Кеше Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің кезекті жалпы отырысы болып, онда бекітілген күн тәртібіне сәйкес бес мәселе қаралды.
2017-2019 жылдарға арналған бюджет туралы заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заң жобасын қарауға күн тәртібі бойынша қорытынды әзірлеу уақыты белгіленуге тиісті еді, алайда, құжатты жүргізуші Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова қорытындының әзір екенін жеткізіп, маңыздылығы жоғары болғандықтан, заң жобасының өзін жедел қарауды ұсынды. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Заң жобасы туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндама жасады. Баяндамаларда ұсынылған өзгерістер мен түзетулер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау және 2016 жылдың қорытындысы бойынша анықталған макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты енгізіліп отырғаны жеткізілді.
Енгізілетін түзетулер бойынша республикалық бюджеттің кірістері бұрынғыдан 553,7 млрд теңгеге артық көрсетіліп, 2017 жылға барлығы 4 891,9 млрд теңге болатыны жоспарланып отыр. Бұған салықтық түсімдер мен мұнай бағасының көтерілуі есебінен қол жеткізілетіні болжанған. Ал бюджет шығыстары 2 615,1 млрд теңгеге артып, 11 176,4 млрд теңгеге жеткізіліп отыр.
Түзетулердің нәтижесінде 2017 жылға арналған нақтыланған бюджеттің параметрлері мынадай болды: түсімдер – 9 628,5 млрд теңге (трансферттерді қоса алғанда), шығыстар – 11 176,4 млрд теңге, бюджет тапшылығы – 1 547,9 млрд теңге немесе 969,8 млрд теңгеге өсіп, ІЖӨ-нің 3,1%-ын құрайды. Жалпы, 2017 жылы мұнай бағасының 1 баррелі 40-60 доллар аралығында болса, экономикамыздың сәл де болса көтерілетіні байқалады.
Баяндамалар аяқталған соң алғашқы сұрақты депутат Қожақан Жабағиев қойды. Ол Үкіметтің 3 ақпанда болған кеңейтілген отырысында бюджет қаражатын игеру ғана емес, тиімді пайдалануды бақылау қажеттігі туралы Елбасының берген тапсырмасы қалай орындалатынын сұрады. Оған Қаржы министрі жауап беріп, бюджеттік үдерістердің әрбір кезеңіне бақылау жасалатынын айтты.
Депутат Нұртай Сабильяновтың сұрағы да осы бақылау мәселесіне арналды. Ол квазимемлекеттік сектордың ішкі және сыртқы займдарына бақылау жүргізу туралы Елбасының берген тапсырмасы қалай орындалатынын сұрады. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Мамин жауап беріп, осы саланы бақылау мен мониторингті күшейту жөніндегі заң жобасын әзірлеу қолға алынғанын жеткізді. Осындай талқылаулардан кейін заң жобасы толықтай мақұлданды.
Күн тәртібі бойынша қаралған басқа құжаттардың арасында кейбір заңнамалық актілерге құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бірінші оқылымда қаралған заң жобасы ұзақ талқыланды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің сөзінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа орай бір мәселеге ерекше назар аударылды.
Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған бұзақыны 48 сағатқа ұстап, артынан ол 15 тәулікке бас бостандығынан айырылатын болған. Одан кейін заңға енгізілген түзетулер бойынша мұндай жаза қолданылмай, бұзақыға айыппұл салу көзделіпті. Оның кесірі бұзақыға ғана емес, отбасылық бюджетке түскен қосымша салмақ ретінде барлық отбасы мүшелерінің де зардап шегуіне соқтырған. Сондықтан осы түзетуді бұрынғысынша, қайтадан әкімшілік құқық бұзушылықтар қатарына енгізу ұсынылады, деді И.Меркель.Сонымен қатар, ол төтенше жағдайлар жарияланған жерлерде құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы жасалатын тәртіпсіздіктер үшін жазаны ауырлату ұсынылатынын жеткізді.
Депутат Айзада Құрманова құқық қорғау қызметкеріне бағынбаған бұзақыға белгіленетін айыппұл бұрынғы 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін, сондай-ақ, билік өкілінің өміріне қауіп келтірмей қол жұмсағаны үшін айыппұл 2000-нан 5000 АЕК-ке дейін көтерілетінін, ал бұл дегеніңіз 11 млн теңгеден артық сома екенін айта келіп, осынша шарықтатуға қандай негіз бар деп сұрады.
Мұндайға И.Меркель өзінің де наразы екенін білдіріп, оны заң жобасына енгізіп отырған ІІМ екенін айтып, жауапты осында отырған министр Қалмұханбет Қасымовтан сұрау керек екенін білдірді. Қ.Қасымов бұл шаралар тәртіпсіздіктерге қарсы жазаны қатайту мақсатымен жасалып отырғанын жеткізді.
Осы арада талқылауға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де араласып, егер осынша айыппұлды бұзақы төлей алмаған болса қандай жаза қолданылады деп сұрады. Оған баяндамашы И.Меркель «Онда жазықты түрмеге қамалады. Әр күні 4 АЕК-ке бағаланып, айыппұлдың сомасы толғанша отыратын болады», деді. Сонда шағын қылмыс үшін адам 3 жылдан артық уақытқа қамалатын болыпты.
Мұндай өрескелдікке Н.Нығматулин өзінің мүлде наразы екенін жеткізіп, осындай шаралармен еліміздегі қылмыс деңгейін төмендетуге болмайтынын айтты. Елбасы шағын және орташа қылмыстардың жазасын жеңілдетуді талап етіп отыр, ал сіздер айыппұлдың көлемін ақылға қонбайтын деңгейге дейін көтермексіздер. Бұзақының 11 млн теңге айыппұл төлей алмайтынын алдын ала біле отырып, осындай қадамға барғандарыңыз орынсыз, дей келіп, Төраға мұндай түзетумен мүлде келісуге болмайтынын кесіп айтты.
Күн тәртібіне сәйкес қаралған құжаттардың бірі экологиялық мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы еді. Бұл өзгерістер экологиялық тазалықты сақтау мақсатымен полигондарда көмуге тыйым салынған қалдықтардың түрлерін, сондай-ақ, осы түрлерді реттейтін нормалардың редакциясын нақтылауға, шахта суын жинақтауыштарға төгу саласындағы коллизияларды жоюға және т.б. бағытталған. Заң жобасы толықтай мақұлданды.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»