17 Ақпан, 2017

Сенім пайызы

582 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Естеріңізге салып өтсем артық болмас, ақша бес түрлі қызмет атқарады: құн өлшемі, айналыс құралы, төлем құралы, байлық пен қазына жинақтау құралы және дүниежүзілік ақша. Өкініштісі, біздің экономикамызда теңгеге ақша ретінде екі-ақ қызмет тиесілі болып қалды. Ол – айналыс құралы және төлем құралы... Ұлттық банк пен Үкіметтің ұс­та­ным­дарының әлсіздігінен қазына жи­нақ­тау қызметтерін АҚШ долларына шағып, «шартты есеп бірлігі» деген атау енгізіп, доллардың шашбауын көтеруге жол берілді. Жылжымайтын да, жылжымалы да мүліктерден бастап нан-тұзға дейінгі бүкіл тауар, қызметтердің бағасы «шартты есеп бірлігі» – АҚШ долларымен есептеліп барып, теңгеге айырбас бағамымен аударып бағаланған дәуір болды. Нәтижесінде көпшілік өз табысын жоғалтпай сақтау үшін долларға сенім артуға көшті. Түскен табысын дереу долларға айналдырмаса алаңдап, ойын-күлкіден айрылатын күйге жетті. Міне, бұл теңгенің долларға шаққанда құнсыздануының негізгі себебіне айналады. Оның үстіне қазақстандық банктерде шет ел валютасымен депозит ашуға рұқсат етіліп, салымдарға есеп шарттары бойынша 3 пайыздық өсім кепілдендірілді. Енді мәселеге тереңірек бойлау үшін теңге мен доллар ара салмағын анықтайтын сұраныс пен ұсыныс көлемдерін қарастырып, осыған сәй­кес осы екі валютаға деген сұра­ныс пен ұсыныс көлемін анық­тай­тын фак­торларға тоқталайық. Әуелі «Дол­ларға деген сұранысты жасай­тын­дар кімдер?» деген сұраққа жауап берелік. Ең алдымен, бұл – сырттан тауар әкелетін импорт үлесі. Шет елдегі өндірушілер бізден барған сатып алушыларға өз тауарларын теңгеге сатпасы түсінікті. Ендеше, заңды да, жеке тұлғалар да өз теңгелерін дол­ларға айырбастап барып, шет елге тауар алуға сапар шегеді. Екінші, долларға сұраныс тудыратындар – шет елге оқуға, іссапар, демалыс, емделу, саяхаттау сияқты себеп­термен жол жүретін азаматтар. Үшін­ші топ – бұлар өз болашағын Қазақ­станмен байланыстырмайтын, «жүк үстінде отырғандар». Олар шет елдерден үй-жай, яхта, вилла сатып алу үшін теңгелерін долларға айырбастап, дол­ларға деген үстеме сұраныс туды­рады. Төртінші топ – бұл қара­па­йым көп­шілік. Өзінің теңгемен тапқан-таян­ғаны құнын жоғалтып алады-ау деп алаңдап, теңгенің құнсыздануынан, инфляциядан, девальвациядан әбден жауыр болған халық. Қолына түскен аз ақшасын дереу долларға айырбастап барып сабыр табатындар... Енді долларды ұсынушыларға сипат­тама берелік, Алғашқы доллар ұсынысын құрушылар шет елге тауар сатушы – экспорттаушылар. Олар шет елде доллармен сауда жасап, түскен табысын елде теңгеге айырбастап, дол­ларды өткізіп теңгеге сұраныс туды­­ратындар болып табылады. Не­ғұрлым экспорт көлемі мол болса, соғұрлым теңгенің мәртебесі өсіп, доллар бейтараптанады. Екінші доллар ұсынысын құрайтын топ: шет елден біздің елге оқуға, іссапармен келген­дер, туристер, демалушылар мен емделуге келгендер. Бұлар өздерімен доллар ала келіп, күнделікті қажеттілік­терін өтеу үшін теңгеге айырбастаушы­лар, яғни теңгеге сұра­ныс тудырушылар. Бұл топта, әсіресе, туристердің рөлі ерекше. Кеше ғана доллардың құны 336 теңгеден 328 теңгеге түсуі – Алма­ты­дағы Уни­вер­сиадаға келген 2 мыңнан астам қонақ­тардың әсері. Үшінші топ шет елден біздің елге қоныс аударушы­лар, оралмандар және Қазақстан азаматтығына ие болушылар. Олар да шет ел валютасын елге әкеліп, теңгеге айырбастайды. Теңгенің қадірін оның бағамына үшінші дүркін өзгерту енгізілген 2015 жылдан кейін ғана Ұлттық банк мо­йындай бастады. Долларсыздандыру қажеттілігі жарияланды. Қазақстан банктеріне долларлық депозиттерге берілетін жыл сайынғы сыйақыны 3 пайыздан 2 пайызға шегерді. Ал керісінше, теңгедегі салымдардың жылдық сыйақысы 14 пайызға көтеріл­ді. Алайда, бұл қомақты болып көрінгенімен, 2015 жылғы инфляция деңгейі 13,5 пайыз болғанын ескерсек, мұндай мемлекеттік теңгені қолдау шарасы мардымсыз – теңгелік депо­зит 0,5 пайыз ғана табыс әкелді, ал доллар депозиті 2 пайыз табыс бергенін көреміз. Сайып келгенде, теңгеміздің құн­дылығы – экономикамыздың даму дәре­жесінің, дүние жүзіндегі халық­аралық беделінің көрсеткіші. Экспорт қуатты болса, шет елден туристер ағы­лып келіп жатса, ал халқымыз алаң­­сыз өз табысын теңгемен есептеп, ұтыл­май жиған-тергенінің құнын жоғалт­пай, банкке теңгемен салып, инфля­циядан тыс 3-5 пайыз түсім түсірсе, онда теңгеміздің долларға шақ­қан­дағы құндылығы арта түсері анық. Бұл өз кезегінде еліміздегі макро­­эко­номикалық тұрақтылыққа мұрын­дық болар еді.

Жангелді ШЫМШЫҚОВ,

экономика ғылымдарының кандидаты