Соңғы жылдары «Хабар» агенттігінің ұйытқы болуымен ұлы тұлғалардың өмірін суреттейтін телесериалдар көрерменге жол тартты. Бауыржан Момышұлынан бастау алған хикаялар қатарында Күләш Байсейтова, Нұрғиса Тілендиев сынды біртуар өнер иелері жөнінде фильмдер бар. Бұл жолы агенттік «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың образын ашуды мақсат етіпті. Міне, біраздан бері телеэкранда «Ән-аға» деп аталатын телехикаясы көрсетілуде.
Хикаяны көргендер Шәмшінің тек композиторлық қырын ғана емес, сондай-ақ жүрегінің кеңдігі мен мейірімділігін, қиын кезде жолдас бола білетін, адалдығына куә болады. Сондай-ақ, халық жауының қызымен дос болып, Жазушылар одағынан қуылған ақынның өлеңін әніне пайдалануы, оның ержүректігін, адамгершілігін де айтып тұрғандай. Мұның бәрі жас ұрпаққа оң әсер етіп, ізгі қасиеттерді бойына сіңіруге септігін тигізетіні анық.
Телехикаяны көре отырып, жаңа деректерге қанығамыз. Мәселен, оқиға Шәуілдірде (қазіргі Отырар ауданы) ауылында Шәмші Қалдаяқовтың дүниеге келуінен басталады. Ата-анасы оның атын Жәмшид деп парсы елінің падишаһының құрметіне қойған. Сірә, Қалдаяқ (әкесі) ұлының бір елді басқаратын басшы болмаса да, дара тұлға боларын ырымдаса керек.
Ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», деп Шәмшінің өнеріне таң қалған екен. Шәмші әндерінің шығу тарихы тым-тым тереңде, мұны жұртшылық хикая барысында біліп отырады. Тұңғыш туындыларының бірі «Қайықта» әнін сазгер бала күнгі ғашығы Нәзипаға арнаған. Нәзипамен мектепте бірге оқып, екеуі үнемі қайықта серуендеп жүреді. Шәмші атамыз есейген соң ветеринарлық оқуға түсіп, әрі қарай әскерге кетеді. Ауылға оралғанда Нәзипаның ауырып, қайтыс болғанын естиді. Бала махаббатының көз жұмғанын білгенде ол қайғырып, қызға берген уәдеде тұру мақсатында Ташкенттегі музыкалық училищеге түседі. Композитордың өнер жолы осылай басталады.
Хикаяда тарихи шындық пен драматургия әдемі үйлесімін тауып, режиссер Жасұлан Пошанов актерлердің сезімін, ішкі жан-дүниесін тамаша етіп көрсете білген. Қалың оқырман Жасұлан Пошановты «Хабар» арнасында көрсетілген «Күләш» сериалы арқылы таниды. Демек, режиссер үшін тарихи тұлға туралы фильм түсіру таңсық емес. Ал Нұрбол Мейрамбаев, Дәурен Серғазин, Мейірбек Қауымбаев, Гүлнар Байбосынова, Даир Ақипбаев, Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай, Диана Холловей сынды актерлер фильмнің ажарын аша түскендей. Бала Шәмшінің бейнесіндегі Нұрбол Мейрамбаевтың еңбегі ерекше. Кәсіби білімі жоқ, он үш жасар бала өз міндетін жоғары деңгейде алып шығыпты. Бұл жөнінде «Ән-аға» хикаясының кеңесшісі, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі: «Шәмшінің образы өте жақсы ашылған. Шәмшіні ойнаған кішкентай баладан бастап, Дәурен Серғазинның ойыны, алдағы уақытта көретін Шәмшінің егде шақтағы бейнесін сомдайтын адам, барлығы да жақсы таңдалған. Композитордың 40 жастан кейінгі шағын бейнелейтін Мейірбек Қауымбаев Шәмшіге өте ұқсайды. Оны сол Отырардың өзінен тауып алдық», дейді.
Сценарий авторлары Жайық Сыздықов пен Мұхамед Мамырбековтің еңбегі де бағалауға тұрарлық. Қысқасы, «Ән-аға» туындысы үлкен мен кішіні, жас пен кәріні бір арнаға тоғыстырып, тағылымы мол тәрбие береді. Елді, Отанды сүюге тәрбиелейді, адалдық пен ізгілікке үндейді.
Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ