16 Ақпан, 2017

«Жақсы кітап өз жарнамасын өзі жасайды»

1191 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
«Кітап оқылмайды!» деп бір, «Бала ертегі тыңдамайды!» деп екі, «Интернет деген бәле болды!» деп үш жылап, байбаламмен өтіп жатқан уақыттың өтеуін кімнен сұрарсың... Сәл қыңқылдап, мазасы кете бастаса аузына емізік қыстырғандай қылып «соткамыз­ ды» ұстата қойып, сүйікті мультфильмін сенің көмегіңсіз-ақ тауып алған балаңа қарап масаттанып: «Қазіргі балалар бәленің бәрін біледі», деп жөнсіз күліп, жантая кеткен қамсыз кейпіңнің обалын қайдан із­ дерсің... Сұхбаттасушымыз «Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғаб­ылова­­ның айтуынша, «балам біліп өссін» деген жанға кітап жеткілікті екен. ...Бүгінгі әңгіме балалар әдебиеті жайында. – Қазіргі кезде уақыт сұранысына сай жаңа қалыпта жазып жүрген ав­тор­лар болғанымен, ел арасында үл­кен атаққа жеткен, салыстырмалы түр­­де халықтық сипат алған балалар әде­биеті өкілдерін атау қиынға тү­се ба­с­тайтындай. Бүгіндері ең көп оқы­ла­тын, сұранысқа ие авторлар деп кімдерді айтар едіңіз? – Біз 2000 жылдан бастап қаншама ав­торлармен жұмыс істедік, қаншама кі­тап шығардық, соның бәрін тізіп шы­ғу­дың қажеті жоқ шығар. Күні кеше дү­ние­ден озған Ескен Елубай және Әдібай Та­былды, Қастек Баянбай, Сұлтан Қа­ли­ұлы, т.б. авторларды бүгінгі күннің сұ­ранысына сай жұмыс істеп жүр деп айта аламын. Оның сыртында көп­ші­лікке аса таныс емес авторлар да бар. Мәселен, бұрындары кітапханада жұ­мыс істеген немесе балабақшада тәр­бие­ші болған кісілер. Олар алдымен ба­ла­лардың психологиясын жақсы біледі. Егер жаза алатын дарыны бар адам болса, мұндай ортадан шыққан авторлар өте сәтті дүниелер бере алады. Айта кетсем, Жақсыгүл Қалжанова, Елена Кругова, Сәуле Байниетова, Тұмар Мөкештегі сияқты көптеген авторлардың кітаптарын шығардық. Мысалы, Тұмар Мөкештегінің кітабын редакциялау оңай болмады әрине, бастысы, оқиғаның заманауилығы мен көтерілген тақырыптың өзектілігі, сондай-ақ баланың түсінігіне сай ке­ле­тін қарапайымдылық бар. Ал қа­ра­пай­ым­дылық – балалар әдебиетіне қой­ы­ла­тын ең басты талаптардың бірі. – Балалар әдебиетінің өзі бір­не­ше сатыдан тұратыны белгілі. Әри­не, ал­ғашқысы балабақшадан бас­та­ла­тын­дығы анық. Авторларға қан­дай талап қоясыздар? – Балалар әдебиеті – ең қиын шы­ғар­машылық дер едім. Ересектерге ар­нап жазу бір басқа, оның өзіндік же­ңілдіктері бар. Ал мұнда сіз дүниеге ал­дымен баланың көзқарасымен қарай алу­ыңыз керек. Баланың тілімен сөйлей бі­лу керек. Бұл – өнер! Сол себепті балаларға арнап жазатын авторлардың аздау болатыны заңды да. Бұл қазіргі таң­да тіпті қиындап кетті деп айтар едім. Себебі, бұрындары мектеп жасына дейінгі балалар әдебиеті, бастауыш мек­теп оқушыларына арналған әдебиет, ор­та мектепке арналған әдебиет деп бөлінетін. Ал қазір оның өзі іштей жіктеліп кетті. Жазушыға қойылатын талап орасан, ол алдымен зерттеп, жазбақ тақырыбын жан-жақты білуі тиіс. Мә­селен, үш жастағы баланың тілдік қо­ры қандай, соны білу керек. Сосын, сол сөздерді аса ұқыптылықпен пайдала­на білуі қажет. Мұндағы айтылатын әр сөз­дің өз орны болады. Сондағы әр сөз­ге әр беріп, мағына жүктеп жазудың қан­ша­лықты жауапкершілік талап ететіні айт­паса да түсінікті. Сондықтан, балалар­мен көп жұ­мыс істеген, соны ұқсатып жа­за ала­тын авторларды табу – біздің ең негізгі мін­­детіміз. – Біздің балаларымыз тілі енді шы­ға бастағанда көп жағдайда бұ­рын­­нан келе жатқан «Аяз ата келіп тұр...» деп бас­талатын тәрбиелік мәні аз­­дау дү­ние­лерді жаттайды. Осы же­ңіл-же­лпі тақпақтарды өзгертетін уа­қыт әл­­деқашан жетті ғой. Сіз ана ре­тін­де ба­­лаларыңызға қандай тақ­пақ ұсы­нар едіңіз? – Бізде «Мерекелік тақпақтар» де­ген кітап шықты. Өзіміз білетін ав­тор­лардың барлығына ұсыныс тасталды. Бізге жолданған шығармалардың іші­нен таңдап-таңдап шығардық. Бұл – тілін сол баяғы «Аяз атамен» сынды­рып жүрген балалардың жаңаша қа­лып­тасуына жол аша алатын жинақ деп ойлаймын. Мәселен, Наурызға бай­ланысты: «Бүгін жаңа күн келді, Бүкіл әлем гүлденді Наурыз тойы – береке, Құтты болсын мереке!» – деген тақ­пақ тәрбиелік мәні жағынан да, тілге жеңілдігі жағынан да «Аяз атадан» әлдеқайда жоғары тұр деп ойлаймын. Мұндай тақпақтар жоқ емес, бар. Соны орнымен пайдалана білсек болғаны. – Кітап десе, таралымның же­тім­сіздігі қосамжарласа жүретіні бар. Ком­­мерциялық ұйым ретінде сіз­дер­де бұл мәселе белгілі бір жолға қой­ылған шы­ғар деп ойлаймын... – Таралым мәселесін көп жағдайда баға шешіп жатады. Мысалы, Қазақ­стан­­да көптеген кітап аз таралым­мен шығады. Содан кейін, оның бағасы қым­баттау болып жатады. «Орыс тілін­дегі кітаптар қазақ тіліндегі кі­тап­тардан неге арзан?» деп сұрап жа­­тады бізден. Ресейден шығатын кі­т­ап­т­ар өз ішінде ғана емес, ТМД кө­л­емінде таралады. Бір шығарғанда 100 мыңдап шығады. Нарықтың заңдылығын білесіз, тауар неғұрлым көп болса, бағасы соншалықты төмен бо­лады. Кітап нарығына шығу үшін, кіт­аптың құнын дұрыс белгілеу керек. Германияда жақсы бір заң бар, баспа өзі шығарған кітаптың ең жоғары бағасын белгілейді. Ешқандай кітап дүкені белгіленген бағадан асырып сата алмайды. Бізде ондай заң жоқ, өкінішке қарай. Баға белгілеуде кітап дүкендері баспаларға бағынбайды. Бастысы, олар бізден сатып алды, ары қарай өзі біледі. Біз оларға мына бағада сатыңдар деп айта алмаймыз. – Бірақ, оларға да тауарының өт­ке­ні керек шығар? – Әрине, дүкендер де нарықтан асып еш­қайда кете алмайды. Өткізу үшін қол­дан келгенді жасайды. Десе де, арнайы ба­қы­лау болмаған соң, орташа баға басқа елдер­мен салыстырғанда әлдеқайда жо­ға­ры болып келеді. Көркем шығармаларға деген сұ­ра­ныстың азаюы да таралымның тө­мен­деуі­не басты себеп. Өйткені, басым көп­шіліктің әлеуметтік деңгейі қымбат кі­тап сатып алуға жете бермейді. Басқа бір проб­лема қысып тұруы мүмкін, кітапқа ақша қимай қалады. Одан кейінгі тағы бір мәселе, көптеген ата-ана балала­ры­на көркем шығарма оқытқаннан гөрі, нақты білімін дамытуды, шет тіл­де­рін игертуді, әртүрлі үйірмелерге бе­руді алдыңғы орынға қояды. Бұл жағ­дай кітаптың оқылуынан да сезіледі. Ай­та­лық, танымдық, энциклопедиялық ба­ғыт­тағы, логикалық сұрақтарға құ­рыл­ған кітаптарға сұраныс жоғары. – Көркем шығармаға сұраныстың төмендігін немен түсіндіруге болады? – Мұның себебі, мектеп бағ­дар­ла­масында оқылатын шы­ғар­малардың өз­гермеуінен. Баяғы авторлар сол қал­­пы тұр, бүгінгі авторлардың жаңа шы­ғар­малары енгізілмеген. Қазіргі ақын-жазушылардың кітаптары 2000 данамен шығады, ол Қазақстанның барлық түк­піріне жете алмайды. Бірен-саран оқырман көруі мүмкін, бірақ бұл таралым жаппай оқылуға өте аздық етеді. Мектеп бағдарламасына енбеген соң, ұстаз­дар да қызығушылық таныта қой­майды. Ал оқушылар мектепте оқы­мағ­ан кітапты кейін де оқи қояды дегенге се­ну қиын. Бұл – әдеби көркем шығармаға мүлде сұра­ныс жоқ деген сөз емес, әрине. Біз кітап­тардың өтімділігіне қарап сараптама жасаймыз, арнайы зерттеулер жүргіземіз. Сондағы байқалатыны – әдеби көркем туындылардың ішінде ертегілер көп оқылады. Халық ауыз әде­биеті. Авторлық ертегілерді де ұсынамыз, бірақ ол халықтық ертегілерге қарағанда төмендеу. Оның себебі де мұғалімдерге тікелей байла­ныс­ты. Алдымен, ұстаз ізденбесе, бас­қа да шығармалардың бар екенін оқу­шы қайдан біледі? Әлбетте, ата-баба­мыз­дан бері келе жатқан ертегілердің жа­­нымызға бір табан жақын болып тұ­ра­­тыны түсінікті, қанымызға сіңген. Де­ген­мен, сол баяғы мұраны ғана қа­на­ғат тұтып отыра беруге болмайды ғой. Сон­дықтан, бала тәрбиесіне мектеп­тен тыс уақытта ата-аналардың күш салуына тура келеді. Біздің мін­де­ті­міз де – осындай сұраныстарды қана­ғат­т­­андыру. – Осы мәселелер бойынша қан­дай да бір авторларға тапсырыс бере­сіз­дер ме? – Біз тек бүгінгі авторлармен ғана емес, бұрыннан келе жатқан қазақ бал­а­лар әдебиетінің алтын қорына енген шы­­ғармаларды шығарумен де айналыса­мыз. Мысалы, бізге керек тақырып бұ­рын жазылған, мойындалған болса, он­да өздерінің (немесе мұрагерлерінің) рұқ­са­тымен қайта басып шығарамыз. Егер он­дай дайын өнімдер болмаса, авторларға тап­сырыс береміз. Бізге ең алдымен кітаптың өтімділігі керек. Біз кітап шығарардан бұрын арнайы зерттейміз, ақылдасамыз. Мектеп бағ­дарламасында бар ма, жоқ па, оған қ­а­ра­­маймыз. Авторлардың да атақ-дәрежесі ма­ңызды емес. Баспаға келіп түскен шы­ғар­малар бірнеше сатыдан тұратын сарап­тамадан өтеді. Жарайды дегендерін ха­лыққа ұсынамыз. Алғаш­қы­сы көп жағдайда 5000 данамен шы­ғады. Таралым одан төмен болса, баға қымбаттайды жаңа айттым. Егер ал­ғашқы шығарылым жақсы өтсе, қай­талап бастырамыз. – Баспагердің ең негізгі ұстанымы қан­дай? – Шығарған кітаптың сөрелерде қа­лып қалмауы. Өтпей қалатын кітаптарды шығармауға тырысамыз. Қателескен кездер де болады, әрине. Бірақ, ол өте сирек жағдай. Кейбір кітаптар болады, бастапқыда жақсы өтеді, сосын тоқтап қалады. Бұны кітаптың сынақтан өтетін уақыты деуге болады. Арада бір жыл немесе одан да көп уақыт тыныштықтан кейін қайтадан сұраныс пайда болады. Өйткені, біреуден біреу «осындай жақсы кітап бар» дегенді естиді. Кітап сау­дасының бір ерекшелігі осы, жақсы кітап өз жарнамасын өзі жасайды. Мұн­дай кітаптың ғұмыры ұзақ болады. Бұрын біз оқыған және осы күнге дейін ескірмей келе жатқан шығармалар сияқты... – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ