Су келді! Осы бір сөзді талай адам қайталаған шығар. Және бұл сөздің мән-мағынасын сол адамдардың бәрі терең түсініп, жете ұғынған да шығар дейміз...
Нұрсай ауылының орналасқан жері теп-тегіс дала. Ауылдың шетіне шығып, айдалаға қарасаңыз, көз тоқтататын түк жоқ: сонау алыста аспан көгімен ұштасып, дөңгеленіп жатқан мидай жазықтық. Және ол даланың шеті мен шегі жоқтай көрінеді. Қадалатын бір қарайған болмаған соң көз де талады. Ал осы айдаладағы кез келген тосын ноқат бірден көзге түседі. Ен далада өскен балалар мұндай ноқаттың ненің сұлбасы екенін сол алыстан бірден аңғарады. Өйткені, олар бұл далада не жүретінін, не өсетінін жақсы біледі. Бұл далада өзен, көл, тау, орман деген атымен жоқ. Сонау аудан орталығы Қазталовканың жанындағы Сарыөзен де кепкелі қашан. Тіпті, бұрын осы өзеннің суы арнасына сыймай шалқып ағып, небір көліктерді түбіне батырып алатынына қазір сену де қиын. Бала күнімізде біздер үшін бұл өзеннің түбі жоқтай көрінетін, оның тереңінде апандай көздер барлығы туралы, суға шомылушыларды тартып әкететін осы бұлақ иірімдері жөнінде талай шытырман әңгімелер еститін едік. Құс біткенді иірген балығы қандай еді...
Иә мұндай өзендердің тартылуының сыры адамдардың салғырттық ісінің салдары дейміз ғой. Көршілес елдерден бастау алатын талай өзендердің бағы ашылмай қалды. Солай бола тұрса да, бірақ ел азаматтарының судың таршылығын көрмегені жөн. Судың қадірін ауыл адамдары түгіл жайлы пәтерлерде тұратын тұрғындар да жақсы біледі. Сондықтан қаладағы, яки қырдағы болсын барлық халықты сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл істі қолына алды. Сөйтіп, ауыл адамдары үшін су жетті, яғни «Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында мөлдір су келді. Кәдімгі ауыз су. Оны ауылдықтар қазір бақыт суы дейді. Расында солай. Су – тіршілік көзі.
Бұл сапалы ауыз суға ел халқы, оның ішінде нұрсайлықтар Елбасының қамқорлығы арқасында қол жеткізді. «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары туралы» Мемлекет басшысының 2010 жылғы 1 ақпандағы Жарлығын және 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында ел Үкіметі 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасын бекіткен болатын. Содан бері ел Үкіметі Елбасының тапсырмасы бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жөніндегі «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған және ол республиканың елді мекендерінің барлығын ауыз сумен жабдықтауға бағытталған. Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XIV съезінде: «2017 жылға қарай еліміздің барлық қалаларының 90 пайызы сумен жабдықтаудың орталық жүйесімен қамтылады, 30 мыңнан астам коммуналдық желі қайта жаңартылады», – деп атап көрсеткен болатын.
Бүгінде бұл айтылғандардың бәрі жүзеге асып отыр. Сонау жер түбіндегі Нұрсай ауылына сапалы ауыз су барады дегенге ол елді мекендегі адамдар көп сене қоймайтын. Қазір сенім күшейді. Әр үйге сапалы ауыз су келіп тұр. Осының алдында Қазталов ауданы газбен жабдықталған еді. Барлық үйге көгілдір отын жетіп, жұрт от жағудың, күл шығарудың азабынан құтылды. Бәрінен бұрын енді үйді жылыту мен тамақ дайындаудың оңтайланғаны адамдарға орасан жеңілдік пен шаттық туғызды. Бұл жақтың ауа райы да қолайсыздау: қыста суық, жазда ыстық. Жол қатынасы өз алдына мәселе. Сондайда бұрын қыста отын үшін көмір жеткізу деген алынбас асу болатын. Және алыстан тасылатын көмірдің бағасы удай қымбат еді. Енді, міне, ауылдықтардың еш уайымы жоқ. Көгілдір отын да, су да бар. Аудан әкімі үш қабатты мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, іші-сыртын айнадай етіп жөндеп берді.
Енді көп ұзамай облыс орталығынан басталған тас жол аудан орталығына да жетіп, одан әрі Нұрсай ауылын басып өтпек. Сонда Кеңес заманында бұл жаққа келмеген асфальт жол да төселіп, өркениеттің төріне есік ашылғандай болмақ. Осы өзгерістерді көрген біреу, ауыл мүлде өзгеріпті ғой деп тамсанып қоймапты. Соншама не болды деп сұраса, ол:
Ауылдарыңда балмұздақ та сатылатын болыпты ғой», депті. Сол айтқандай, қазір ауылда су да бар. Енді ауылдың алтындай саф таза ауасы мен аурасы, жанға шипа еті мен қымызы, жаңа өркениетті тұрмысы ешкімді де бейжай қалдыра қоймас.
Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы