17 Ақпан, 2017

Иран елшісін қабылдады

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтабу Дамирчилуды қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесуде екіжақты қарым-қатынаспен қатар, парламент­аралық үнқатысуды нығайтудың маңызды мәселелері талқыланды. Мәжіліс Спикері елшіні атал­ған мемлекеттің ұлттық күні – Ис­лам революциясының 38 жыл­ды­ғымен және екі ел арасын­дағы дипломатиялық қарым-қа­ты­настың орнағанына 25 жыл толуымен құттықтады. Мәжі­ліс Спикерінің айтуынша, Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға және Иран Президенті Хасан Руханидің Қазақстанға өткен жылғы ресми сапарлары екі ел байланысының нығаюына айрықша серпін берді. Иран елшісімен халықаралық мәселелерді талқылау барысында Н.Нығматулин Иранмен тату көршілік қатынастарды дамыту біздің еліміздің ең маңызды сыртқы саяси басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер төңірегіндегі белсенді және сындарлы ұстанымына тоқталды. Нақ­тылай кететін болсақ, Елба­сының бастамасымен Қазақ­станның Иран ядролық бағдар­ламасы аясында келіссөз алаңын ұсынуы әңгіме өзегіне айналды. Мәжіліс Спикері, сондай-ақ Қазақстанның бастамасымен Ас­тана қаласында Азық-түлік қауіп­сіздігі жөніндегі ислам ұйы­мының құрылуын қол­дағаны үшін Иран мемлекетіне алғысын білдірді. «Қазақстан Пре­зиденті 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астанада ғылым және технология бойынша ИЫҰ саммитін шақыру туралы бастама көтерді. Біз осы жоғары деңгейдегі маңызды іс-шараға Тегеран белсенді түрде қатысады деп үміттенеміз», деді Н.Нығматулин. Сириядағы жағдай туралы айта келіп, Мәжіліс Төрағасы оның аймақтық проблемалар шеңберіне сыймайтын, әлемдік деңгейдегі күрделі дағдарыстардың бірі екенін айтты. «Қазақстан бұл жанжалды реттеуге бағытталған халықаралық қоғамдастық қабылдаған шараларды қолдайды», деді. Өз кезегінде М.Дамирчилу, Иранның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­аралық және аймақтық мәсе­лелерді шешу жолындағы барлық бастамаларын құптайтындығын жеткізді. Парламентаралық деңгейдегі жұмыс жайын сөз еткенде, Мәжіліс Төрағасы осы сессия соңына дейін Парламенттің алдында маңызды реформаларды заңнамалық қолдау бойынша ауқымды жұмыстар тұрғанын атап көрсетті.Кездесу иелері парламент­аралық тиімді байланыс екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі терең­детуге септігін тигізетініне сенімді.
Соңғы жаңалықтар