ағыны

687 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еліміздің барлық аймақ­тарынан Қазақстан Республикасы Президенті болып қайта сай­ла­нуы­на байланысты құттықтау хаттар мен жеделхаттар ағылып келуде. Олардың бірқатары еліміздегі зиялы қауым өкіл­дерінен келіп түсті. «Жан тебіренерлік жаңа жеңі­сіңіз­бен құттық­таймын! Ел көсегесін көгертер ерен ең­бегіңізге толайым та­быс­тар тілеймін», – делінген Қазақстанның Еңбек Ері, көр­некті қаламгер Әбіш Ке­кілбайұлының хатын­да. Ол Мемлекет басшы­сы­на жү­рекжарды лебізін арнап, денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейді. Тараз қаласынан жол­даған жеделхатта Қазақстанның халық жазушысы Шер­хан Мұртаза және белгілі қалам­гер­лер Несіпбек Дәутайұлы, Арғын­бай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Елен Әлімжан: «Бұл сайлау тәуелсіз­діктің 20 жылында ақыл-парасаты пісіп-жетілген, тағдырының таңдауын тани алған, ерік-жігері мықты ел-жұрттың ке­мел келбетін көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев мерейінің үстем болуы – қа­зақ­стандықтар даналығының жеңісі! Нұр­сұлтан Назарбаев жеңіс үшін туған болса, ол – ел-жұрттың кемел келбетін көр­сет­ті!» деген пікір білдіреді. Жеделхат: «Ұққанға билік – мемлекеттің жүрегі, халық – соның тірегі» деп түйінделген. «Қазақтың ұлы перзентін ұлы жеңісімен құттықтаймын! Бақыт құсың аспаныңда мәңгі шарықтасын!»,  деп жазады көрнекті ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Тұманбай Мол­да­ға­лиев. Сондай-ақ, жамбылдық ақын Нар­ша Қашағанұлы тілегін: «Көптің ба­сын құраған, Тәңірден халқына бақ сұраған, Туралықтың туын биік ұстаған, Еліңіз Сізге аманат енді, Нұрағам», деген өлең жолдарымен жеткізіпті. «Қазіргідей дүниенің астан-кестеңі шығып жатқан аласапыранды әрі жауап­ты кезеңінде, замананың қилы-қилы тұ­сында барлық қазақстандықтардың өз болашақтарын ойлап, Сізді таңдап, ел билігінің тізгінін өзіңізге бергендігін халқымыздың тағы бір кемеңгерлігі деп есептеймін», деп жазады Ақмола облыс­тық «Арқа ажары» газетінің бас редак­торы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев жеделхатында. Сонымен қатар, құттықтау жедел­хат­тары Қазақстанның әр өңіріндегі қа­ра­пайым халық өкілдерінен – түрлі кә­сіп және мамандық иелерінен, зейнеткерлер мен ардагерлерден, ұлттық мә­дениет орталықтары өкілдерінен, ауыл тұрғындарынан, жастар ұйымдары мен студенттерден келді. Мұндай жеделхаттарды Астана қа­ла­лық жедел жәрдем стансасының ұжымы атынан бас дәрігер Қ.Төсекбаев, Мыр­за­шөл жұрты атынан Оңтүстік Қазақ­стан облысы Мақтаарал ауданы Жылы­су ауылындағы «Ербосын» шаруа қожа­лы­ғының төрағасы Сәруар Тобаға­бы­лов, Оңтүстік Қазақстан облысы өзбек этно­мәдени орталығы атынан орталық төраға­сы Икрам Хашимжанов жол­даған. «...Қазақстандағы бүгінгі бейбіт өмірді қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған заманмен салыстыруға болады. Мұның бәрі Елбасы – Сіздің күндіз отыр­май, түнде ұйықтамай атқарған қызметіңіздің айшықты айғағы», деп жазады Ақтөбе облысы ардагерлері атынан жеделхат жолдаған бір топ ардагерлер. Олар «рухани азығымыз, мыз­ғы­мас қазығымыз – туған Отаны­мыздың абыройы асқақтай бергей», дей келе, Елбасыға мықты денсаулық, то­лайым табыс тілейді. Жеделхатқа об­лыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Бірманов, Ардақты ана – Б.­Отар­баева, «Мұнайшы» қоғамдық қорының төрағасы Ә.Әкімов сияқты бір топ со­ғыс және еңбек ардагерлері қол қойған. Ал Жамбыл облысы ардагерлер ке­ңесінің атынан хат жолдаған ардагерлер Т.Төребеков, Ә.Сандыбаев, Т.Жам­былов, Б.Жаңабаев: «Бұл жаппай қолдау Сіздің тәуелсіз Қазақстанды әлем­дегі өркениетті елдер қатарына қо­сып, қуатты әрі дәулетті мемлекет құру жолындағы қайталанбас тарихи еңбе­гіңізге берілген биік баға», деп жазады. «Бұл жеңіс – Cіздің тынымсыз еңбе­гіңіздің, көреген саясатыңыздың, үлкен парасатыңыздың жеңісі. Бұл жеңіс Қа­зақ­стан халқының Сізге деген ыстық ықыласы, шексіз құрметінің көрінісі» деп жазады Баянауыл тұрғындарының аты­нан құттықтап, игі тілектерін жол­даған еңбек және соғыс ардагерлері М.Рахметов, Т.Молдабаев, Қ.Назарбаев, Я.Солдатенко және Мусин. Осылай жеделхат арқылы құттықтап, тілектестік білдіргендердің ішінде зейнеткерлер – Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданының тұрғыны Т.Қаймулдин мен Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауда­нының тұрғыны Т.Кәрібеков және Қы­зылорда қаласының тұрғыны Г.Ис­майлова да бар. Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен құттықтап, ақ пейіл, шынайы ниетін білдіріп жатқандардың ішінде жастар да аз емес. «Қазақстан халқы әділ түрде өз таңдауларын жасап, Президентін сайлады. Елдің болашағы үшін болған бұл сайлауда халықтың өзіңізге зор сенім, үлкен үміт артатынын тағы бір мәрте паш етті»,  делінген бір топ алматылық жастар жолдаған хатта. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жастар комитеті атынан бір топ студент ақ тілектерін арнап, жеделхат жолдады. «Біз Сізге таң­дау жасай отырып, өз болашағымыздың жарқын болатынына сеніммен қарай­мыз» делінген университеттің жастар комитетінің төрайымы Р.Мұхтарқұлова қол қойған жеделхатта. Ыбырай Алтын­сарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты ұжымы мен студенттері де Елбасын құттықтап, жеделхат жолдады. Жеделхат иелері Мемлекет басшысының еліміздің нығая беруіне бағытталған еңбектеріне сәттілік тілейді. Сондай-ақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еур­азия ұлттық университетінде оқи­тын шетелдік студент Ясын Қатыран өз хатында Елбасыға алғыс сезімін жеткізеді. Ақтөбе облысының ауыл тұрғын­дары атынан келген жеделхатта әртүрлі ауданның өкілдері Елбасын үлкен же­ңісімен құттықтап, Мемлекет басшы­сының ауылға қамқорлығы мен қолдауы үшін шексіз ризашылықтарын білдіреді. Оған Б.Ғалымов, А.Төлеуов, А.Чемоданов, М.Ақкенжин және тағы да басқа ауыл шаруашылығы қызмет­кер­ле­рі мен кәсіпорындар басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері және еңбек ардагерлері қол қойған.