Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 25 қаңтардағы Үндеуінің негізгі ұстанымы билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта қарап, қажеттілікке байланысты ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу болатын. Заң жобасын қоғамдық талқылауға бір ай уақыт берілгенін біз білеміз. Ел талқылауына түскен конституциялық реформаның негізгі мақсаты – Қазақстан Президенті өкілеттіктерінің бөлігін паритетті негізде Үкімет пен Парламентке беру. Бұл – заңды құбылыс, ол жайында Президенттің өзі бірнеше рет атап айтқан болатын.
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, Министрлер Кабинетіне, яғни Үкіметке экономика саласында көбірек өкілеттіктер беріледі. Президент айтқандай, бұл мемлекеттің өзінің даму кезегіндегі заман талабының заңдылығы және ол Республикамыздың саяси дамуын жаңа кезеңге шығарады. Елбасы айтқандай, Бес институттық реформаның бірі Үкіметтің бұдан да ашық жұмысын қарастырды. Осылайша, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлеу және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастыру Қазақстанның Үкіметіне берілетін болады.
Егер бұрын Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды тек дайындаған болса, енді өзі дайындап, бекітіп, жүзеге асырады. Бұл жағдайда Үкіметтің ұсыныстарына Президенттің келісімі қажет болады. Осы жерде, сөзсіз атқарушы биліктің рөлі күшейеді, дайындалған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына атқарушы орган Парламенттің алдында жауап беретін болады. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, Үкіметтің өзіне оның құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру мен тарату құқығын иеленіп және олардың басшыларын тағайындау және босату құқығына ие болады.
Сонымен бірге, Үкімет Президенттің келісімімен мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдардың қызметкерлері үшін төлеуді қаржыландырудың бірыңғай жүйесін бекітуге мүмкіндік алады. Үкімет басшысы Президент пен Парламент Мәжілісіне Үкіметтің басты бағыттағы қызметтері мен барлық жауапты шешімдері туралы баяндайтын болады. Біздің ойымызша, Үкімет рөлінің күшейтілуімен жергілікті атқарушы органдардың да маңызы артады. Өйткені, Үкіметтің бағдарламаларын жергілікті деңгейде жүзеге асыратын – дәл сол мемлекеттік органдар.
Атап өтетін жағдай, осының бәрі біріккенде атқарушы биліктің және олардың басшыларының жауапкершілігі күшейіп, маңызды, күнделікті экономикалық даму тапсырмаларын орындауға қажетті өкілеттіктермен қамтылады. Мұндай ауқымды өкілеттіктер Үкіметтің және оның мүшелерінің жауапкершілігін арттырады. Бұл – бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканың дамуына және қалыптасуына бағытталған мемлекеттік саясаттың қисынды жалғасы.
Елбасының Үндеуі жарияланған күннен бастап, ел Конституцияның 26-бабына ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның ерекше назарын аудартты. Оның 1-тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» делінген. Осындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары» деген сөздерді «әрбір» сөзімен ауыстыру ұсынылып отыр. Әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлер айтылуда. Олардың арасында азаматтық белсенділер, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен өнер адамдары бар. Мұны осы өзгерістердің мән-мағынасын заңды тұрғыдан толық түсінбеуден туындап отырған жағдай деп ойлаймыз. Мен заңгер ретінде 26-бапқа енгізуге ұсынылған өзгерістер шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың теңдігін, меншік құқығын қорғауды әділетті қамтамасыз етуге бағытталған, біздің мемлекетіміздің инвестициялық климатын жақсартуды көздейді және дер кезінде жасалып отырған қадам деп пайымдаймын.
Қазақстан Республикасына өзінің мүлкін, немесе қаржысын инвестиция ретінде әкеліп отырған шет ел азаматтары біздің елімізде өздерінің құқықтық жағынан қорғалып отырғанын сезінулері керек емес пе? Республиканың азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабына сәйкес, Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ, соған сәйкес міндеттер де атқарады.
Осы ереже азаматтық заңнамада әрі қарай нақтыланған. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 12-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердiң азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар «жеке тұлғалар» деген ұғымға енгізіліп отырғанын заңгерлер жақсы біледі. Егер осы Кодексте басқаша белгiленбесе, бұл тараудың ережелерi барлық жеке тұлғаларға қолданылады деп көрсетілген. Сондықтан, азаматтығы жоқ адамдар, шет ел азаматтары құқықтық мәртебесі жағынан Қазақстан азаматтарымен тең және бірдей негізде міндеттерге де ие. Осы айтылған ереже Азаматтық кодекстің 3-бабының 7-тармағында жазылған.
Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға құқылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi деп көрсетілген. Біздің ойымызша, өзгерістер осыларды ескере отырып енгізілуде. Бұл Конституцияда осыған дейін бар болған кепілдіктерді нақтылау, ал құқықтық қатынаста ештеңе өзгермейді.
Енді жер мәселесіне қатысты қысқаша тоқтала кетейік. Қазір қолданыстағы заңнамаларға жүгінсек, жер мүлік болып есептеледі. Біздің ойымызша, бұл жерде жоғарыда аталған 26-бапқа байланысты ешқандай сұрақтар туындамауы керек. Егер Азаматтық кодекстің 115-бабына сүйенсек, онда азаматтық құқық объектілерінің түрлері көрсетілген. Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке) заттар, ақша, соның iшiнде шет ел валютасы, қаржы құралдары, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер мен бұйымды дараландырудың өзге де құралдары, мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiктер жатады. Кең мағынада мүлікке аталған объектілердің барлығы жатады.
Мұндай тұғырнама бізде бұрыннан қалыптасқан және заңгерлердің арасында осыған байланысты толық түсіністік бар. Сондықтан, біздің ойымызша, жерге қатысты мәселеге Конституцияның 6-бабы, Жер кодексінің нормалары және белгілі бір санаттағы жеке тұлғаларға жер телімін беруге заңнамалық шектеулері бар басқа да заңдардың нормалары қолданылады. Оған қоса, қазіргі уақытта біздің республикамыздың ешқандай заңнамасында шет елдің азаматтарына жеке меншікке жерді беру көрсетілмеген. Осы уақытқа дейінгі жер бойынша көтерілген мәселелер тек оны жалға беру туралы болды. Сондықтан әркімнің заңды иеленген мүліктік құқығына ережелерді нақтылайтын Конституцияның 26-бабына енгізілетін өзгерістердің толық және заңды негіздемесі бар деп пайымдаймыз.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор
Еркін ДҮСІПОВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор