07 Сәуір, 2011

Қазақстан қуаныш құшағында

421 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жеңісіңізбен! Жеңісімізбен!

Бақберген АМАЛБЕК – Ақмола облысынан: «Қазақстан-2020» жал­пы­ұлттық демократиялық күш­­тер коалициясының, «Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйым­дарының жетекшілері мен белсенділерінің, үкімет­тік емес ұйымдардың, студент және жұмысшы жастар, БАҚ өкілдерінің бастамасымен өткізілген жеңімпаздар форумын облыстық филиалдың жетекшісі Сергей Дьяченко «Нұр Отан» ХДП атынан президенттіктен үміткер болып ұсынылған іс ба­сындағы Елбасымыздың, Ұлт Көшбасшысының жеңісін көпұлтты халқымыздың ортақ жеңісі деп бағалады. Сондай-ақ, мәртебелі мінберге басқа да көтерілгендер болашақтың жалауына байланған бүгінгі жеңістің маңыздылығын тарата сөйледі. Форум өнерпаздар концертімен, спорттық сайыс­тар­мен жалғасты. Күмісжан БАЙЖАН – Алматы облысынан: Талдықорғандықтар ор­та­лық алаңға жиналып, ай­қын басымдықпен жеңіске жеткен Елбасының құрметі­не акция өткізді. Әнұранның жүректі шымырлатқан сазды әуеніне қосылғандар «Біз Елбасымен біргеміз!», «Ел тілегі – Нұрсұлтан, елім ме­нің – Қазақстан», деген жалынды сөздер жазылған көрнекілік, жалауша және гүлмен өрілген шарлар ұстағандар алаңға жиналды. Акцияда жастар аса белсенділікпен ұрандап, тіпті сазды әуенге қосылып, әуелетті. Осы топтың орта­сын­дағы облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған ұйым, мекеме басшылары мен этномәдени бірлестік өкілдерінің де жүздері жарқын еді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ – Атырау облысынан: Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті болып сайлануына орай Атырау қа­ла­сындағы «Исатай-Махамбет» алаңында өткен жеңім­паз­дар форумына 10 000 адам жиналды. Форумда об­лыс­тық мәслихат хатшысы Жалғас Дүйсенғалиев сөз сөйледі. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, мұнайшылар атынан сөз алған Атырау мұнай өңдеу зауытының операторы Альфия Гумерова ел басшылығы Нұрсұлтан Әбішұлындай ерік-жігері күшті саясаткер, мықты, лайықты азаматқа берілуі заңды, деп толқи сөйледі. Форумда бұлардан бөлек этнос өкілдері, дәрігерлер, спорт шеберлері де сөз алды. Ал өнер шеберлері жұртшылықтың көңілін «Қара жорға» биімен көтеріп, әншілер әуезді әнімен әлдиледі. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ – Жамбыл облысынан: «Нұр Отан» ХДП облыс­тық филиалы «Достық» ала­ңында өз үміткері Н.На­зарбаевтың жеңісі құрметіне «Біз жеңдік!» деген атпен салтанатты жиын өткізді. Оған облыс орталығын­дағы жоғары оқу орындарының студенттері, профессорлары, бас­қарма, департамент басшы­лары мен қызметкерлері және қала жұртшылығы қатысты. Жиында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орын­басары М.Берік, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, академик М.Үркімбаев, «Днепро» украин этно­мәдени бірлестігінің төрағасы Ф.Клименко электоратты лайықты таңдауымен құттықтады. Өнерпаздар салта­натты жиынға келгендерге әсем ән мен тәтті күйден шашу шашты. Айқын НЕСІПБАЙ – Қарағанды облысынан: Барша қазақстандықтар сияқты қарағандылықтар да 3 сәуірдегі президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назар­баевтың жеңіске жетуін үлкен өрлеу үстіндегі көңіл-күймен қарсы алды. «Жастар» спорт кешеніне облыс жұртшылығы аты­нан жи­нал­ған 6 мыңға жуық әр жастағы азамат осы оқиғаға орай ортақ қуаныштарын білдірді. Н.Ә.Назарбаев жеңісіне арналған форумды облыс әкімі Серік Ахметов ашты. Өңірге танымал өзге адамдар да көпшілікті бұл тамаша жеңіспен құттықтады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА – Қостанай облысынан: Қостанайдағы спорт са­рай­ында  Нұрсұлтан Назар­баев­тың  барлық сенімді өкіл­­дері және «Қазақстан 2020» жалпыұлттық демо­кра­тиялық күштер коалиция­сы облыс­тық мүшелерінің қа­тысуы­мен жеңімпаздар фо­румы өтті. Форумда шы­ғып сөйле­гендердің арасында Есжановтар отбасы көптің назарын ерекше аударды. Ақлима Есжанова әжейден өрген 8 бала, 22 немере және 5 шөбереден осы сайлауға 31 жан қатысыпты. Олардың барлығы да Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берген. Тағы бір қызығы,  Есжановтардың алтауы сайлауға бірінші рет қатысты. Оларға форумда  құрмет-қошемет көрсетілді. Ержан БАЙТІЛЕС – Қызылорда облысынан: Қызылордада Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын­да Нұрсұлтан Назарбаевтың же­ңіс­­ке жетуіне байланысты «Біз жеңдік!» атты акция өтті. Оны Қазақстан Рес­публика­сының президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назар­баевтың облыстық қоғамдық штабы ұйымдастырды. Бұл жиынға жиналған екі мыңға жуық қызылордалықты «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәс­лихат хатшысы Нұрлан Құдайбергенов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, «Корейлер ассоциациясы Қызылорда филиалы» қоғамдық бірлес­тігінің жетекшісі Елена Ким, т.б. құттықтады. Жоламан БОШАЛАҚ – Маңғыстау облысынан: Ақтау қаласының «Астана» алаңында Ұлт Көш­бас­шысын қолдаушылардың фо­румы өтті. Шараны «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау об­лыс­тық филиалы ұйым­дас­тырды. Оған президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың сенімді өкілдері, ардагерлер, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпорын, мекеме өкілдері, студент-жастар белсене қатысты. Онда облыс әкімі Қ.Көшербаев сөз сөйледі.  Ол сайлау нәтижесі Елбасының халқы үшін ерен еңбегі берілген жоғары баға екендігін жеткізді. Форум Қазақстан халқының бірлігінің үлкен жеңісі, тәуелсіздік тұғырының беки түскендігінің мерекесі болды. Темір ҚҰСАЙЫН – Батыс Қазақстан облысынан: Батысқазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сай­лаудағы жеңісін кеңінен атап өтті. Жеңімпаздар форумын «Нұр Отан» ХДП-ның об­лыс­тық филиалы ұйымдастырды. – Бұл жеңіс қазақстандық қоғамның жұмылған жұдырықтай бірлігін тағы бір дәлелдеп берді, –деді форумның ашылу рәсімі кезінде филиал төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет. Сондай-ақ, форумда өз кандидаттарының жеңісіне сенімді өкілдер, облыстық ассамблея мүшелері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері ортақтасты. Қуанышты бөліссе, көбейеді деген осы да. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ – Семейден: Н.Ә.Назарбаевтың кан­ди­датурасын қолдау мақ­са­тымен құрылған қоғамдық штабтың ұйымдастыруымен жеңімпаздар форумы өт­кі­зілді. Мыңдаған адам қатыс­қан бұл форумды қалалық мәслихаттың хатшысы Қай­рат Мирашев қысқаша сөз сөйлеп аша келіп, семейліктерді кезекті сайлаудағы зор жеңістерімен қызу құттықтады. Форумда сөз алған «Нұр Отан» ХДП қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Зульфия Жамалетдинова, жастар өкілі, студент Тахира Камалжанова, өңірлік зейнетақы қорының төрайымы Дариға Дайырова және тағы басқалар Елбасының жеңісі барша қазақ­стандықтардың ортақ жеңісі екендігін тілге тиек етті. Фарида БЫҚАЙ – Павлодар облысынан: Облыс орталығында «Нұр Отан» ХДП-дан ұсы­нылған үміткердің жеңісіне мерекелік шаралар болып өтті. Шығармашылық интеллигенция мен жастар ұйымдарының өкілдері, зау­ыт, ірі өндіріс орындарының жұмысшылары, бюджеттік және қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері бар 10 мыңдай адам осы салтанатқа бір кісідей атсалысты. Қайта сайланған ел Президентін қолдау шарасына «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысып, сөз сөйледі. Салтанатты шараның соңы үлкен мерекелік шашуға ұласты. Өмір ЕСҚАЛИ  – Солтүстік Қазақстан облысынан: Солтүстікқазақстандық жастар да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жеңісін жер-жерлерде үлкен белсенділікпен атап өтті. Сондай шерулердің бірін «Жас Отан» жастар қанаты мен Студенттер альянсы облыс орталығында ұйымдастырды. Н.Погодин атындағы орыс драма театры алдына жиналған бес мыңға жуық студент-жастардың үндері жарқын естіліп, транспаранттар көтерген күйі орталық көшелермен жүріп өтті. Сөйтіп, өздерінің Мемлекет басшысына деген берік сенімдерін тағы бір паш етті.