16 Ақпан, 2017

Бұрымды боксшылардың болашағы қандай?

1703 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Былғары қолғабын арқалап бокс залына беттеп бара жатқан әйел затын көріп қазір ешкім таңғалмайды. «Бокс – ерлерге арналған спорт түрі» деген түсініктің қазір архаизмге айналған кезі. Себебі, жаны нәзік болса да, жұдырығы жуандаған қыздар шаршы алаңның шаңын қағып қана қоймай, тартымды өнерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, тіпті, елінің абыройын асқақтатып жүр. Әлемдік үрдістен біздің бұрым­дылар да қалыс қалып жатқан жоқ. Төрткүл дүние алдында Көк туды жел­біретіп тұрған шынашақтай қызға қарап қуанасың да, оған бұл жеңіс­тің қандай қиындықпен келгенін ойла­ғанда, көңілің құлазиды. Мұндай атақ-даңқ­тың да, төгілген тердің де иба­лы қазақ қызының табиғатына жат әрі болашақ ананың денсаулығын тәуе­келге тігуіне тұрмайды дейтіндер де көп. Сонда қай салада болсын ерлер­ден қалыс қалмай, темірді де балқы­тып, көліктің де түр-түрін тізгіндеп жүр­ген қаракөздеріміз үшін бұл спорт түрі біз үрейленетіндей соншалықты қауіпті ме? Жалпы, әйелдер боксы бастауын XVIII ғасырдан алады. Лондонда пайда болған бұл жекпе-жек түрі талай рет сын мен сынақ нысанына ай­нал­са да, бүгінге дейін жетіп қана қой­май, ресми түрде мойындалды. Бри­тан­­дық бойжеткендердің бұл әуесі бір­тін-біртін өзге елдерге «жұғып», ал­ғаш рет 2012 жылы Тұманды Аль­бион­дағы Олимпия ойындарының бағ­­дар­­ламасына енді. Бұл ресми дәре­же бокс­қа деген қыздардың қызы­ғу­шылығын тіпті арттырып жіберген тәрізді. Олимпиада комитетінің өзі әйел­дер боксын төртжылдықтың басты додасының бағдарламасына қосқан соң, оның артық-кем тұсын енді түген­деп отыру артық та шығар. Себебі, оның пайдасы мен зияны таразыдан өткен. Десек те, бұл шешімге спорт жан­күйерлерінің ғана емес, білікті маман­дардың арасында да көңілі тол­май­тындары бар. Кезінде кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болған Марат Мәзімбаев күш қолданылатын спорт түрлеріне нәзік жандылардың баруын құп көрмейтінін айтқан: «Бокс болсын, ауыр атлетика болсын, әйел затына жат сала. Әсіресе, табиғатынан нәзік келетін қазақ қызына. Спортта адам ағзасына орасан күш түседі. Ал әйел адамның алғашқы парызы – өмір­ге бала әкелу. Осы тұрғыдан алғанда спорттың берері көп болмаса керек». Мәзімбаевтың пікірін қолдай­тын­дар аз емес. Бірақ бұл сөздер қыздарға тоқтау болып жатқан жоқ. Өйткені, бұрымды боксшылардың сынайтындарға айтатын өз уәждері бар. Ата-анасының кеңесімен алды­мен күреске барып, сонан соң бапкер­лердің шақыртуымен қолына былғары қолғап киген Ләззат Күнгейбаева денсаулыққа қалай күтім жасауың өзіңе байланысты, дегенді алға тар­тады. «Спорттың денсаулыққа зияны болу-болмауы адамның өзіне ғана бай­ланысты. Бокстағы жарақат ұлдар­да көбірек кездеседі, ол дулығаны шеш­кен­діктен. Ал өзім білетін қыздар ара­сын­да ауыр жарақат туралы естіген жоқ­пын. Негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, аяқта жақсы қимылдасаң, жара­қ­аттан да аман боласың. Боксты өнер дейтіні де сондықтан. Әзірге өз ба­сым бокстың пайдасы болмаса, зия­нын көрген жоқпын», дейді Әлем чемпионы. Жалпы, бокс та ақылдыларға ар­нал­­ған спорт түрі. Мамандар жат­тығу кезінде әрбір қимылыңның нақты­л­ығына математикалық формула секіл­ді көз жеткізіп отыру арқылы соқ­қының күшін және қарсыласың­ның әрекеттерін логикалық түрде болжауды үйрететінін айтады. Бұл – пайдалы тұсы. Дегенмен, дәрігерлер медаль­дің де екі жағы болатынын ұмыт­­пау­ды ескертумен келеді. Оның сал­­дары ағзадағы гормоналды ауыт­қулардың, тиісінше мінездің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Кей боксшы қыз­дар­дың нәзіктікті ұмытып, түр-әл­петі де, киім киісі де ұлдарға ұқ­сап кетуі осыған байланысты көрі­неді. Біз құрамадағы қыздардың ден­сау­лығы қалай бақыланып, олардың мұндай өзгерістерден қаншалықты сақтандырылғанын білу мақсатында республикалық Бокс федерациясы­ның ғылыми-кешенді тобы бойынша үйлестірушісі Ғалия Біләловамен тілдес­тік. Ғалия Нұрбекқызы ұлт­тық құрама сапындағы қыздар тұрақ­ты түрде толық медициналық тексеріс­тен өтіп тұратынын, сондықтан, уайым­дауға еш себеп жоқ екендігін айтып сен­дір­ді. «Көптеген спорт түрі секілді əйел­дер боксына да ресми рұқсат беріл­ген. Бұл шешімге жауапты маман­дар мәселені бүге-шегесіне дейін зерттеп барып келіп отыр. Медицинаның дамуы, рациондық үдерістің жүйеге қойылуы көпшілік ойлайтын қауіп-қатерден сақтайды. Оның үстіне, бокс адам бойында сенімділік, мақсатқа ұмтылу, ерік-жігер, өмірге құштарлық секілді қасиет­терді тәрбиелейді. Медици­на­лық үйлестіруші ретінде бокс­тың залал­сыз спорт болуын қадағалап оты­ра­­мын. Ол үшін тұрақты түрде медици­на­лық тексерістер өткіземіз. Бізде ғылыми-кешенді топ жұмыс істейді. Оның құрамына мықты дәрігерлер, зертханашы, физиолог кіреді. Бәрінің біліктілік дәрежелері бар. Біз спортшыларымыздың тым көп жаттығу жасамауын да есептеп отырамыз. Бұл дегеніміз, ағзаның функ­циялық дамуы дегенді білдіре­ді. Физикалық қана емес, эмоциялық тұрғыда да ауыртпалықтар барын байқасақ, жаттығуды азайтып, тепе-теңдікті сақтауды қолға аламыз. Əлем чемпионаттары мен Олим­пия ойындарындағы аруларымыз­дың көр­сеткіштері бокстың еліміздің бар­­­лық өңірінде қарқынды дамуына серпін берді. Назым Қызайбай не Валя Хальзованы алайықшы, кім олар­ды ауру не ұл секілді деп айтады?! Нəп-нəзік, әрі сондай сұлу бола тұрып ел мерейін асқақтатып жүр», дейді Ғалия Нұрбекқызы. Елімізде әйелдер боксына жол аш­қан­дардың бірі, бүгінде өзі шәкірт тәрбиелеп жүрген Наргүл Әбу­тәліпова­ны сөзге тарттық. Наргүл жұбайы әрі белгілі боксшы Қанат Әбу­тәліпов екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Қа­зақ­тың санын әлі де көбейтуді көздейді. «Біз үйде төрт апалы-сіңліліміз, бәріміз де спортқа, жекпе-жек түр­леріне үйір болып өстік. Сонда «бола­шақ анаға бұл жат спорт, қыз бала секілді жүргендерің дұрыс», деген сөздерді талай рет естідік. Ал қазір бәріміздің отбасымыз, бала-шағамыз бар, әпкелерім төрт баладан өсіріп отыр, менде ғана әзірге екі ұл, сәтін салса, қазақ санын көбейткіміз келеді. Бокспен шұғылдансаң, бұлшық ет, дене қалпың, ойың – бәрі қалыпта болады. Әрине, нені болсын уақытпен, шегімен істесең, жарақаттан да, қиын жағдайлардан да қорғана аласың. Уақ­тылы тамақ, ұйқы, жаттығу қада­ға­ланып отыруы қажет», дейді Наргүл. «Ал сыртқы келбетке келетін зияннан қалай қорғанады?» деген сауалға ол былай деп жауап берді: «Біздің қолғаптармен мұрын бұзбақ түгілі, ауыр жарақат келтіре алмайсың. Әдетте қабақ жарылу мен мұрын сыну баспен соқтығысқанда не шынтақпен ұрғанда болады. Қыздардың соққы­лары да соншалықты ауыр емес. Боксты күш сынасу дегеннен гөрі, ойынға көбі­рек келеді дер едім. Мұнда кім кім­ді алдап өтіп, жылдамдық танытатыны маңызды. Боксқа қарағанда каратэ мен таэквондоның зияны көбірек, өзім үшеуімен де шұғылданған соң айтып тұрмын. Ал болашағынан зор үміт күтті­ретін Назым Ищанованың анасы Свет­лана Ищанова қызының бола­шағы үшін алаңдамайтынын, қайта бокспен шұғылданғалы оның ауру-сырқауды мүлде ұмытқанын айтады. – Бастапқыда қызымның боксқа барып жүргенін білген жоқпын. Назым әкесі екеуі менен мұны жасы­рып жүріпті. Бір күні әкесі шын­дық­ты айтқан соң, қызыммен жақсы­лап сөйлестім. Оның өз-өзіне сенім­ді екен­дігіне және алған бетінен қайтпай­тынына көзім жетті. Ал қарсы болу себебім оның денсаулығына алаң­­дағандықтан емес, басқа сала­ға барғанын қалағандығымнан еді. Спортшыларды білемін ғой, үнемі оқу-жаттығу жиындарын­да жүреді, үйіне анда-санда бірнеше күнге ғана келеді. Ал жарақатқа келсек, мен бұл туралы ойламаймын. Шүкір, осы күнге дейін ауырып дәрі­герге қаралып көрген жоқ. Медици­на­лық кітапшасында бірде-бір жазба жоқ. Бұл осы спорттың арқасы шығар. Оның үстіне, құрама сапында тұрақты тексерістен өтіп, мамандар денсаулығын бақылап отырады. Қазір оның нақты мақсаты бар, ол соған жету үшін тырысып бағуда, – дейді Назымның анасы. Қарап отырсаңыз, қыздар үшін спорттың бокс түрі соншалықты қауіпті емес екен. Оның үстіне, әйел­дер құрамасы болмаса, әлемде атой салып жүрген күрзі жұдырықты жігіт­тері­міз дүниежүзілік додаларға қаты­са алмайды. Бүгінгі бокстың заңы сондай. Дегенмен де, қыз бала­ны алақанға салып әлпештеу қаны­на сіңген қазақы түсініктің бір түк­пі­рінде «осы қалай?» деген қарсы­лық­тың жататыны да рас. Осы тұрғы­дан келгенде, қыздарымызға жанымыз ашиды, әрине. Ал спорттың саясатымен санасар болсақ, қыздар боксының болашағы алда дегенмен амалсыз келісесің... Мәдина АСЫЛБЕК, журналист АСТАНА