17 Ақпан, 2017

Ақпан төңкерісі һәм алаш жұрты

3141 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресейде болған революция ғасырларға созылған патша үкіметінің билігін құлатып, оның орнына буржуазиялық-демократиялық республика орнады. Бұл Ақпан революциясы Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың заңды нәтижесі болды. Сөйтіп, ғасырларға созылған патша үкіметінің отарлық езгісі жойылып, билік Уақытша үкімет қолына көшті. Онымен қатар, жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер үкіметі де іске кірісті. Қазақ даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау үдерісі жүріп, патшаның 25 мау­сым жарлығына қарсы шыққандарды «бүлікшілер» деп түрмеге қамап, өлім жазасына кесіп, қатаң жаза қолданып, ұлттық намысты аяққа таптап, қорлық-зорлықты күшейтіп жатқан кезде патшаның тақтан түсуін «бұратана» атанған халықтар зор қуанышпен қарсы алды. Барлық баспасөз беттерінде бұл қуа­ны­шты хабар жарыса хабарланып жатты. Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары бұл хабарды қара жұмысқа барғандарға қол­дау көрсету ниетімен Минскіде жүрген са­парлары барысында естіді. Минскіден Орынбордағы қырғыз (қазақ) облыстық ко­митетінің төрағасына жіберген жеделхат­та­рында Уақытша үкіметке көмекке ке­ліп, майдандағы қазақтарға азық-түлік даярлауға шаралар қабылдауға шақырса, ал Әлихан, Міржақып, Мұса, Мырзағазы және т.б. «Қазақтар мен жаңарған Ресейдің ерікті азаматтарына» арналған жеделхатта Ресейдің барлық халықтарына еркіндік, теңдік және бауырластық туғандығын қуана хабарлай келе, қазақтарды өзге ұлттармен тығыз байланыста болып, жаңа құрылым мен үкіметті қолдауға шақырды. Алдағы кезеңде Құрылтай жиналысына даярланып, оған лайықты кандидаттарды сайлау қажеттігін және аграрлық мәселені талқылауға алуды үндеді. «Жер мәсе­лесін тез арада талқылаңыздар. Біз­­дің ұранымыз: демократиялық рес­­пуб­ли­каны және жерді одан мал ша­руа­шы­лығы мен егіншілік арқылы табыс ала­­тындарға беру. Құдайдан басқадан қо­рық­па­ңыздар... Әділет жолымен жүріп, жаңа үкі­метті қолдаңыздар. Министрліктің азық-түлік ісі жөніндегі өкілдері мен май­да­н­дағы өзіміздің жұмысшыларға көмек көр­се­туіміз керек. Халықтың пікірін жет­кі­­зіңіздер...» дей келе, алдағы уақытта аса маңызды жалпыресейлік мәселелер, әсі­ре­се, өкімет туралы және мемлекеттік құ­р­ылыс мәселелерін, көшпелі және оты­рық­шы халықтардың мүдделерін есепке ала отырып, аграрлық мәселесін және Құ­рыл­тай жиналысына дайындықтар жүргізу қа­жеттігі баса айтылды. Әлихан бастаған қазақ зиялыларының Минскіден 15 наурызда жіберген келесі бір жеделхаты елдегі М.Тынышпаев, Ж.Тілеулин, А.Тұрлыбаев, Р.Мәрсеков және тағы басқа азаматтарға арналды. Тең­дік, бостандық күнінің туғанымен құт­тықтай және жаңа үкіметке қолдау, қазаққа араздық, өштік, дау-жанжал, талас­ты қойып, ұйымдасып іске кірі­су­ге ша­қырды («Қазақ», 1917, №223). Жаңа үкіметтің құрылғанымен Керен­ский, Милюков және тағы басқа да Уақытша үкіметтің мүшелерін Жетісу қазақтарының атынан ІІ Мемлекеттік Дума депутаты М.Тынышпаев та құттықтау жіберіп, ақпан революциясын үлкен оқиғаға балап, «Осы үлкен оқиға кезінде ескі үкіметтің адасқан, жаман саясатымен қанға боянған қазақ хал­қын ұмытпауларыңды, тұншығуға таян­ған қазақ халқының көздері сіздер жағ­ында. Жазықсыз қамаудағы талай қазақтар жеңілдік, бостандық дәмін айтып тұр. Учредительный собраниеге кісі жі­­­бе­ру­ді беріңіздер» деген еді («Қазақ», 1917, 17 наурыз.). Ұлт зиялылары ақпан революциясына үлкен үміт артты. Жаңа үкіметті қолдай отырып, майдандағы қара жұмысшылар мен олардың отбасыларына қаржылай көмек ұйымдастыру мәселесін көтерді. «Қазақ» газетіне Минскіден Әлихан, Әбубәкір, Ажар, Ғайса, Міржақып, Мыр­за­ғазы қол қойып жіберген жеделхатта қ­ара жұмыстан босатылған сарбаздар мен жұ­мысшылардың үйде қалған бала-шаға­сы­н­ың пайдасына ақша жинауды ұсынды. Жеделхатта «Алаш азаматтарынан біздің тілейтініміз: жаңа үкіметті жақтаушыларға бар күштерімен болысу, бұрынғы тыныш күйді бұзбау, азық-түлік істеріндегі уәкілеттілерді демеу, майданда һәм майдан сыртындағы жұмысшыларға керек май, ет, тары секілді азықтарды жиыстырып, запас жасауға ұйымдасу» қажеттігін баса көрсетті. Ә.Бөкейханов, А.Кенжин, Ж.Сейдалин, М.Дулатов, Н.Құрбанғалиев, М.Боштаев Петроградта өткен мұсылмандар кеңе­сіне қатысып, мұсылмандар ұйымын үйлестіретін орталық мұсылман бюросын құру және Бүкілодақтық мұсылмандар съезін шақыру қажеттігін қолдады. Жаңа үкіметтің орнауына орай Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінде жиналыстар өткі­зіліп, алдағы уақытта қандай іс-шара­лар жүргізу мәселесі нақтыланды, оны жүр­гізетін атқару комитеттері құрыла бас­тады. Елдің алдында бұрыннан өзекті бо­лып табылған үш мәселені – аграрлық, ұлт­тық және республика түріндегі жаңа сая­си жүйені қалыптастыру мәселесі тұрды. Патша үкіметінің билігі құлағаннан кейін Ойыл уезінде өткізілген жиналыста оған қатысушылар жаңа үкі­мет­ке көну, Русия халықтарымен тізе қо­сып, бірігіп, халықты Құрылтай жиналысы­на сайлауларына көндіруді міндеттеріне ал­ды. Үкімет билігін қолына алған Уақытша үкімет қазақ интеллигенция өкілдерін қызметке тартты. Мәселен, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің ұйғарымымен Торғай облыстық комиссары, О.Шкапский мен М.Тынышбаев Жетісу облысының ко­мис­сарлары болып тағайындалды. Бұрын­ғы патшаға қызмет еткен ұлт зиялыла­ры енді жаңа үкімет билік аппаратына араластырылды. Қазақ зиялыларына осындай қызмет ұсына отырып, біріншіден, елдің ішін өз өкілдерімен тыныштандыруға тыр­ысса, екіншіден, Құрылтай жиналы­сына дейін берік билікті нығайтуды көз­­­деді. Дегенмен, Уақытша үкіметтің Қазақстанның барлық аймағын қа­да­ға­лауға мүмкіншілігі болған жоқ, кей­­бір өңірде бұрынғы генерал-гу­бер­на­тор­­лықтардың басқару жүйесі сақталып қал­ды. Мәселен, Уақытша үкімет би­лік­ті қолға алса да, Түркістан генерал-губернато­ры Куропаткин мемлекеттік өзгерістерге қарамастан сәуір айына дейін өлкені басқаруды жалғастыра берді. Ұлт зиялыларының бастауымен жер-жерлерде қазақ және мұсылман коми­тет­тері құрылып, съездер өткізу арқылы алда қол­ға алынатын жұмыстарды талқылай бас­тады. Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Орал, Бөкей Ордасында өт­кен облыстық қазақ съездерінде қазақ қо­ғамында өзекті саналатын мәселелерді жа­л­пыұлттық деңгейге көтеріп, нақты талап-тілектерін ұсынды. Бұл съездердің барлығы да Уақытша үкіметтен үлкен үміт күтіп, сенім артты. Сондықтан, съез­дің басында бұл үкіметті толықтай қол­дай­тындықтарын білдірді. Мәселен, 1917 жылдың 2-8 сәуірі аралығында бол­ған Торғай облыстық съезін ашқан Ахмет Байтұрсынов ұйымдық жағынан бірі­гіп, Уақытша үкіметке қолдау көрсете, тәр­тіп пен тыныштықты сақтай отырып, жа­ңа жүйені құруға шақырса, Семей об­лыстық қазақ съезінде сөз сөйлеген Райымжан Мәрсеков те еркіндікке және құл­дықтан босануға қол жеткізу Ақпан ре­волюциясының арқасында екендігін ба­са айта, ол да қолдау көрсете, алдағы мін­д­ет­­терге қол жеткізуге ұмтылуды маңызды деп санады. Барлық съездерде қаралған бұрыннан келе жатқан қазақтың ең өзекті дін, жер, земство, оқу, сот және тағы басқа мә­се­лелері болса да, ең негізгісі, өзін-өзін бас­қару үшін ұлттық автономияға қол жет­кізу, Құрылтай жиналысына даярлық жа­сау еді. Қазақ зиялылары Уакытша үкі­мет көтерген «Барлық билік Құрылтай жи­налысына берілсін!» ұранын жақтады. Съездер өте салысымен Құрылтай жиналысына даярлық барысы қолға алы­нып, сайлау тәртібі мен әр облыстан оған лайықталған кандидаттардың тізімі «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» және басқа басылымдарға жариялана бастады. Құ­рылтай жиналысына депутат сайлау халық арасында саяси белсенділікті арттыра түсті. Қазақ азаматтары жаңа үкіметтен пат­ша­ның 25 маусымдағы «бұратана» ха­лық­т­ардан қара жұмысқа алу жөніндегі жарлығына қарсы шығып, үкіметтің абақтысында азап шегіп жатқандарды босату және 1916 жылғы көтеріліс кезінде басқа елдерге қашып немесе босып кет­кен­дерді, қара жұмысқа алынғандарды елі­не қайтару мәселесін талап етті. Уақыт­ша үкі­мет қазақ халқының 1916 жылы кө­­­теріліске шығуы өзін-өзі қорғауға қа­тыс­­ты екендігін мойындады және кө­те­рі­лісті басып-жаншыған жазалау экспе­ди­­цияларының әрекеттерін тоқтатып, кө­терілісті ұйымдастырғандарға және бел­сенді қатысқандарға кешірім жасады. Қара жұмысқа алынғандарды қайтару ісіне де қолдау көрсетті. Бұл қазақ халқы үшін ірі жеңіс еді. Е.Омаров, М.Есболов сияқты азаматтар майдандағы қазақ жігіттерін қайтару ісінің басы-қасында болып, адасып кеткен немесе қайта алмай темір жол бойында жүргендердің тізімін жасап, оларды эшелонға отырғызу және жеткізу қамына кірісті. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары 25 маусым жарлығынан кейін Қытайға босып барып, аштыққа ұрынған қазақ-қырғыздарды қайтару мәселесін де қолға алды. Қазақ интеллигенциясының Ақпан төңкерісінен кейін қол жеткізген тағы бір жемісі – «Алаш» партиясы құрылып, Алаш идеясын жүзеге асыруға кірісті. Қазақ елінің өзін-өзі басқара алатын, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құ­­ру­ға, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс ау­даруға шек қоюға ұмтылды. Әлихандай кө­семі бар бұл партия халықтың ұзақ жыл­дар бойы аңсаған арманын орындауға талпынды. «Алаш» партиясының құрылуы бірін­шіден, қазақ қоғамының алға жылжуы­на үлкен серпіліс әкелді, екіншіден, ха­лық­тың жаңа заманға деген сенімін кү­шейтті. Партияның қатары күннен-күнге көбейіп, жалпықазақ съезінің шешімдерін орындауға бет бұрды. Съезде қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары ерекше белсенділік танытты. Ақпан революциясы қоғамда орын алған барлық мәселелерді шеше алған жоқ. Дегенмен, елдің саяси бостандық пен қоғамдық өмірді демократияландыруға деген сенімін арттыра түсті. Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің жандануына жол ашты. Қазақ зиялылары Ақпан төңкерісінен кейін жаңа қоғамдық өз­ге­ріске белсене араласып, өз ұлтының өмі­рін түбегейлі өзгертуге, жақсартуға тал­пынды. «Алаш» партиясы арқылы ұлт­тық бостандыққа жетуде ұлт азаматта­рын біріктіруге, қазақ елінде отардан ада өркениетті қоғам орнатуға ұмтылды. Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы