Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге ширек ғасырдан астам уақыт өткен кезде, еріксіз алды-артымызды бағамдап, «не істеп, не қойдық?» деп байырқалауымыз табиғи заңдылық. Шүкіршілік етіп, тапқан табыстарымыз да, «әттеген-ай!» айтқызып, опындыратын тұстарымыз да жоқ емес екен. Сөйтіп, әрі-сәрі болып дағдарып отырған уақытымызда құлағымызға Елбасының мәлімдемесінде айтылған «Қазақстан қысқа мерзім ішінде кемелденіп, қуаты толысқан сақа мемлекетке айналды» деген нақты тұжырым сақ етіп естіле қалды.
Шынында да өзімізге өзіміз риза болмай, шамырқанып отырған уақытта қазақ деп соққан жүрегімізге қуат беріп, марқайтып тастаған бұл сөз 2017 жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауына орай айтылған мәлімдемесінде Елбасымыздың қаламынан шықты. Жазушы ретінде менің өзіме «Сақа мемлекет» деген тіркестің тосын көрінгені өз алдына, саяси ұғымдардың концептісі ретінде де еріксіз назар аудартты.
Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында жас мемлекетіміз бен оның азаматтарының болашағы үшін нақты да айқын платформаға табан тіреген бағалы бағыт-бағдар беріліп отыратынына көңіліміз үйренген. Бажайлап, байырқалай қараған уақытта әр Жолдаудың өзіндік тақырыбы, өзіндік ерекшелігі болатынын аңғарар едіңіз. Олардың әрқайсысында біреуіне басымырақ, енді біреуіне азырақ орын берілсе де, қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатысты ойлар қамтылып келеді.
Биылғы жылғы Жолдауда Президентіміз білім жағына көбірек көңіл бөлгенімен, ғылым турасында арнайы тоқтала қоймаған. Бірақ Жолдаумен жете таныса түскен сайын тәуелсіз мемлекетімізді алға қарай дамытып, жетілдіру үшін ең алдымен ғылымның соңғы табыстарына арқа тіреп отырудың керек екендігіне баса мән берілгендігін байқар едік.
Жолдау бойынша жасаған мәлімдемесінде Президентіміз: «Біз цифрлық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз», деп тұжырымдаса, Жолдаудың өзінде «Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды» деп біздің елдің де осынау ұлы дүрмек көшке ілесуі керектігін меңзейді.
Басымдықтар жөнінде сөз ете бастаған уақытында «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» деп, бірден ғылымның жаңа табыстарына негізделген және соған орай жетілдірілген озық әдіс-тәсілдерді қолдануымыз керектігін қадап айтады. Жолдаудың тағы бір тарауында «...экспортқа бағытталған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын» деген тұжырымды сөзі Президент ойын одан әрі тарқатып, нақты мәселеге орай өрістете түседі.
Қарқынды дамып келе жатқан еліміз үшін жаңадан құрылыс нысандарын тұрғызудың айрықша екендігіне тоқталап келіп: «Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек», деген сөзінің заманауи талаптардан туындап жатқандығы анық.
Ғылымның жеткен жетістіктерін өндірісте қолдану деген сөз ол белгілі бір мөлшерде жұмыс күшінің қысқаруына әкеліп соғатындығы бұрынғы тарихи тәжірибелерден белгілі. Мысал үшін алғанда, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Америка Құрама Штаттарында орын алған ұлы депрессия кезеңі нақ осындай қарқынды дамыған жаңа технологиялардың өндіріске қарқынды енгізілуіне тікелей байланысты болғаны мәлім. Осы Жолдауын Елбасымыз: «Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады», деп ашық айтып отыр. Демек, босаған жұмыс күштерінің далада қалып қоймау жағын қазірден бастап ойластырып, қамдана беру керектігі өзінен өзі көрініп тұр.
Жолдаудың соңына таман айтылатын «Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырамын» деген түйінді сөзде де келешегіміздің негізгі келбетін ғылыми негізде бейнелейтін мағына жатыр деп тануымыз керек.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, өз басым биылғы Жолдау елдің тиянақты түрде дамуына, ең алдымен ғылым мен жаңа технология жетістіктерінің алатын орнына баса мән берілген құжат, ал бұл өз кезегінде ел азаматтарының келешекке оптимистік рухпен қарауына әсер етеді деп таныдым.
Нұрдәулет АҚЫШ,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері, жазушы