2017 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы, базалық мөлшерлеменің экономиканың нақты секторына ықпалын күшейту саясатын жалғастырады, сондай-ақ, инфляциялық таргеттеу қағидаттарын сақтайды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр АҚЫШЕВ
айтып берді.
– Данияр Талғатұлы, ағымдағы жылға арналған жоспарларыңыз туралы айтпас бұрын 2016 жылдың Қазақстан экономикасы үшін қандай жыл болғанын айтып берсеңіз және Ұлттық Банк қандай сын-қатерлерге ұшырады?
– Өткен жыл ауыр болды. Ол қаржы нарығындағы жоғары турбуленттіктен кейінгі алғашқы жыл болды. Сондықтан да, Ұлттық Банктің алдында қысқа кезеңде шешілуге тиісті бірқатар күрделі міндеттер тұрды. Біріншіден, инфляцияны төмендету. Біздің пікірімізше, төмен инфляция – маңызды макроэкономикалық көрсеткіш деген теорияға мән беру ғана емес. Шын мәнінде, бұл – азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан өзін-өзі сезінуінің бас индикаторы, ол Ұлттық Банктің тиімді қызметінің және оның ақша-кредит саясатының негізінде жатыр. 2015 жылғы тамыздан бастап 2016 жылғы қаңтар аралығында айырбастау бағамының екі рет өзгергеніне қарамастан, инфляция 2015 жылдың қорытындысы бойынша 13,6%-ды құрады. Ұлттық Банк сол кездің өзінде инфляцияның ең жоғары шегінен әлі өтпегенін белгілеген болатын. Оған жылдық инфляция 17,7%-ды құраған 2016 жылғы шілдеде жетті. Ұлттық Банктің мұндай жағдайды болжағаны көпшіліктің есінде. Сонымен бірге инфляцияның 6-8%-дық нысаналы дәлізге 2016 жылдың қорытындысы бойынша немесе одан кейінірек қайта оралатынына баса назар аударды. Бұған көпшілік сенген жоқ. 2016 жылдың ортасында осы болжам туралы айтылған кезде сарапшылар қоғамдастығының және БАҚ-тың кейбір өкілдерінің бұған сенімсіздікпен қарағаны есімде. 2016 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,5%-ды құрады, ал 2017 жылғы қаңтардағы қорытынды бойынша ол 7,9%-ға дейін төмендеді. Инфляция белгіленген дәлізге қайта оралды. Тағы бір маңызды нәрсе – инфляциялық күтулерді тұрақтандыру. Мамандандырылған компаниялар жүргізетін пікіртерімдер бағаның жоғары өсетінін күтетіндер үлесінің айтарлықтай төмендегенін көрсетіп отыр. Айырбастау бағамының өзгеруін ішкі бағаларға ауыстыру әсері еңсерілді. Енді біз ақша-кредит саясатының стандартты құралдарының шеңберінде одан әрі жұмыс істеуіміз керек.
Валюта нарығын тұрақтандыру қажеттілігі 2016 жылы басқа бір маңызды міндет болды. 2016 жылдың басынан бері Ұлттық Банк өзінің айырбастау бағамына ықпалын жоспарлы түрде қысқартты. Мұнай бағасы бір баррель үшін 27 доллар болып, айырбастау бағамы бір доллар үшін 383 теңгеге жеткен, әсіресе 2016 жылдың басында жоғары болған ауытқу тербелісі баршаның есінде. Бағамның 400 теңгеге немесе тіпті 500 теңгеге жетуі мүмкін деген бағалаулар болды. Егер мұнай бағасы өзінің құлдырауын жалғастыра берсе, теңге бағамы да одан әрі құнсыздануы мүмкін еді. Бірақ іргелі факторлар мен сұраныс пен ұсыныс өлшемдері теңгенің долларға қатысты бағамының тым шарықтап, сол екпінмен негізделген деңгейден асып кеткенін көрсетті. Тіпті, осындай сәттердің өзінде біз араласпауға тырыстық. Бағам өзінің теңгерімін өздігінше табуға тиіс. Бір доллар үшін 383 теңгеге жетіп, айырбастау бағамы сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен жылдам нығайды.
Еркін өзгермелі бағамға өту әсіресе қоғам белгіленген айырбастау бағамы жағдайында өмір сүруге үйренген кезде ауыр жүретін процесс. Біз өткен жылдардың практикасынан саналы түрде бас тарттық. Бұрын айырбастау бағамы өзгермеген кезде экономикада біртіндеп теңгерімсіздіктер пайда болатын. Олар сыртқы саудадағы ауытқушылықтардан және бәсекеге қабілеттіліктің нашарлауынан білінетін. Бір кезде бағам шынайы жағдайды көрсетуін қойып, Ұлттық Банктің жасанды бағдарларына ғана сәйкес келді. Айырбастау бағамының төлем балансының іргелі факторларына нақты сәйкес келмеуіне қарамастан, өзіміз үйренген өлшемдерге қолдау көрсетуге алтын-валюта резервтері жұмсалды. Резервтердің шектеулі және экономиканың ашық болуы жағдайында мұндай практика сәтті болған жоқ. Сондықтан да жағдайлардың әсерімен, белгіленімге және байқалып отырған тұрақтылыққа қарамастан, халықты да, экономиканы да күйзеліске итере отырып, бағамды күрт өзгертуге тура келді.
Еркін өзгермелі жағдайда бағам күн сайын өзгеруі мүмкін. Бірақ бұл ретте ол сыртқы нарықтардағы өзгерістердің соңына ілеседі, әрбір уақыт кезінде Ұлттық Банктің араласуынсыз қандай да бір іргелі факторлардың ықпалын көрсетеді. Қоғамның бұған үйренісуі үшін уақыт қажет екендігі анық. 2016 жылдың екінші жартысында валюта нарығының тұрақтануы байқалды. Әрине, базалық мөлшерлеме көп әсер етеді, оның әсері ақша нарығының жандануы, теңге құралдары тартымдылығының өсуі және кірістілік қисығының қалпына келуі арқылы іске асырылды. Ақша нарығын реттеу тікелей өктемдік арқылы емес, валюта нарығына жанама ықпал етуге мүмкіндік берді. 2016 жылғы қыркүйектен бастап Ұлттық Банк валюта нарығына қатыспайды және бағам еркін түрде қалыптасуда.
Үшінші – базалық мөлшерлеменің ақша нарығына нақты әсер етуі. Ақша нарығындағы барлық мөлшерлемелер Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне тәуелді. Ұлттық Банк тарапынан өтімділікті беру немесе алу қаржы нарығына қатысушы үміттене алатын кез келген көлемде автоматты түрде жүреді. Бұл Ұлттық Банктің қатысуымен нарықта теңге ресурстары бағасының қалыптасатынын білдіреді, ол кейіннен экономиканың нақты секторы үшін кредиттік ресурстардың құнына айналады.
– Ұлттық Банктің 2017 жылға арналған басымдықтары қандай?
– 2016 жылғы желтоқсанда «Ақша-кредит саясатының 2017 жылға арналған негізгі бағыттары» жарияланды, онда біздің жұмыстың негізгі басымдықтары қамтылған. Біріншісі – еркін өзгермелі айырбастау бағамы режімін сақтау. Екіншісі – инфляциялық таргеттеу қағидаттарына сүйену және инфляцияны 6-8% дәлізде сақтау. Үшіншісі – кредиттік арна арқылы базалық мөлшерлеменің экономиканың нақты секторына әсер етуін арттыру. Ұлттық Банк ақша нарығындағы операцияларды жалғастырады. Біз Қаржы министрлігінің орта мерзімді болашақта кірістілік қисығын қалыптастыру бойынша жұмысының жанданатынына сенеміз. Сыртқы нарықтардағы қолайлы ахуал жағдайында міндеттердің басым бөлігі орындалады.
Барлық бағыт бойынша ашықтық және түсіндірме жұмысы жөніндегі ақпараттық науқан, жарияланатын ақпарат пен статистиканың тізбесін бәрін қамти отырып кеңейту жалғасады. Аудиториясына байланысты, қалың жұртшылық үшін және сол сияқты сарапшылар, инвестициялық банктер, талдаушылар және басқалар үшін ақпарат берудің түрлі нысандары әзірленеді.
– Қазақстанның экономикасына 2017 жылы әлемдік шикізат нарықтарындағы жағдай айтарлықтай әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда сіздің болжамыңыз қандай?
– Ұлттық Банктің сақ және консервативті болғаны дұрыс. 2017-2019 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде Үкіметтің болжамдары Қазақстан экономикасында айтарлықтай беріктік қорының бар екенін көрсетіп отыр. 2017 жылы айтарлықтай сыртқы күйзелістер болмауға тиіс деп санаймын. Егер мұнайдың бағасы бір баррель үшін 40 – 60 доллар аралығында болса, онда жағдай қалыпты болады.
– Төлем балансы туралы айтсақ. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы шот тапшылығы өсті. Оның негізгі себебі неде?
– Шынында, алдын-ала деректер бойынша, 2016 жылы ағымдағы шот тапшылығы 2015 жылға қарағанда мынадай себептер бойынша жоғары болды. Біріншіден, 2014-2015 жылдары теңге айтарлықтай қайта бағаланған кезде, басқа елдермен сауда ағындарының теңгерімсіздігі тұсында туындайтын жағымсыз процестер мен салдарлардың әсері болады. Екіншіден, 2016 жылы мұнайдың орташа бағасы, жылдың соңындағы ахуалдың айтарлықтай жақсарғанына қарамастан, 2015 жылға қарағанда төмен болды. Үшіншіден, кірістер балансындағы тапшылық айтарлықтай ұлғайды. 2016 жылы шетелдік инвесторларға кірістер төлеу күрт өсіп, 11 миллиард долларды құрады. Бұл статистикалық тұрғыдан алғанда, ағымдағы шоттың нашарлауына алып келді. Алайда, шетелдік инвесторларға төленетін кірістердің 60%-дан астамы елде қалды және Қазақстандағы, бірінші кезекте мұнай-газ саласындағы өз кәсіпорындарын қаржыландыруға бағытталды. Мұнайдың бағасы өскен кезде инвесторлардың мұнай-газ саласындағы жобаларға қызығушылығы күрт өседі. Мұндай жағдай 2007 жылы, мұнай-газ саласына инвестициялау күрт ұлғайған кезде байқалды.
Ағымдағы шот тапшылығының ұлғаюына қарамастан қаржы шоты бойынша капиталдың әкелінуі бірінші кезекте тікелей инвестициялардың ағыны есебінен барлық сыртқы экономикалық операциялар бойынша қолайлы теңгерімді қамтамасыз етті. Сондықтан, 2016 жылы алтын-валюта резервтері, своптар немесе банктердің корреспонденттік шоттары есебінен емес, Ұлттық Банктің валюталық қорларының ұлғаюы есебінен нақты ұлғайды. Бұл ретте капиталдың есепке алынбай елден «қашуының» көрсеткіші ретінде түсіндірілетін «Қателер мен қалып қоюлар» бабы 2015 жылғы 5,4 миллиардтан және 2014 жылғы 9 миллиардтан 2016 жылы 1,7 миллиардқа дейін қысқарды.
– Капиталдандыру көрсеткіштеріне қойылатын талаптардың осы жылы өскенін ескерсек, банк секторының ағымдағы экономикалық жағдайдағы жай-күйі қандай?
– 2017 жылғы 1 қаңтардағы есептілікке сәйкес бірде-бір банк капиталдың жеткіліктілігі жөніндегі пруденциялық нормативтерді бұзған жоқ. Банктердің көпшілігі қосымша резервтерді қалыптастыруға дайын болды және қалыптастырды. Басқа маңызды мәселе жекелеген банктердің бизнес-модельдерінің жұмыс істеу қабілеттілігі болып табылады. Тұрақты кірісті жинақтау және қаржы институтының орнықтылығын қамтамасыз ету мүмкіндігі өте маңызды. Дағдарысты құбылыстар, тұтынушылық сұраныстың қысқаруы, қорландыру құнының ұлғаюы, экономиканың нақты секторындағы сапалы жобалар үлесінің төмендеуі қаржы секторы рентабельділігінің төмендеуіне себепші болады. Нарыққа қатысушылардың жақын арадағы жылдардағы, капитал салу талап етілетін кездегі өз мүмкіндіктерін нақты бағалауы да маңызды. Банктер негізінен капиталды өз пайдасын капиталдандыру есебінен толықтыруға әдеттенген. Бұл жоғары рентабельділік жағдайында мүмкін болады. Қазір ахуал өзгерді. Банктерді одан әрі капиталдандыру бірінші кезекте, акционерлердің қаражаты есебінен жүргізілуге тиіс. Қосымша провизияларды қалыптастыруды талап ететін проблемалық активтер және реттеушінің капиталдандыруды арттыру туралы талаптары банктік бизнеске екі жақтан әсер етеді. Шығындарды оңтайландыру, консервативтік саясатты жүргізу, не қаржы нарығының неғұрлым өміршең бизнес стратегиясы бар басқа қатысушыларының шоғырландыру процестерін бастау қажет.
– Банктерді стресс-тестілеу нарықтағы нақты ахуалды бағалауға көмектесуге тиіс. Оны биыл өткізу жоспары күшінде қалды ма?
– Иә, мұндай жоспар бар. Өткізу әдіснамасы және стресс-тестілеудің нәтижелері қалай пайдаланылатыны талқылануда. Банктердің ықтимал шоғырлану процестерін ескере отырып, оны өткізудің оңтайлы кезеңін айқындау қажет. 2017 жылдың соңына қарай әрбір ірі банктің стресс-тестілеуден өткені құптарлық.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында Ұлттық Банкке банктік қадағалау мәселелері бойынша қосымша өкілеттіктер беру қажеттілігі туралы мәлімдеді. Іс жүзінде бұл қалай болады?
– Шын мәнінде, заңнамаға тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу бойынша түзетулерді дайындау жұмысы басталды. Бұл тетік дамыған елдерде іске асырылған. Реттеуші банкті пруденциялық нормативтерді сақтауы тұрғысынан ғана емес, банктің тәуекел-бейіні бойынша да бағалауға тиіс. Банктің тәуекелге тәбеті, байланысты тұлғаларды және жеңілдік талаптармен кредиттеу белсенділігі, банктің бизнес-моделі оның болашақ орнықтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан қаншалықты қолайлы екені бағаланады.
Кейбір банктер формальды тұрғыдан пруденциялық нормативтерді ағымдық бұрмалауға апармайтын жоғары тәуекелді операциялар жүргізеді. Алайда, осындай операциялардың шоғырлануы және осындай саясат жүргізуді жалғастыру болашақта қаржылық жағдайының нашарла- уына апарады. Бұл жағдайда Ұлттық Банктің осындай операцияларды шектеу бойынша нақты ықпал ету құралдары жоқ. Тиісті құралдар қажет.
– Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы Ұлттық Банктің мандатын кеңейтуге қатысты болды, оған Үкіметпен бірлесе отырып, экономикалық өсу көрсеткіштері үшін жауапкершілік жүктелді. Бұл бағаның өсуін бақылау жөніндегі міндетке қайшы келмей ме?
– Негізгі міндет Ұлттық Банктің негізгі мақсаттары мен экономикалық өсуді қолдау арасындағы оңтайлы теңгерімді айқындау болып табылады. Басқа елдердің тәжірибесі осындай теңгерімнің мақсаттардың нақты сатылылығы мен бір-біріне бағыныстылығы болған кезде ғана мүмкін екенін көрсетеді. Ең алдымен, Президенттің Жолдауында инфляциялық таргеттеу қағидаттарын сақтау қажеттілігі белгіленген, бұл Ұлттық Банктің негізгі мақсаты ретінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді қарастырады. Өз кезегінде, Ұлттық Банк, егер бұл оның негізгі мақсатын орындауға қайшы келмесе, экономикалық өсуді ынталандыруға қатыса алады және алдағы уақытта да қатысатын болады.
– БЖЗҚ-ға қатысты соңғы оқиғалар оның ішкі басқару процестеріндегі бірқатар проблемалардың бар екенін көрсетті. Өкілі Қордың Директорлар кеңесін басқаратын Ұлттық Банк оларды қалай шешпек?
– БЖЗҚ жаңа басшылығының мәлімдемесіне қарағанда, басқаруда белгілі бір өзгерістер болады. Бұл жоспарлардың іс жүзінде жүзеге асырылуын бағалау уақытты талап етеді. БЖЗҚ жұмысындағы кемшіліктерді жоямыз, ішкі бақылау және ақшаны пайдалану жүйесін барынша күшейтеміз. Бірақ ең маңызды проблемаларды шешу қажет. Қазіргі кезде азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне сын көзімен қарауы неліктен басым бола бастады?
Инвестициялау модельдерін, сондай-ақ, зейнетақы активтерін басқару институттарын таңдауда бәсекелестік қағидаттарын қалпына келтіру қажет. Қазіргі кезде салымшыларда таңдау мүмкіндігі жоқ. Зейнетақы жинақтарын аудару БЖЗҚ-да жүзеге асырылады, зейнетақы ақшасын басқару үшін ұйымды таңдау мүмкіндігі жоқ, инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндік жоқ. Мемлекет салымшылар үшін барлығын шешеді және тиісінше барлық тәуекелдерді өзі көтереді. Сол үшін де біз Мемлекет басшысының зейнетақы активтерін басқару функцияларын жеке және шетелдік компанияларға беру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз. Ұлттық Банк әрдайым зейнетақы активтері нарығындағы бәсекелестікті және салымшыға тиісті таңдау құқығын беруді қолдайды. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.
Сұхбатты дайындаған Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»