Таяуда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш ШӘМШИДИНОВАМЕН кездесіп, аталған білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен тың жобалары туралы әңгімелескен едік.
– Күләш Ноғатайқызы, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру жүйесінің өзгеруі тиістігін айта келіп, ұлтжандылықты дамытуға көңіл бөлу қажеттігін жеткізді. Әлбетте, Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының ағылшын тілін, жаратылыстану ілімін, ІТ технологияны меңгеруі қапысыз екенінен хабардармыз. Ал оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеуде мектептеріңізде қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Жалпы, балалардың тәрбиесіне мән беру керектігі үнемі айтылып келеді. Мектептерімізде ұлтжандылықты дамыту түрлі жобалар мен ұлттық дүниетанымдағы негізгі компоненттерді оқыту процесімен ұштастыру арқылы жүзеге асырылуда. Тәрбие оқу үдерісімен біртұтас және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтары негізінде жүзеге асырылады. Отаншылдық – адамның туған еліне, тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне сүйіспеншілігі, оның болашағына деген жауапкершілігі. Әрине, бұл мектеп қабырғасында қалыптасып, үлкен өмірде жалғасын табатын қасиет. Ұлтымыз үшін «Шаңырақ» ұғымы өте маңызды. Оқушылар арасында халқымыздың қамқорлық, ынтымақтастық, ауызбірлік, көмек қолын созу сынды қастерлі ұғымдарымен оқушылардың өзін өзі тәрбиелеуін «Шаңырақ» қауымдастығы негізінде ұйымдастырдық. Мақсатымыз – қазақстандықтардың біртұтас ел екенін көрсету. Бүгінде 20 Назарбаев Зияткерлік мектебінде 280 «Шаңырақ» қауымдастығы бар. Қазақ тілінде оқитын жоғары сынып және орыс тілінде оқитын төменгі сынып балалары бір «Шаңыраққа» бірігеді. Бірге сабаққа дайындалып, мектептегі шараларға қатысады, жобалар жасап, тіл меңгереді, бауырмалдық қарым-қатынасын қалыптастырып, әлеуметтік белсенділікке, зерттеу дағдыларына үйренеді. Мектепішілік шараларда, интеллектуалды сайыстарда белсенділік танытқан үздік «Шаңырақ» қауымдастығының мүшелері «Туған елге – тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясына қатысады. Аталған экспедиция барысында жас өрендеріміз Жошы хан, Алаша хан, Тоқтамыс және Едіге батырлар жүріп өткен, Елбасы сұхбат беріп, айрықша атап өткен қасиетті Ұлытауда болды. Сауран, Сығанақ қалаларында зерттеу жұмыстарын жүргізді. «Тараз – ғасырлар куәсі» маршруты негізінде ғасырлар бойы сақталған ескерткіштер мен қалашықтарды зерттеді. Жалпы, оқушылар 152 тарихи, географиялық, индустриялық, мәдени нысандармен танысып, тақырыптық зерттеулер жүргізді, 15 нысанда далалық зерттеу жұмыстарын жасады. Міне, осындай мазмұны терең жобалар арқылы ұлтжандылықты оқушылар бойында қалыптастыруға ден қоюдамыз.
– Ұлтжандылық дегеннен шығады, «Қазақты қазақ десе мақтанамын» деп өткен Міржақып, Ахмет, Әлихандар құрған әйгілі Алашорда үкіметіне биыл 100 жыл толады. Елбасы айтқандай, зияткер ұлтты қалыптастыруда Алаш зиялыларының болмысымен, еңбегімен танысу да келешек ұрпақтың ой-санасын ұлтқа бұра түсетіні даусыз. Осы іспетті тарихи даталар білім бағдарламасына енгізіле ме?
– 2012 жылдан бері «Туған елге – тағзым» экспедициясының тұрақты маршруты Семей шаһарына, оның ішінде «Семей – ұлылардың мекені» атауымен Алаш қозғалысы және Алашорда үкіметі қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналып келеді. Оқушыларымыз архивте отырып, жобалар дайындайды, құнды деректерді пайдаланып, эссе жазады. Биыл Семей және Қарағанды қалаларындағы ұстаздарымыз «Алаш» қозғалысы және Алашорда үкіметі: Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орны» деп аталатын 9-10-сынып оқушыларына арналған элективті курс бағдарламасын әзірледі. Мақсат – Алаш зиялыларының қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтерудегі тың идеялары мен бағдарламаларын оқушыларға жеткізу. Бұдан бөлек, «Ақылды бейсенбі» атты ғалымдармен кездесу аясында алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдінің дәрістерін өткіздік. Ағымдағы жылы «Туған елге – тағзым» экспедициясын «Алаш ізімен» тақырыбы аясында ұйымдастыру көзделген.
– Президент биылғы Жолдауда Үкіметке үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бүгінде халық арасында үштілділік жөнінде түсінбеушілік бар екені белгілі. Бұл жоба бойынша өздеріңіз жинаған бай тәжірибемен бөлісе аласыздар ма?
– Халқымыз «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл», деп бағзы заманда айтқан. Себебі Ұлы Жібек жолы бойындағы керуендермен сауда-саттық, сан алуан мәдениет арқылы түрлі халықтардың тілдері де тарап отырғандығы тарихи мәліметтерден белгілі. Сондықтан болар, үштілділік еліміздің білім саласында, мемлекет тарихында да жаңа ұғым емес. Біз іс жүзінде пәндерді үш тілде оқытудан бұрын түрлі зерттеулер жүргіздік. Мысалы, алдымен қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеген лингвист ғалымдар қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мағжан Жұмабаевтың еңбектерін зерделедік. Бүгінде аталған ғалымдардың зерттеулері қазақ тілін оқытудың теориялық және әдістемелік негізі ретінде қолданылады. Ең бастысы, біздің мектептерде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім беру жүйесі мемлекеттік тілімізді сақтап, дамытуға, әлемдік қауымдастыққа орыс және ағылшын тілдері арқылы кірігуге бағытталып отыр. Жалпы, балаларды өзге тілде оқыту үшін олардың тілді меңгеру дәрежесін жетілдіру керек. Сондықтан бірінші, қазақ, орыс, ағылшын тілдері жеке пән ретінде оқытылады, сонымен қатар сыныптан тыс тәрбие жұмысы жүргізіледі. Бір ғана мысал, 2012 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және Президенттің телерадиокешені қазақ тарихына байланысты 100 фильмді оқу процесіне пайдалану үшін бөлісті. Аталған фильмдерді оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға кеңінен қолданамыз. Оқушылар фильмдерді тақырыпқа сай мектептегі телестудияда өңдеп, тарих сабақтарында «Оқиға орнынан репортаж» дайындайды. Бір репортажды дайындау үшін оқушы бүкіл фильмді көріп, түйген ойын мәтін түрінде қағазға түсіріп, кейін 1-2 минуттық бейнесюжет әзірлейді. Бұл репортажды үш тілде түсіреді. Міне, осы арқылы балаға монтаж жасау, мәтін жазу, өз ойын жеткізу секілді бірнеше дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріледі. Бізде «Зияткерлік мектептер оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасы бар, кітаптардың саны анықталған, 60 шығарма – қазақ тілінде, 20-сы – орыс, 20-сы ағылшын тіліндегі туындылар. Елбасы биылғы Жолдауында балалардың бойында сыни тұрғыдан ойлауды қалыптастыру қажеттігін баса айтты. Сыни тұрғыдан ойлау ізденуден басталмай ма? Оқушы ізденеді, материал жинақтайды, талдау жасап үйренеді.
Зияткерлік мектептердің ұстаздары өз тәжірибесімен бөлісу үшін онлайн платформа жасақтады. Бұл платформа форум және жүйелік-әдістемелік кешен ретінде қолданылады.
онымен қатар, мектептердің кітапхана қорларын атап өтуге болады. Қор қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі баспаларды қамтиды. Оқу үдерісінде негізінен түпнұсқа материалдар қолданылады.
– Үштілділікке жалғас мәселенің бірі – қазақ тілінің жағдайы. Қазір бірқатар пәндер қазақ тілінде оқытылады. Егер оқушы орыстілді болса бұл пәндерді игеру қаншалықты мүмкін болмақ?
– Иә, өте орынды сұрақ. Себебі, бұл мәселе қазақ тілін білмейтін балалардың «Қазақстан тарихы», «География», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» сынды бірқатар күрделі пәндердің мазмұнын түсінуімен, жазбаша, қазақ тілінде ауызша тілдік дағдыларын дамытуымен байланысты. Сондықтан біріншіден, оқушының тілдік деңгейін белгілі бір дәрежеге дейін көтереміз. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытқанда ортақ тақырыптар пайдаланамыз. Оқу үрдісінде әдеби мәтіндермен қатар, балаға күнделікті өмірде кездесетін таныс құбылыстарға арналған мәтіндер, газет-журналдар да пайдаланылады. Бұдан бөлек, қазақ тілі мәселесі оқу процесімен шектелмейтінін, тәрбиемен ұштасып жататынын айтқым келеді. Қазақ тілін дамыту және мәдени мұраны сақтауға үлес қосуға бағытталған бірнеше мазмұны терең жобалар бар. Атап айтқанда, 2014-2015 оқу жылынан бастап жүзеге асырыла бастаған «Қазақ әндері», «Қазақ күйлері» жобалары оқушылар арасында қазақ тілінің тілдік ортасын жетілдіру, ұлттық салт-дәстүр мен музыка арқылы патриоттықты дамыту, мәдени құндылықтарымызды сақтауға үлестерін қосуға дайын болуға тәрбилеуді көздейді. Оқушы әннің, күйдің тарихын зерттеу арқылы оқу бағдарламаларында жоқ көптеген мағлұматтармен танысады. Ұлттық музыкамыз бен терең тарихымыздың негізінде тәрбиеленген балаларымызға үлкен үмітпен қараймыз. Сол секілді «Ауылдағы екі апта» әлеуметтік тәжірибесі – ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді танып, ауылдың тұрмыс-тіршілігін білуге бағытталған жоба. Бастапқыда жобаға 7-8-сыныптың 556 оқушысы қатысса, бүгінде 4500-ге жетті. Үйірмелердің де мазмұны ұлттық танымға құрылған. Мысалы, қышпен жұмыс үйірмесінде оқушылар Отырардан арнайы алынған саз балшықтан қыш құмыра, басқа да бұйымдар әзірлейді. Ши тоқу, киіз басу, кілем тоқу, кесте тігу секілді ұлттық қолөнерімізді үйретеміз. Қазақ тілін дамытуға байланысты балалар «Қазақша уикипедия» жобасымен айналысады. 2013 жылдан бастап біздің мектептерден 2000 оқушы Wikipedia-ға ғылым, тарих, мәдениет, дәстүр, сәулет, спорт және басқа салалардан 20340 мақала, оның ішінде 19965-і қазақ тілінде, 300-ін орыс тілінде, 75-ін ағылшын тілінде жазды. 3 оқушымыз Wikipedia тағайындаған «Алтын қалам» марапатының иегері атанды.
– «Абай жолы» эпопеясын бір тоқсан бойы оқытасыздар. Басқа мектептерде жоғары сыныптарда 2 сағат оқитыны белгілі. Жалпы, осы тәжірибенің нәтижесі байқала ма?
– Әрине, қазақ әдебиетінде танымал, көлемді шығармалар көп, бірақ барлығын тереңдетіп оқытуға мүмкіндік бола бермейді. Оқушылар «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы тілдік дағдыларын дамытып, XIX ғасырдағы тарихи оқиғаларды талдайды. Осылайша, қазақ әдебиетіндегі аса құнды романның рухани маңызын түсініп, үш басты коммуникативтік дағды, атап айтқанда, түсіну және жауап беру, талдау және интерпретация, салыстыру және бағалау бағыттарын дамытады. Бұл өз кезегінде оқушыларымыздың кітаптағы мәтінмен жұмыс істеу, сөйлеу мәнерін дамыту, эссе жазуға дағдылануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әдебиет, тарих, география сияқты пәндерді кіріктіре оқыту арқылы қоршаған ортаны тұтастай түсінуге жол ашады. Ең қызығы, математика мен гуманитарлық, өнер пәндерін де кіріктіре оқыту мүмкін екенін көріп отырмыз. Осындай сабақтардан кейін балалардың оқуға, ізденуге деген қызығушылығының артқанының куәсі болдық.
Мемлекеттілігіміздің тарихы терең әрі күрделі. Алар өнеге көп. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған қазақ», деп атап өткен болатын. Тарих, өнер, дәстүр, мәдениет және әсем табиғатымыздың балаларды тәрбиелеудегі әлеуеті зор. Біздер соны пайдалана білсек болғаны. Өскелең ұрпақ біздің мемлекеттің қалыптасу тарихының терең екендігін, Ұлы дала – Еуразия құрлығының аймақтағы айбарлы рөлін, осы кеңістіктегі маңызды оқиғалар тарихын танып, тұлғаларды үлгі етіп өсуі қажет.
Әңгімелескен
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»