16 Ақпан, 2017

Д. Назарбаева: «Азық-түлік өнімдеріне үстемені шектеу қажет»

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Сенатында Дариға Назарбаева бастаған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Д.Назарбаева Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы басым бағыттардың бірі агроөнеркәсіп кешенін дамыту екеніне кездесуге қатысушылардың назарын аударды. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қ.Айтуғанов сенаторларды елдің азық-түлікке сұранысын отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті. Баяндамашы негізгі азық-түлік тауарларымен ішкі нарықты қамтамасыз ету жағдайы 80 пайызды құрайтынын атап өтті. Бұл ретте күріш, қой еті, жұмыртқа, астық, нан, арпамен 100 пайыз қамтамасыз етілуде. Ішкі нарықтағы ет те (құс етінен басқа) импортқа тәуелді емес. Сонымен бірге, отандық өндірістің жекелеген өнімдері ішкі тұтыну барысында әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Ол – құс еті (51,8 пайыз), сары май (68,3 пайыз), ірімшік пен сүзбе (56,5 пайыз), күнбағыс майы (72,9 пайыз), колбаса өнімдері (58,7 пайыз), алма (58,0 пайыз), балық (65,5 пайыз). Комитет төрайымы Д.Назарбаева азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына алаңдаушылық білдірді және «азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін заңды түрде шектеу қажет» екенін атап өтті.